Варикозды елемеген өкінеді

Аяқ қан тамырларының кеңеюуі, «варикоз» – ұзақ уақыт бойы жүретін созылмалы ауру. Әсіресе, әйел адамдарда пайда болатын бұл ауру аяқтың сүйкімін алатыны рас. Олай болса, одан сақтанудың, пайда болған жағдайда онымен күресу жолдарын білген артық болмас. Маман кеңес береді.

Аяқ тамырларының клапаны әлсіреп, тамыры кеңейіп кетуі сізде «варикоз» деген сөз. Енді оның пайда болу себептері мен белгілері, емдеу тәсілдері қандай? Бұл туралы қаладағы №4 емхананың консультациялық-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Георгий Шутко айтып берді.

– Ауру тамырдың қызаруы, олардағы қан мөлшерінің көбеюі, пигментацияның бұзылуы, түрлі түйіндердің пайда болуы сияқты белгілерден білінеді. Оның пайда болу себептері бірнешеу. Кейде ауру ешқандай да айқын себептерсіз шығады. Бұл жағдай әдетте генетикамен байланысты. Яғни, отбасындағы жақын туыстарда болса, тұқым қуалауы мүмкін. Екіншісі, жүкті әйелдерде жиі кездеседі. Себебі, аяқтарына артық салмақ түседі. Гормональдық жағдай да варикоздың себебіне айналады. Оның ішінде, гормональдық препараттарды оңды-солды ішу жағдайды асқындырады. Төртіншіден, қан-тамырларының паталогиясында, аяқтың жиі сынуы кезінде ауру байқалуы мүмкін, – дейді дәрігер.

Варикоз сипатына қарай кезеңдер бойынша жіктеледі. Оның әрқайсына бөлек диагноз қойылады. Белгілері де бөлек болады, сәйкесінше, емдеу әдісі таңдалады.

– Бірінші кезеңде аяқ тамырлары айтарлықтай байқалмайды, сәл ғана қызарады. Дерт екінші кезеңге өткенде тамыр терінің бетіне шығып, көрініп тұрады, саусақпен басса, сезіледі. Түйіндер пайда болуы мүмкін және тамыр маңайы қара қошқылданады. Үшінші кезеңде варикозды тамырлар арта түседі. Тері құрғап, бозғылт тартады, ісінеді. Төртінші, ең қиын кезең, аяқтың тері астындағы тамырларының қабыну процестері, трофикалық жаралар. Оларды емдеу қиын. Бұл уақытта инфекция мен тромбофлебит аурулары қосылады, – дейді Г.Шутко.

Зақымдалған тамыр ультра дыбыстық дуплексті және триплексті сканерлеу арқылы зерттеледі. Емдеу шараларына келсек, алғашқы кезеңдерде серпімді шұлықтар кию жеткілікті. Ал, асқынған жағдайда хирургиялық емдеуге тура келеді. Атап айтқанда, кішкентай тамырлы «жұлдызшаларды» алып тастау үшін склеротерапия, үлкен тамырларға флебэктомия қолданылады. Сонымен қатар, лазерлік коагуляция, радиожиілік абляциясы үлкен тамырларды дәнекерлеуге көмектеседі. Маман инфекция мен тромбофлебит пайда болған жағдайда ауруханаға жатып, кешенді ем алуға кеңес береді. Маман ауруды асқындыратын бірнеше факторды атады.

– Гормональды бұзылулар қанның ұюын арттырады, аяқтардағы тамырлардың икемділігін төмендетеді. Артық салмақ, жүктілік немесе ауыр заттарды көтеру аяққа жүктемені арттырады. Сонымен бірге, аз қимыл-қозғалыс та аяқтағы тамырлардың кеңеюіне әкелуі мүмкін. Аяқты қысатын аяқ киім кимеген жөн. Әрине, күнделікті қарбаласпен уақыт бола қоймайтыны рас. Дегенмен де, бір сәт аяқтарыңызды созып, демалдырып алған дұрыс, – дейді дәрігер.

Жансая ОМАРБЕК.