Үндістан Премьер-министрі үндістандықтарды алтын сатып алмауға шақырды
Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди үндістандықтарды бір жыл бойы үйлену тойларына алтын сатып алмауға және валюталық резервтерді үнемдеу мақсатында импорттық тұтынуды азайтуға шақырды.

Сонымен қатар, Моди бензин мен дизельді тұтынуды қысқартып, қоғамдық көлікті жиі пайдалануға, мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеу форматына қайта оралуға, қажетсіз шетелдік сапарлардан бас тартуға және импорттық тауарларды аз сатып алуға үндеді. Бұдан бөлек, Премьер-министр тағамдық майды тұтынуды төмендетіп, энергия мен жанармайды үнемді пайдалануға шақырды.
Үндістан жыл сайын шамамен 700–800 тонна алтын тұтынады, оның ішінде 430 тоннаға жуығы зергерлік бұйымдарға жұмсалады. Ел алтын импортына толықтай дерлік тәуелді және жыл сайын алтын сатып алуға 40–60 млрд АҚШ долларын жұмсайды. Осылайша, алтын мұнайдан кейін Үндістанның ең ірі импорттық тауарларының біріне айналған.
Егер Модидің үндеуі нәтижесінде алтын сатып алу көлемі азайса, әлемдік нарықта сұраныс шамамен 8–9%-ға төмендеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде алтын бағасының 5–15%-ға дейін арзандауына ықпал етуі ықтимал.
ortalyq.kz



