Бар жауапкершілік – өзімізде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте жұртшылықты толғандырған мәселелер туралы ашық айтып, оларды шешу бойынша Үкіметке, әкімдерге тапсырма берді. Бірқатар лауазым иелеріне сөгіс жариялап, ескерту де жасады. Әрине, мұның барлығы халық қамы үшін, аты жаман дертті ауыздықтау үшін жасалып отырған шаруа.
Президент емдеу шараларын күшейтуді тапсырды. «Пандемияның екінші толқынын ескере отырып, шілденің соңына дейін жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған төсек орындарын 50 пайызға арттыруды тапсырамын. Бұл үшін өңірлер барлық резервті, соның ішінде, жеке және ведомстволық медицина орталықтарын пайдалануы керек. Үкіметке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын», – деді Президент. Қазіргі таңда аурухана-емханаларда орын жетпей жатқаны рас. Ал, төсек орындарының санын қосымша көздерді пайдалану арқылы көбейтер болсақ, көптеген адамды аман алып қалуға мүмкіндік туар еді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыру, азық-түлікпен қамту, жұмыссыздықты жою, цифрлық технологияны дамытуға баса назар аударды. Мұның барлығы қазіргі таңда халыққа ауадай қажет болып тұрған қолдаулар екені сөзсіз. Қоғам міндеті – Президент айтқан тапсырмаларды дер кезінде және мұқият орындау. Сонда ғана біз мына індетті жеңе аламыз.
Саматбек ҚАЛЫБЕКОВ,
Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі.