Жаңалықтар

Өндіріс кешенінің құрылысы басталды

Теміртаудағы металлургиялық комбинатта өндірістік қуаттарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Qarmet» компаниясының ірі инвестициялық жобасының бірі – жаңа сортопрокат кешенінің құрылысы белсенді кезеңге өтті. Құрылыс алаңында алғашқы металл тіреудің орнатылуы жаңа өндірістік нысанның нақты қалыптасу үдерісінің басталғанын аңғартады.

Сурет «Qarmet» телеграм парақшасынан

Болашақ сортопрокат цехы кәсіпорынды ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламасының маңызды бөлігі саналады. Жоба технологиялық жаңаруға, өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған. Қазір құрылыс алаңында кешеннің негізгі қаңқасы қалыптаса бастады. Мамандардың айтуынша, жоба іске қосылғаннан кейін компанияның ішкі және сыртқы нарықтағы металл өнімдері сегментіндегі бәсекеге қабілеті арта түспек.

Жаңа өндіріс орны жылына қосымша 540 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда құрылыс саласында кең сұранысқа ие А600 және А1000 маркалы жоғары берікті арматуралар, сондай-ақ, бұрыштық профильдер мен швеллерлер өндіріледі деп жоспарланған. Өнім түрлерінің көбеюі компанияның құрылысқа арналған металл прокаты нарығындағы үлесін ұлғайтуға жол ашады.

Компания өкілдерінің мәліметінше, бұл жоба металлургиялық өндірістің тиімділігін арттыруға және қайта өңдеу бағыттарын дамытуға негізделген стратегиялық бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Жаңа сортопрокат кешені Теміртаудағы комбинатты технологиялық тұрғыда жаңғыртудың негізгі нысандарының біріне айналмақ.

Қазіргі уақытта кәсіпорында бірнеше ауқымды инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар қатар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, №8-9 жаңа кокстық батареялардың құрылысы, ыстық мырыштау және полимерлік жабындар желісін іске қосу, сондай-ақ, заманауи құю-прокаттау кешенін салу жұмыстары жүргізілуде.

Ауқымды жаңғырту бағдарламасы өндіріс көлемін арттырумен қатар, өнім сапасын жақсартуға және технологиялық тұрғыдан сұранысқа ие металл өнімдерін шығаруға бағытталған. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның нарықтағы тұрақтылығын күшейтіп, қазақстандық металлургияның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етпек. Теміртау үшін мұндай жобалардың стратегиялық маңызы зор. Өндірістік қуаттарды жаңарту жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және металлургия саласына қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заманауи технологияларды енгізу өндірістік қауіпсіздік деңгейін көтеруге де оң әсерін тигізеді.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button