Жаңалықтар

Қарағанды полициясы жалған айыппұл SMS-хабарламалары туралы ескертті

Соңғы уақытта тұрғындардың ұялы телефондарына «Жол полициясы департаменті» деген жалған атаумен әкімшілік айыппұлдар туралы күмәнді SMS-хабарламалар жиілеп түсе бастады. Бұл жағдайға байланысты Қарағанды облысының полиция департаменті ресми ескерту жасады.

Сурет облыстық полиция департаментінен

Ведомство мәліметінше, аталған хабарламалар азаматтарды алдау, жеке деректерін заңсыз иемдену және ақша қаражатын жымқыру мақсатында алаяқтар тарапынан таратылуда. Хабарламаларда көбіне белгісіз интернет-сілтемелер беріліп, сол арқылы пайдаланушылардың жеке мәліметтері мен банк картасының деректерін қолға түсіру әрекеттері жасалады.

Полиция тұрғындарды мұндай күмәнді хабарламаларға сенбеуге, белгісіз сілтемелерге өтпеуге және ешбір жағдайда бөгде сайттарға жеке деректер мен банк картасы туралы ақпарат енгізбеуге шақырады.

Әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын тек ресми және қауіпсіз ақпарат көздері арқылы тексеру ұсынылады. Олардың қатарында:

– qamqor.gov.kz

– eGov.kz

– сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің ресми мобильді қосымшалары бар.

Қарағанды облысының полиция департаменті азаматтарды барынша сақ болуға және интернет-алаяқтардың арбауына түспеуге үндейді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button