Ресми

Жауапкершілік күшейді

Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне көз жүгіртсек, елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам зорлық-зомбылық дерегі тіркеледі. Сарапшылар нақты статистика кем дегенде төрт есе жоғары болуы тиіс деген пікір айтады. Өкініштісі, зардап шегетіндер – сол құқық бұзушының ең жақыны, бірге тұратын отбасы мүшелері.

Осыған орай, 2022 жылғы қыркүйекте ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген болатын.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген мұндай адам дене, психикалық, моральдық зәбірден бөлек қорғансыздық күйге ұшырайтыны анық. Көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы ашық айтылмай, әлеуметтік проблема ретінде қаралмай келді. Себебі, отбасы мүшелері мұндай әрекеттерді көпшіліктің білмегенін қалайды. «Ұят», «Намыс» сияқты моральдық компоненттерді алға тартып, өзінің конституциялық құқығының бұзылуына, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтынын, әркімнің ар-намысы мен абыройының қорғалуына құқығы барын біле тұра, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының орын алуына бұл туралы ашық айтпау арқылы жол береді.

Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 73-бабына сәйкес, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер үшін ескерту немесе 5 тәулікке қамауға алу жазасы көзделген. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – он тәулiкке дейiнгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.

Осыған байланысты, ӘҚБтҚРК-не өзгерістер енгізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. ӘҚБтҚРК-нің аясында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылықтар жасағаны үшін (73-бап, 73-1 бап 73-2 бап, 461-бап, 669-баптың 2-бөлігі, 669-баптың 3-бөлігі) әкімшілік қамаққа алу мерзімі айқындалған (бұл баптардың бәрінен «дейін» деген шектеу алынып тасталып, 5, 10, 15, 20 тәулік қамаққа алу қалдырылды), сондай-ақ қайталанған құқықбұзушылықтар бойынша 25 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу мерзіміне ұзартылды. Бұл заң 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу – әкімшілікқұқықтық сенім әдістерімен жүзеге асады. Алдын алу шаралары ретінде ауыр және аса ауыр қылмыстар деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, отбасындағы құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу факторларына азаматтардың мәдениеті, танымы, құқықтық мәдениеті, өзінің эмоциясын жеңе білу сияқты тұлғалық қасиеттері жатады.

В.МАХАБАЕВА,
Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.

Басқа материалдар

Back to top button