Құқығын білген қор болмас
Бір ғана мәселе бойынша тұтынушылардан оннан астам шағым түсетін болса, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті сотқа шағым бере алады. Мәселен, жыл басынан бері аталған мекемеге тұтынушылар 3 мыңнан аса өтініш білдірсе, оның мыңға жуығы телефон арқылы келіп түскен. Одан бөлек, өтініш білдірушілердің қолайлылығы үшін мобильді қосымша да қарастырылған. Бір де бір өтініш назардан тыс қалмайтынын айтады аталмыш мекеме басшысы Әлия КУЛАГИНА. Тұтынушылар тарапынан түскен шағымдарда көрсетілген жалпы сома – 46 млн. теңгеден асса, департаменттің араласуымен қайтарылғаны – 34 млн. теңге шамасында. Бұл туралы департаменттің 2021 жылғы атқарған жұмыс қорытындысы туралы өткен брифингте мәлім болды.
“2021 жылдың қорытындысы бойынша тұтынушылардан келіп түскен өтініштердің дені тұрмыстық қызметтерге қатысты”, – дейді облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Әсел Сахариева. Олардың ішінен ерекшелеп айтуға болатыны – косметологиялық қызметтер. Олардың жұмыс сызбасы да талайға белгілі. Мәселен, алдын ала телефон номерін біліп алып, қоңырау шалады да, түрлі косметологиялық қызметтер ұсынып, адамның іші-бауырына кіре түседі. Оның үстіне, алғашқы процедуралары мүлдем тегін. Қай әйел сұлу болуды қаламайды?! Қалтаңнан көк тиын шығармастан, бет-әлпетіңді түзетіп береміз деп жатса, неге келіспеске? Сөйтіп, орыстарша айтқанда «тегін ірімшік тышқанға құрған қақпанда ғана болады» демекші, алаяқтың құрығына ілініп қалғанын өзі де біле алмай қалады. Бұйдаланған тайлақтай айтқан жерлеріне өз аяқтарымен барып, мойындарына қомақты сомаға несие арқалап шыға келгенін білмей қалады. Ар жағы белгілі. Сұлулық салоны не телефонын көтермейді, не уәде еткен процедураларын әне, міне деп, кейінге шегеріп, арты сиырқұйымшақтанып қала береді.
Әсел САХАРИЕВА, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы:
– Косметологиялық қызмет ұсынамын деушілердің алдағанына еріп, опық жеп қалғандардың дені зейнеткерлер. Оларға әуелде несие емес, бөліп төлеуге болады деп түсіндірген. Нәтижесінде несие рәсімделген. Оның үстіне қызмет ұсынушыларға коронавирус инфекциясына байланысты елімізде болған жағдай тіпті қол болды. Қызмет түрлері ұсынылмағандықтан, тұрғындар жаппай шағымдана бастады. Ал, несие төлеу мерзімін ешкім жоққа шығарған жоқ.
Әсел Болатханқызы осындай алаяқтыққа ұшыраған әйелдер сиқырға арбалғандай болғандықтарын айтып, шағымданғандарын айтады. Нәтижесінде, тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті құқық қорғау органдарына шағымданып, қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ, тұрмыстық қызмет саласындағы жиһаз дайындау ісінде де алаяқтық жиі кездесетінін айтады Әсел Сахариева. Пандемия кезінде кәсіпкер тапсырысты молынан қабылдап, нәтижесінде тапсырысты орындаудан бас тартқан. Сондағы сылтауы – тапсырыс өте көп. Қарызының үстіне қарыз жамаған кәсіпкердің тұтынушылар алдындағы қарызы 4 млн. теңгеден асқан. Осылайша, Саран қаласының тұрғындарынан тапсырыс қабылдап, ақшаларын жымқырғаннан кейін, басқа қалаға ауысқан. Осылайша, облыстық әр қаласына ауысып, жалған тапсырыс қабылдап, қалтасын қалыңдатамын деген жиһаз жасаушының үстінен де қылмыстық іс қозғалған. Осы орайда департамент мамандары онлайн тапсырыс беру барысында жеке кәсіпкердің сайтына кіріп, болмаса, ол туралы интернетте жазылған пікірлерді мұқият оқып алу керек дейді. Одан бөлек, кез-келген қызмет түріне тапсырыс берер алдында келісім-шартқа отыру керектігін де ескертеді.
Сондай-ақ, мамандар заңды білгеннің зардап шекпейтінін айтады. Мәселен, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңда келтірілетін қайтаруға және ауыстыруға болмайтын заттарды қоспағанда кәсіпкер кез-келген тауарды белгіленген уақытта қайтаруға болмаса ауыстыруға міндетті. Бірақ, белгілі бір талаптар сақталған жағдайда ғана.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңды кез-келгеніміз білуге міндеттіміз. Себебі, тұтынушылар заңды білмегендіктен, құқықтары бұзылады, – дейді Әсел Болатханқызы.
Салтанат ІЛИЯШ.