Жаңалықтар

Қарағанды техникалық университетінде Рахат Мұстафин атындағы заманауи аудитория ашылды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Рахат Мұстафин атындағы заманауи аудитория ашылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде геология-геофизика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі маман, «Азимут Геология» ЖШС-нің негізін қалаушы әрі ұзақ жылдар жетекші қызметін атқарған Рахат Мұстафиннің есімі берілген заманауи аудиторияның салтанатты ашылуы өтті.

Бұл тағылымды шара университет пен өндіріс арасындағы тығыз байланыстың, сондай-ақ саланың дамуына еңбек сіңірген тұлғаларға деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Жаңа аудитория университеттің «Пайдалы қазбалар кенорындарын өндіру» кафедрасында ашылды. Аудиторияны күрделі жөндеуден өткізу мен заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету жұмыстарына университеттің стратегиялық серіктесі — «Азимут Геология» ЖШС 10 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Нәтижесінде студенттердің сапалы білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруіне барлық қолайлы жағдай жасалған жаңа білім кеңістігі қалыптасты.

Салтанатты жиынға университет басшылығы, өндіріс саласының өкілдері, ардагер ұстаздар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Сонымен қатар, Рахат Күзенбайұлының жұбайы Күләй Марабқызы, туған-туыстары мен жақындары арнайы келіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

«Пайдалы қазбалар кенорындарын өндіру» кафедрасы үшін атаулы аудиторияның ашылуы — жай ғана оқу кеңістігін жаңарту емес, геология саласының дамуына зор үлес қосқан тұлғаға деген терең құрмет пен тағзымның белгісі», – деп атап өтті кіріспе сөзінде кафедра меңгерушісі Фарида Исатаева.

Өз кезегінде университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Рахат Мустафиннің геология саласын дамытудағы еңбегіне жоғары баға беріп, оның жас мамандар даярлау ісіне ерекше көңіл бөлгенін айтты. Оның бастамасымен «Азимут Геология» компаниясында студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне, кәсіби машықтарын шыңдауына және кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалған. Бұл университет пен өндіріс арасындағы байланысты нығайтқан маңызды қадамдардың бірі болды.

Шара барысында сөз алған «Азимут Геология» ЖШС-нің бас директоры Мұхамедқали Адамбеков, «ОртҚазЖерҚойнауы» өңіраралық департаментінің жетекшісі Нұрлан Мәукұлов және Рахат Күзенбайұлының жақындары оның кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік қасиеттері мен жастарға қамқорлығын ерекше тебіреніспен еске алды.

Кеш аясында Рахат Мұстафиннің өмір жолы мен еңбек жолына арналған естелік бейнефильм көрсетілді. Ал салтанатты сәтте Күләй Марабқызы мен Бекболат Рахышұлы естелік тақтадағы ақ жабынды ашып, университеттің екінші корпусындағы №104 аудиторияға ресми түрде Рахат Мұстафиннің есімі берілді.

Сонымен қатар, жас мамандарды қолдау мақсатында Рахат Мұстафин атындағы арнайы атаулы шәкіртақы тағайындалды. Енді кафедраның ақылы бөлімінде білім алып жатқан, оқу үлгерімі жоғары екі студент осы шәкіртақы иегері атанатын болады.

Жаңа аудиторияның ашылуы – білім мен өндірістің өзара байланысын нығайтатын маңызды бастама ғана емес, сонымен қатар Рахат Мұстафиннің кәсіби мұрасы мен ел дамуына сіңірген еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button