Жаңалықтар

Қарағанды облысының кәсіпкерлері вице-министрге ұсыныстарын жеткізді

Қарағанды облысында Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев өңірдің бизнес қауымдастығымен кездесті. Облыс әкімдігінің алаңында өткен жиында салықтық әкімшілендіру, мемлекеттік сатып алулар, отандық тауар өндірушілерді қолдау, халықаралық тасымал, құрылыс саласы және агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов атап өткендей, бизнесті қолдау өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. 2026 жылдың басынан бастап өңірде жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимінің мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі — салықтық әкімшілендіру жүйесін жетілдіру болды. Кәсіпкерлер бизнес санаттарын айқындау, жаңа Салық кодексі нормаларын қолдану, есептілікті жеңілдету және салықтық бақылау тәсілдерін қайта қарау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ ақпараттық жүйелердегі хабарламалардың қайталануы да талқыланды.

Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алулар саласында делдалдардың үлесі әлі де жоғары екенін атап өтіп, нақты отандық өндірушілердің қатысуына бақылауды күшейтуді ұсынды.

Кездесуде сондай-ақ қызметкерлерді міндетті сақтандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу, цифрлық платформаларды дамыту және бизнеске арналған мемлекеттік қызметтерді жетілдіру мәселелері де қозғалды.

— Біз үшін тек қолдау шараларын әзірлеу ғана емес, бизнестің нақты сұранысын есту өте маңызды. Бірқатар мәселе заңнамалық деңгейде түзетуді және мемлекеттік органдардың жедел әрекетін талап етеді, — деді Ерлан Сағынаев.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген ұсыныстар салалық мемлекеттік органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп пысықталатын болды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәліметі бойынша

Басқа материалдар

Back to top button