Жаңалықтар

Елеулі ұлын еске алды

Қарағандының тарихымен тамырлас Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернаты – талай дарынды шәкіртті түлеткен киелі білім ордасы. Осы қарашаңырақтан қанат қаққан азаматтардың қатарында қоғам қайраткері Мәди Бексұлтанов та бар еді. Алайда, тағдыр оны небәрі 42 жасында арамыздан алып кетті. Ардақты азаматты ұмытпай, есімін ұлықтау мақсатында мектептің 1986 жылғы түлектері, яғни, сыныптастары марқұмды еске алу мақсатында мектепішілік турнир өткізді.

Суреттерді түсірген автор

Турнирдің ашылу салтанатына Мәди Қазыбекұлының анасы Валентина Бексұлтанова мен оның алғашқы ұстазы Бақыт Байболатова арнайы қатысып, естелігімен бөлісті. Сонымен қатар, белгілі қоғам қайраткері Есенғазы Иманғалиев пен Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшімов те арнайы келіп, марқұмның азаматтық болмысын, адами қасиеттерін атап өтті. Әрі ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.

– Мәди Қазыбекұлымен алғаш рет 2006 жылы танысқан едім. Әлі күнге дейін есімде. Министрлікке қызметке келісімен, бірден мектепке қоңырау шалды. Телефонды көтерсем, Мәди екен. Өзін осы мектептің түлегі ретінде таныстырды. Әрі мектеп бітіргендеріне 20 жыл екендігін, ұстаздарымен кездескісі келетінін айтты. Бізде түлектермен кездесу дәстүрі бар. Бірден ұстаздардың басын қосып, концерт ретінде кездесу кешін ұйымдастырдық. Сол кезде Мәдидің ерекше жан екенін байқадым. Сөзіне, сөз саптауына қарап-ақ білімді азамат екенін бірден аңғарасың. Мәди марқұм аспанға жұлдыз болып көтерілді де, жай ғана ағып түсті, – деді Есентай Мұқатайұлы.

Мектеп-интернаттың директоры Нұрғазы Өтебаев та сөз алып, осындай іс-шара ұйымдастырып жатқан мектептің 1986 жылғы түлектеріне алғысын білдірді.

– Мәди ағамыз қысқа ғана ғұмырында елге адал қызмет етіп, артында өшпес із қалдырды. Туған мектебін ешқашан жадынан шығармай, үнемі келіп, оқушылармен жүздесіп, оларға қамқорлық танытып жүретін. Өткен аптада мектебіміз айрықша табыстарға қол жеткізді. Егер Мәди ағамыз бүгінгі жетістіктерді көргенде, шексіз қуанары анық еді. Жалпы, мұндай еске алу іс-шараларын әртүрлі форматта ұйымдастыруға болады. Дегенмен, мектеп түлектерінің бастамасымен өткен бұл спорттық сайыс оқушылар үшін үлкен серпін, зор мотивация сыйлады деп есептеймін. Марқұмның есімін ұмытпай, туған мектебіне оралып, игі бастама көтерген азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұрғазы Ғазизұлы.

Турнир ұлдар мен қыздар арасында бөлек ұйымдастырылған. Атап айтқанда, футболдан 8-11 сынып оқушыларының арасында сегіз команда қатысып, олар екі топқа бөлінген. Әрі турнир ережесіне сәйкес әр команда тоғыз ойыншыдан жасақталып, құрамында бір жаттықтырушы мен бір тәрбиешінің болуы міндеттелген. Топтық кезеңде командалар өзара үш ойыннан өткізіп, үздіктерді анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша футболдан І орынды «Blazers» командасы жеңіп алды. Ал «Minus 1» командасы ІІ орынға тұрақтаса, «Qyran» командасы ІІІ орынды қанағат тұтты.

– Топтық кезеңнен өту біз үшін оңай болған жоқ. Қарсыластарымыз әр ойында сауатты тактика құрып, лайықты қарсылық көрсетті. Жартылай финалда «Treble» командасымен кездесіп, негізгі уақытта тең тарқастық. Кездесу пенальти сериясына ұласып, нәтижесінде пенальти сериясында жеңіске жеттік. Ал, финалда «Minus 1» командасымен жолығып, алғашқы таймда есеп тең болды. Екінші таймның соңына таман қарсылас қақпасынан саңылау тауып, жеңіс голын соқтық. Жалпы, мұндай спорттық турнирлер оқушылар үшін аса қажет. Олар сергіп, өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдайды, – деді 10-сынып оқушысы Бауыржан Еркін.

Ал, қыздар арасында волейболдан жарыс 6-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған. Бұл сайыста да тәртіп пен талап дәл сондай. Әр команда құрамында жаттықтырушы мен тәрбиеші болуы шарт. Волейбол бәсекесіне мектептен алты команда қатысып, өзара мықтыны анықтаған. Нәтижесінде, «NetX» командасы қарсылас шақ келтірмей, үздік атанды. ІІ орынды – «Haikyu» командасы иеленсе, ІІІ орынды – «Storm» командасы қанжығалады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button