Сала саңлақтарына құрмет
Қарағандыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында сала саңлақтарына төр ұсынылып, лайықты құрмет көрсетілді. «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты шара руханият саласының өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Атап айтсақ, салтанатты шараға мәдениет және өнер қайраткерлері, кітапханашылар, музей қызметкерлері, ардагерлер, жас таланттар мен шығармашылық ұжымдар қатысты.

Бұл кеш – ұлттық руханиятты сақтап, мәдени мұраны ұрпаққа жеткізіп жүрген жандардың еңбегіне көрсетілген шынайы құрметтің белгісі. Өйткені, мәдениет – халықтың тарихи жады, рухани өзегі, елді ұлт ретінде ұйыстыратын құндылықтардың алтын арқауы.
Кеш шымылдығы Тәттімбет атындағы өнер колледжі студенттерінің орындауындағы әйгілі «Сылқылдақ» биімен түрілді. Салтанатты жиынды ашқан «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков мәдениет саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының мәдениет пен руханиятты дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.
– Мәдениет – ұлттың жаны. Ұлттың болмысы мен келешегі оның рухани деңгейімен өлшенеді. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде мәдени бағыттағы көптеген бастама жүзеге асырылуда. Жаңа мәдениет ошақтары салынып, бірқатары күрделі жөндеуден өтті. Соның алтауы Қарағанды облысында жүзеге асты. Бұл – аймақ мәдениетіне көрсетілген үлкен қолдау. Бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтар қоғамның рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосып келеді. Партия алдағы уақытта да мәдениет қызметкерлерін жан-жақты қолдауды жалғастырады, – деді Бекзат Қомарұлы.
Шара барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлына партияның Алғыс хаты табысталды. Бекзат Алтынбеков өңірдегі мәдени саясатты дамытуға қосқан үлесі үшін басқарма басшысына ризашылығын білдірді.
Кеш аясында Арқа мәдениетінің жанашыры, қоғам қайраткері Рымбала Омарбековаға да ерекше құрмет көрсетілді. Өнер мен руханият саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін оған гүл шоқтары табысталып, ақжарма лебіздер айтылды.
– Рымбала Кенжебалақызы – мәдениет саласының бірнеше буынын тәрбиелеген тұлға. Ол кісінің еңбегі – тұтас өңір руханиятының шежіресі, – деді Бекзат Алтынбеков.

Салтанатты кеште мәдениет қайраткері, өлкетанушы, ұстаз Тұңғышбай Мұқанның 80 жас мерейтойына орай құрмет көрсетілді. Ел ішінде «Дала академигі» атанған Тұңғышбай Өміртайұлының саналы ғұмыры өңірдің рухани тарихымен тығыз байланысты. Мерейтой иесіне Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталып, иығына шапан жабылды.
– Тұңғышбай Өміртайұлы – халық театрларын ұйымдастыруға, ұлттық өнерді насихаттауға, өлке тарихын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның еңбектері мен деректі фильмдері – ұлт руханиятының құнды мұрасы. Мұндай азаматтардың өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс, – деді партия филиалының төрағасы.
Өз сөзінде Ғалымжан Өтелбайұлы өңірдегі мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары мәдени инфрақұрылымды жаңғыртуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Айтуынша, мәдениет қызметкерлеріне қосымша төленетін өтемақы кеншілер өлкесінде ғана бар. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі арнайы атап өтіп, өзге өңірлерге үлгі болатын іс екенін айтқан.
– Жақында ғана облыстық тарихи-өлкетану музейі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Бір айдың ішінде музейге былтырғы бір жылдағы келушілер санына жуық адам келді. Бұл халықтың тарих пен мәдениетке деген қызығушылығының артқанын көрсетеді, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол, Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жұмыстарына да тоқталды.
– Былтыр басталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында біз 60 мыңнан астам адамды кітап оқуға тарттық. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі. Кітап оқитын қоғам – ойлайтын қоғам. Сондықтан, бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.
Кеш барысында мәдениет саласының үздіктеріне «AMANAT» партиясының Алғыс хаты мен естелік сыйлығы табысталды. Олардың қатарында Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысов, белгілі әнші, №2 балалар музыкалық мектебінің эстрадалық вокал пәнінің мұғалімі Марат Бекішев, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің директоры Бауыржан Ермұхамбетов, жергілікті композитор Жасұлан Жакенов және мәдениет үйлерінің жетекшілері, кітапханашылар, музей қызметкерлері мен өнер ұжымдарының мамандары бар.
Бұл – аймақ мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген түрлі буын өкілдерінің еңбегі ескерусіз қалмайтынын көрсеткен маңызды сәт болды. Әсіресе, ауылдық мәдениет ошақтарында еңбек етіп жүрген мамандарға көрсетілген құрмет көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламамен үйлесім тауып, кештің көркін аша түсті.
Шара аясында «AMANAT» партиясының қатарына жаңа мүшелер қабылданып, оларға партиялық билеттер табысталды. Партия ардагері Рымбала Омарбекова жаңа мүшелерге сәттілік тілеп, ел мүддесі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
– Партия қатарына өту – үлкен жауапкершілік. Бұл – қоғамға қызмет етуге дайын азаматтың таңдауы. Сіздерге халық игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді ол.
Әсем ән мен ұлттық өнер тоғысқан бұл кеш мәдениетке деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Қарағандыдағы тағылымды шара мәдениет қызметкерлерінің қоғамдағы орны айрықша екенін тағы бір мәрте айқындап берді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



