Жаңалықтар

Қоғамды ізгілендірудің қолайлы тәсілі

Ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып есептелетін тәуелсіз, демократиялық, зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екендігіміздің айқын көрінісі – елімізде медиация институтының заңнамалық тұрғыда бекітілуі. Бұл қадам қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Сурет ЖИ

Медиация дегенде, ең алдымен, дауласушы тараптарды сотқа жеткізбей, өзара келісімге келтіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдағы береке-бірлікті сақтау мәселелеріне басымдылық беріледі. Дауды ушықтырмай, тиімді әрі бейбіт жолмен шешу – өркениетті қоғамның басты белгісінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, медиация – уақыт пен қаражатты үнемдейтін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтай отырып, әділ шешімге келуге мүмкіндік беретін тиімді құрал.

Елімізде медиация институтының құқықтық негізі 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» Заңмен қаланды. Бұл заң медиаторлардың қызметін реттеп қана қоймай, оларды даярлау, кәсіби деңгейін арттыру және медиация рәсімдерін жүргізу тәртібін айқындады. Соның нәтижесінде елімізде медиацияны дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынды.

Медиация ұғымы біз үшін тың болғанымен, оның мазмұны қазақ халқының дәстүрімен біте қайнас­қан. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қағиданы ұстанған халқымыз қашанда кешірім мен мәмілеге басымдық берген. Би-шешендер институты – соның айқын дәлелі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстаныммен әділ төрелік айтқан билер ел бірлігін сақтап, дауларды бітіммен шешудің үлгісін көрсетті. Бүгінгі медиация сол асыл дәстүрдің заманауи жалғасы деуге болады.

Қазіргі таңда кәсіби медиаторлармен қатар, қоғамдық медиа­торлардың да рөлі артып келеді. Олар дау-дамайларды шешіп қана қоймай, қоғамда адамгершілік құндылықтарды насихаттап, жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды қызмет атқарады. Отбасы құндылықтарын дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көршілік қарым-қатынасты нығайту – медиацияның тәрбиелік мәнін айқындайтын негізгі бағыттар.

Медиацияның қолданылу аясы да кеңейіп келеді. Әсіресе, отбасылық медиация ажырасу, алимент өндіру, бала тәрбиесіне қатысты дауларды шешуде тиімділігін көрсетуде. Сонымен қатар, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, қоғамда диалог мәдениетін қалыптастыру бағытында да медиацияның маңызы зор.

Қарағанды қаласында да бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. «Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы аясында «Дау-дамайсыз қоғам: медиация дауларды реттеудің балама тәсілі ретінде» атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жобаны «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігі іске асырып, бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастыруда.

Аталған жоба шеңберінде Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы сотының келісімімен аталған соттың ғимаратындағы медиатордың кеңсесінде кәсіби медиатор тұрақты түрде жұмыс істеп, аудан тұрғындарына медиация институты туралы кеңес береді және заңнама талаптарына сәйкес, тиісті істердің санаттары бойынша, Тараптардың келісімі болған жағдайда, медиативтік келісімдер жасайды. Бұл – медиацияның тиімділігін көрсететін нақты нәтижелердің бірі. Аталған тапсырыс негізінде, кәсіби медиатордың жұмысы тегін атқарылатынын айта кету қажет.

Сонымен бірге, 2026 жылдың соңына дейін мектептерде, қоғамдық орындарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, семинарлар өткізу жоспарланған. Бұл шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жалпы, азаматтық-құқықтық даулардың басым бөлігі медиация арқылы шешілуі мүмкін. Тіпті, кіші және орташа ауырлықтағы қылмыс­тық істерде де тараптардың татуласуына мүмкіндік бар. Әсіресе, жасөспірімдерге қатысты істерде медиацияны қолдану – олардың болашағына оң әсер ететін маңызды қадам.
«Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігі тарапынан тұрақты түрде жүзеге асырылатын медиативтік технологияларды оқыту курстары да үлкен сұранысқа ие. Бұл курстар адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуға, жанжалдарды басқаруға, келіссөз жүргізу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе, басшылар мен ұжыммен жұмыс істейтін мамандар үшін бұл білімнің маңызы зор.

Бүгінгі таңда әлемдік ахуалдың тез өзгеретіндігін, тұрақсыздығын ескерсек, қоғамның ішкі тұтастығы мызғымас берік болғанда ғана болашақты бағамдап, межелеген мақсатқа сеніммен ілгерілеуге болатынына сенімді болуға болады. Демек, елімізде медиация институтын дамыту татулық пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуды көздейді.

Елдің өркендеуі мен дамуына қоғамдағы татулық пен келісімді көздің қарашығындай сақтау арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Ендеше, ұлтымыздың толеранттылығының құпиясы – халқымыздың даналығы, төзімділігі мен сабырлылығын ұстана отырып, ынтымақтастық менталитетін қалыптастыруға атсалысу басты мақсат болуы тиіс.

Света ШАРДАРБЕКОВА,
«Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің басшысы

Басқа материалдар

Back to top button