Жаңалықтар

Құндылыққа негізделген тәрбие

Шет ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Шет ауданындағы «Фатих Сұлтан» балабақшасында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары негізінде мектепке дейінгі жастағы баланың жан-жақты дамыған тұлғасын қалыптастыру» тақырыбында ауқымды аудандық басқосу өтті. Тағылымды шараға Ақсу-Аюлы, Ақжал, Киікті, Босаға ауылдық кенттеріндегі жекеменшік балабақшалардың басшылары, тәрбиешілері мен шағын орталық педагогтері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Сурет автордан

Негізгі мақсат – «Адал азамат» тұжырымдамасының мазмұнын терең ашып, оны мектепке дейінгі тәрбие жүйесіне енгізудің тиімді жолдарын көрсету, педагогтің тұлғалық рөлін күшейту және ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие моделін насихаттау.

Балабақша ауласындағы «Жасыл алаң – табиғат аясында» атты тақырыптық көрме келген қонақтарды бірден ерекше әсерге бөледі. Ұлттық нақышта тігілген ақ шаңқан киіз үй, мерекелік сәнмен безендірілген баннерлер, қолөнер көрмелері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ауылдардан келген тәрбиешілер түрлі табиғи және тұрмыстық заттардан жасаған қолөнер бұйымдарын, ертегі кейіпкерлерін, ұлттық нақыштағы туындыларын ұсынып, шығармашылық ізденістерін паш етті.

Шара барысында табиғатты қорғау, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру, бала бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру бағытындағы жұмыстар кеңінен көрсетілді. Осы тәрбиешілер бүлдіршіндермен бірге «Әрқашан күн сөнбесін» атты театрландырылған қойылым қойды. Қойылымда Жер-Ана, Күн мен Ай бейнелері арқылы табиғат пен адам арасындағы үйлесім, татулық пен мейірім идеясы көркем жеткізілді.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Жұлдыз Адамқұлова қатысушыларды құттықтап, мектепке дейінгі тәрбие – ұлт болашағының негізі екенін атап өтті.

«Жасыл балабақша» жобасы аясында табиғат құбылыстарын бақылауға арналған метеоалаң макеті таныстырылды. Бұл жоба балалардың қоршаған ортаға қызығушылығын арттырып, экологиялық сауаттылығын дамытуға бағытталған. Балабақша меңгерушісі Гүлшара Ахметова жобаның маңыздылығына тоқталып, оны аудан көлеміндегі барлық мектепке дейінгі ұйымдарға енгізу жөнінде ұсыныс білдірді. Ал макетті дайындауға Ақжал кентіндегі «Сұлтан-3» балабақшасының өкілі Еркін Рахымбеков үлес қосты.

Педагогтер шеберлік сағаттары мен танымдық жұмыстарын ортаға салды. Ақжал кентіндегі «Сұңқар» ересектер тобының тәрбиешісі Жансая Сағадиева «Ормандағы достар» ертегісін сахналап, ертегі терапиясының бала тәрбиесіндегі рөлін көрсетті.

Ұлттық тәрбиеге бағытталған жұмыстар да кеңінен қамтылды. Киікті ауылындағы «Сұлтан-2019» балабақшасының тәрбиешісі Айдана Болатхади «Ұлт құндылығы – ұрпаққа аманат» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани мұрасын бала тәрбиесіне енгізудің маңызын түсіндірді. Ал, осы балабақшаның әдіскері Мейрамкүл Исмағұлова «Этноауыл» ойыны арқылы педагогтермен сергіту сәтін ұйымдастыр­ды. «Фатих Сұлтан» балабақшасының тәрбиешісі Нұргүл Қасымова «Сиқырлы күлте гүл» атты қолөнер жұмысын таныстырып, балалардың ой-өрісін дамытуға арналған әдістерімен бөлісті.

«Босаға» балабақшасының тәрбиеші­лері Айзат Тәттібаева мен Аяулым Шалтай «Ұлттық құндылықтар – біздің байлығымыз» атты дидактикалық ойындар өткізіп, қатысушыларды белсенді жұмысқа тартты. Сонымен қатар, Ақжал кентінің педагогі Гүлсім Рахымбекова «Апамның алтын оймағы» тақырыбында STEM бағытындағы шеберлік алаңын ұйымдастырып, тәрбиешілерге тың әдіс-тәсілдер ұсынды.

Тағылымды жиынның әсерлі сәттерінің бірі – тұсаукесер рәсімі болды. Арнайы шақырылған ақын Дидар Қамиев балабақшада тәрбиеленіп жатқан көпбалалы аналардың балалары Айша мен Расулдың тұсауын кесіп, бүлдіршіндерге лебізін арнады.

Шара соңында ұйымдастырушылар бүгінгі тәрбиенің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, табиғатты сүйетін, елін құрметтейтін, еңбекқор әрі адал ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті.

Ләззат Мейрамқызы
Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button