Жаңалықтар

Қалдықты қайта өңдеудің қайтарымы

Қазақстанда өндіріс­тік қалдықтарды қайта өңдеу және отандық өндірісті дамыту – мемлекеттік саясаттың маңыз­ды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Металлургия және машина жасау факультетінің «Ме­таллургия және жа­ңа материалдар» кафедрасының қауымдас­тырылған профессоры, PhD Сания Аринова жетекшілік ететін ғылыми жоба металлургия­лық қал­дықтарды қай­та өң­деу арқылы отқа тө­зім­ді материалдар өндірісін жолға қоюға ба­ғытталған. Жоба экологиялық жүктемені азай­тып, импортқа тә­уелділікті төмендетуге және өнеркәсіптің ти­імділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда Ғылым күні қарсаңында жоба жетекшісімен сұхбат құрдық.

Сурет Сания Аринованың жеке мұрағатынан

– Қазіргі зерттеу жобаңыздың негізгі мақсаты қандай? Ол қандай мәселелерді шешуге бағытталған?

– Қазіргі ғылыми жобамыздың басты мақсаты – отқа төзімді жаңа материалдар алу. Атап айтқанда, металлургия­лық өндірістен шығатын техногендік қалдықтарды қайта өңдеп, оларды отқа берік материалдардың құрамына енгізу. Бұл тақырып – өте өзекті. Себебі, бүгінде Қазақстанда шамамен 30 млрд тоннаға жуық өндірістік қалдық жиналған. Оның 5-10%-ын металлургиялық қалдықтар құрайды. Жыл сайын бұл көлем шамамен 1 млрд тоннаға көбейеді. Өкінішке қарай, бұл қалдықтардың басым бөлігі қайта өңделмей, үйінділерде жиналып жатыр. Біздің жобаның негізгі діттегені – осы қалдықтарды кәдеге жаратып, жаңа өнім алу. Яғни, қалдықты проблема емес, құнды ресурс ретінде қарастыру.

– Металлургиялық қалдықтардан пешке арналған кірпіш жасау технологиясы қалай жүзеге асады?

– Біз зерттеу нысаны ретінде болат өндірісінен қалған қождарды қолдандық. Бұл материалдарды Қарағандыдағы Пархоменко зауытынан алдық.
Алдымен қождарға толық зерт­ханалық талдау жүргіздік.Химиялық құрамын анықтадық. Тазалау жұ­мыс­тарын жүргіздік. Қажетті рецептураны әзірледік. Нә­тижесінде отқа төзімді кірпіштің тиімді құрамын таптық және оған патент алуға өтінім бердік. Барлық көрсеткіштер мемлекеттік стандарттарға сәйкес келеді.
Бұл кірпіштер пештің ішкі қабатын – футеровканы жасау­ға қолданылады. Футеровка – жоғары температурадан (1300-1600°C) пешті қорғайтын арнайы қабат. Біздің тех­нологияның ерекшелігі – дәс­түрлі шамот кірпішінің құрамындағы материалдың бір бөлігін (шамамен 5%-ға дейін) металлургиялық қалдықтармен алмастыру. Бұл көрсеткіш тәжірибе барысында ең тиімді деңгей ретінде анықталды. Зертханалық сынақтар көрсеткендей, біздің материалдар 1600°C температураға дейін төтеп береді және сапасы жағынан қолданыстағы өнімдерден кем түспейді.

– Қазақстанда металлургиялық қалдықтар мәселесі қаншалықты өзекті?

– Бұл – өте күрделі әрі өзекті мәселе. Ашық деректерге сүйенсек, елде жиналған 30 млрд тонна қалдықтың едәуір бөлігі – металлургия саласына тиесілі. Зауыттарға барғанда бұл қалдықтардың үйіліп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Олардың құрамында көптеген химиялық элементтер бар, сондықтан, қоршаған ортаға зияны да жоғары. Бұл қалдықтарды жою емес, оларды қайта өңдеп, өндіріс­те пайдалану қажет. Себебі, металлургиялық қождардың құрамында пайдалы компоненттер көп. Мысалы, біздің зерттеуде қож құрамындағы темір-силикатты минералдар материалдың қасиеттерін жақсартатыны анықталды. Соның арқасында күйдіру температурасы да төмендейді: әдетте 1400-600°C қажет болса, біз 1350°C-та сапалы өнім аламыз. Бұл – энергия үнемдеу және өндіріс тиімділігін арттыру деген сөз.

– Неліктен Пархоменко зауытының қалдықтарын таңдадыңыздар?

– Бұл зауытпен біздің кафедра бұрыннан тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар студенттерімізді тәжірибеден өткізіп, жұмысқа қабылдап отырады. Зауытқа жиі барып жүргенде қалдықтардың көлемін көріп, осы жобаның идеясы туындады. Сонымен қатар, кәсіпорын да біздің зерттеулерімізге қызығушылық танытып, қолдау көрсетуде. Алдағы уақытта осы зауыттың күлін пайдаланып, құрылыс материалдарының беріктігін арттыруда жаңа жоба жасау жоспарда бар.

– Жобаның экономикалық тиімділігі қандай?

– Бұл жобаның бірнеше маңызды артықшылығы бар.Бірінші, экологиялық мәселені шешеді. Яғни қалдықтарды қайта пайдалануға мүмкіндік. Импортқа тәуелділікті азайтады. Футеровка материалдары көбіне шетелден әкелінеді. Сонымен қатар, өндіріс шығындарын төмендетеді. Біз ұсынған технология ар­қылы отқа төзімді материалдарды жергілікті жағдайда өндіруге болады. Бұл – кәсіпорындар үшін экономикалық жағынан тиімді.

– Ғылым мен өндіріс байланысын күшейту үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Мемлекет тарапынан ғылымға қолдау жеткілікті: гранттар бөлінеді, бағдарламалар бар. Ең бастысы – ғалымдардан бастама қажет.
Біздің жобада өндіріс серіктесі ретінде Пархоменко зауыты үлкен қолдау көрсетуде. Олар бізге тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Әрине, кейбір заманауи құрал-жабдықтардың кемдігі бар. Мұндай жағдайда біз ресейлік әріптестермен жұмыс істеп, қажетті зерттеулерді сол жақта жүргіздік. Дегенмен, қазіргі таңда бұл мәселе де біртіндеп шешімін табуда.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button