Жаңалықтар

Өңірде өндірістік жарақаттың 37 дерегі тіркелген

Қарағанды облысында өндірістік қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өңір еліміздегі көмір және металлургия өндірісінің ірі орталықтарының бірі болғандықтан, шахта, зауыт пен кен орындарындағы еңбек қауіпсіздігі ерекше бақылауда тұр. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында өңірде 37 өндірістік жарақат фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға төмен. Ал зардап шеккендер саны 39 адамды құрап, 4,9 пайызға азайған. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Медеу Ахметов атап өтті. 

Сурет ЖИ

Заң бұзған кәсіпорындар тексеріледі

Мамандардың айтуынша, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы, қауіпсіздік техникасының сақталмауы, қызметкерлердің абайсыздығы және жеке қорғаныс құралдарын талапқа сай пайдаланбауы. Өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін департамент бірқатар профилактикалық шараларды қолға алған. Жарақаттану көрсеткіші артқан кәсіпорындар кезектен тыс бақылауға алынады.

Медеу Аринұлының атап өтуінше, 2026 жылдың басынан бері облыстағы төрт кәсіпорында тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 38 заң бұзушылық анықталған. Оның 29-ы еңбек қауіпсіздігіне қатысты болса, қалғаны еңбек қатынастары саласындағы талаптардың бұзылуына байланысты. Әрбір жазатайым оқиғадан кейін арнайы тексеру жүргізіліп, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін жұмыс берушіге міндетті шаралар жоспары беріледі. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандармен түсіндіру жұмыстары өткізіледі.

Кәсіподақтар мен өндірістік кеңестердің рөлі күшейді

Мамандар өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде кәсіподақтардың да үлесі маңызды екенін айтады. Кәсіпорындардағы өндірістік кеңестер еңбек жағдайларын бақылап, заң бұзушылықтарды анықтап, басшылыққа ұсыныстар береді. Олар қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, қызметкерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және еңбек талаптарының сақталуын қадағалайды. Сарапшылардың пікірінше, өндірістік жарақаттануды азайтудың тиімді жолдарының бірі – кәсіби тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу.

Бұл тәсіл кәсіпорындарға апат болғаннан кейін әрекет етуден гөрі, қауіпті алдын ала анықтап, оның алдын алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында жабдықтардың жағдайын бақылау күшейіп, өндірістегі қауіпсіздік деңгейі артады.

Қарағанды облысындағы ірі өндіріс орындары да еңбек қауіпсіздігін арттыру бағытында жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, Qarmet, Қазақмыс корпорациясы және Алтыналмас секілді кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс орындарын жаңартып жатыр. Мұндай жұмыстар еңбек жағдайын жақсартып қана қоймай, қызметкерлер үшін кәсіби тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Еңбекті қорғау мәселелері мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар қатысатын арнайы комиссияларда тұрақты түрде талқыланып келеді. Жыл басынан бері облыстық үшжақты комиссияның 3 отырысы және өңірлік деңгейде 16 отырыс өткізілген. Барлығы 55 мәселе қаралып, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі, өндірістерді жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу мәселелері көтерілген.

Еңбек заңнамасына маңызды өзгерістер енгізілді

Жаңа талапқа сәйкес, жұмыс берушілер еңбек шарттары туралы барлық мәліметті ақпараттық жүйеге енгізуге міндетті. Егер қызметкердің лауазымы, жұмыс режимі, еңбек жағдайы немесе жалақысы туралы ақпарат көрсетілмесе, бұл заң бұзушылық болып саналады. Сонымен қатар, 2026 жылғы маусымнан бастап жазатайым оқиғаларды тергеу тәртібі өзгереді. Бұрын комиссия кінәні жұмыс беруші мен қызметкер арасында пайызбен бөлсе, енді қызметкердің кінәсі 25 пайыздан артық деп танылмайды. Бұл өзгеріс қызметкерлердің құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Соңғы жылдары кейбір жұмыс берушілер еңбек шарттарының орнына азаматтық-құқықтық келісімдерді жиі қолдана бастаған. Мұндай жағдайда қызметкерлер ақылы еңбек демалысы, аурухана парағы және басқа да әлеуметтік кепілдіктерден айырылып қалады. Енді заңнамада еңбек қатынастарының белгілері бар жағдайда азаматтық-құқықтық шарт жасауға шектеу қойылады. Егер адам белгілі бір қызметті тұрақты атқарып, ішкі еңбек тәртібіне бағынып және жалақы алса, онда ол міндетті түрде еңбек шартымен рәсімделуі тиіс.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button