Жаңалықтар

Академиктер қатары толықты

«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің бас директоры, академик, химия ғылымдарының докторы Серғазы ӘДЕКЕНОВ Ұлттық ғылым академиясының Қарағанды бөлімшесінде жаңа академиктер мен корреспондент-мүшелеріне куәлік тапсырды.

– Аса көрнекті қазақ геологі, қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев негізін қалаған Ұлттық академияның қатары толықты. Соңғы жылдары академияда жастарды жұмысқа тартуға басымдық беріліп келеді. Олардың Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуға қосар үлесі мол. Ұлттық ғылым академиясында үміткерлердің баяндамалары тыңдалды. Олар өзінің ғылыми қызметінің нәтижесін, арнайы зерттеулерінің өзектілігін, басымдығын, негізгі жетістіктерін ортаға салды. Өте мұқият іріктеу жүргізіліп, Ұлттық ғылым академиясында өткен сессияда жасырын дауыс беру нәтижесінде 5 жерлесіміз үздіктер қатарынан табылды. Бүгін үш академик пен екі корреспондент мүшесіне куәлік тапсырамыз, – деді Серғазы Мыңжасарұлы. Сонымен, Ұлттық ғылым академиясындағы академик және корреспондент-мүшелікке үміткер 25 бос орынға 125 ізденуші құжат тапсырса, мәреден келгендер арасында 5 бірдей қарағандылықтың бары көңіл қуантады.

ҚР ҰҒА академигі атағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мәжит Шайдаров, Органикалық синтез және көмір химиясы институтының бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының докторы, профессор Серік Фазылов, «Фитохимия» халықаралық ғылымиөндірістік холдингінің стероидты қосылыстар химиясы зертханасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Бораш Төлеуовке берілді.

Ұлттық ғылым академиясына корреспондент-мүше болып медицина ғылымдарының докторы, Қарағанды медицина университетінің профессоры Меруерт Ғазалиева, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті химия факультетінің деканы, химия ғылымдарының докторы, профессор Мейрам Бүркеев сайланды.

Айта кету керек, Ұлттық ғылым академиясы жетекші ғалымдарын, яғни, академиктер мен корреспондент-мүшелерді біріктіретін мемлекеттік ғылыми мекеме. Ғылым академиясы басқарушылық, ғылыми-техникалық, әлеуметтікмәдени және басқа функцияларды жүзеге асырады. Ұлттық ғылым академиясы қызметінің мақсаты мен негізгі бағыттары: ғылыми-зерттеу қызметі; ҚР ғылымының жай-күйін талдау және дамуын болжау; ғылымды дамыту мен ғылыми кадрларды даярлаудың басым бағыттарын айқындау; ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету; ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қалыптастыру және орындалуын үйлестіру; өз құзіреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты, инновациялық және инвестициялық қызметті дамытуға жәрдемдесу. Бұған дейін 2012 жылы, кейін 2017 жылы сайлау өткен еді. Міне, 2020 жылы кезекті сайлау болып отыр.

– Қарағанды ғылыми қауымдастығында қуанышты күн, мерейлі мереке. Біздің ғалымдарымыздың еңбектері Ұлттық ғылым академиясында жоғары бағаланды. Бұл ғылыми жетістік жеке адамның ғана маңдай тері емес, бұл сол ғалым жұмыс істейтін ұжымның да жетістігі, ғылыми жетекшілердің де еңбегі. Студент кезімде 1975 жылы Серғазы Мыңжасарұлы мені лабораториясына шақырды. Содан бері ғылым саласында жұмыс істеп келе жатырмын. Сонымен бірге бұл дәрежеге жетуіме үлес қосқан академик Мұрат Жұрыновты айтқым келеді, – деді академик атанған Серік Фазылов.

ҰҒА Орталық Қазақстан бөлімшесінде бұрын 5 академик, 7 корреспондент-мүше болса соңғы жылдары олардың саны артқан. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button