Әнге адал жүрек
Құдіреті көлдей көңілді толқытып, тасыта алатын осы ән деген қасиетті өнер қазақтың қанына сіңген. Дүбірлеген дүние базарына жоғарыдан қаратып, оның мәнін, сәнін ұқтырған, сөйтіп ойшыл еткен ән деп білеміз. Тәніңді емес, жаныңды жылытар жалын дарыған, «ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей» ұлағатты әңгімесін әнмен жеткізген. Бұл – көкейге тұнған көркем ойды жеткізудің биік дәрежедегі формасы. Осындай жұртты ән айтып тамсандыру, мойындату, ұлттың иммунитетіне ауадай қажет өнерді аманат етіп арқалап жүру оңай ма? Әрине, бұл – әншілік өнер пешенесіне жазылған шын дүлдүлдің ғана қолынан келетін іс. Халқымыз айдарынан жел ескен перзенттерін алақанына салып аялаған, құрметтеген. Өйткені, ән – бір ғана адамның емес, тұтас ұлттың бағына дарыған қастерлі өнер. Әнді көктен түскен от десек, әнші – сол отты сақтаушы, халықтың жүрегін жылытушы.

Асыл тектен дарыған асыл өнерімен «халқына қалаулы, еліне елеулі» болып жүрген әншінің бірі – Құрмаш Ыбышев. 60 жас мерейтойында осындай сөз арнауға, алапасын асыруға әбден лайық өнерпаз деп есептейміз.
Ал, атақ дегеніміз не, оған адам қалай жетпек? Шын талант осы сауалдардың жауабын кезі келгенде түсінсе керек. Мұхтар Мағауинше айтсақ, «Аруақтан аманатын», яғни талантын қадірлеген адам өнерін ізгілік жолына бағыштау керектігін көкейіне түйеді. Сөйтіп, өзінің туған халқына өнерімен қалтқысыз қызмет етеді. Ал, Ел ана өзіне адал еңбек еткен, қадірін түсінген перзентін қалайша қадірлемесін. Уақыты келгенде шын ықыласымен қолпаштап, марапаттап отырады. Атақ пен құрметтің алтын сарайы халықтың жүрегінде.
Құрмаш Ыбышев 50 жасқа толып, кең сарайда халқына есеп берді. Мұндай сәттерде көбінің көңілі өрекпіп, қошеметке масайып, ырғағынан жаңылып жатады. Құрмаш әнші болса, бір демінен жаңылған жоқ. Қиқу мен қошеметтің қақ ортасында ол жүрегінің қуатын тек әннің құдіретін, тұнығын сезінуге жұмсағандай. Өйткені, одан халықтың сұрағаны да сол еді. Кеште Құрмаш Ыбышевті «халқым маған не береді?» деп емес, «мен халқыма не беремін?» дейтін өнерпаздың бірі екенін түсіндім.
Тыңдарман ретіндегі ойым, әннің табиғатын сезінбей, «түпкі дауысын» естімей, тыңдаушының жүрегіне жеткізе алмайсыз. Әннің табиғатын сезіну үшін, «түпкі дауысын» есту үшін ән деп соққан ояу жүрек керек. Құрмаш Ыбышев – жүрегі ояу әнші.
Қазақтың дүлдүл әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемалов мерейлі жасқа толған Құрмаш Ыбышевқа ағалық лебізін білдіріп, өнеріне жоғары бағасын берді.
– Құрмаш бауырым әншілік өнерде өзіндік орны бар азамат. Оған өнер әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған деп ойлаймын. Бұл өнер әркімге бір қона бермейді. Мен танығалы Құрмаш ән айтып келеді. Әнге адал. Кәсіби білімі бар, талғамы биік өнерпаз. Шырқауға әркімнің жүрегі дауалай бермейтін қазақтың классикалық әндерін дәріптеп, өрелі тыңдарманына жеткізіп жүр. Халықтың оған деген ықыласы бөлек. Құрмашты қадірлейді. Бұл – кез келген өнерпаз үшін бақыт. Бүгінде асқаралы 60 жасқа толып отыр. Өнер үшін атқарған еңбегі жемісті деп ойлаймын, – деді Жақсыгелді Кемалов.
Домбыра ұстағандар жай ғана өнерпаз емес. Олар – қазақтың әнін «тағдырым» деп қабылдап, «аманат» деп қастерлеген аяулы қауым. Ел ана оларды сол үшін алақанға салады. Құрмаш Ыбышев қасиетті Ел ананың алақанындағы айдарлы ұл.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



