Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Әлемдегі ахуал әлеуетті әлсіретпеуі тиіс

Қарағанды облысында қаңтар-ақпан айларында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің өсуі байқалды. Дегенмен, әлемдегі ахуал да алаңдатады. Өйткені ол ел, облыс экономикасына әсер ететіні анық. Кешегі аппаратық кеңесте облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК ең бастысы – жұмыс орындарын сақтау, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.

Облыстың екі айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов баяндады.

Осы жылдың қаңтар-ақпан айында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық дерлік көрсеткіштері оң динамика көрсетті. Өнеркәсіп өнімі 6,5% өсіммен 760,3 млрд. теңгеге өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде жалпақ болат прокатын өндіру – 17,6%-ға, болат өндіру – 7,8%-ға, шойын өндіру – 4,6%-ға, кальций карбидін өндіру – 2,9%-ға ұлғайды, – деді басқарма басшысы.

Ал ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 27,1 млрд. теңгені құраған. Ет және сүт өндірісі артқан.

Құрылыста оң қарқын сақталып отыр. Екі айда 92,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға артық.

Жалпы, 2022 жылға облыс алдында экономиканың 3,4% өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Өнеркәсіпте 4,3 трлн. теңге көлеміне қол жеткізе отырып, екі пайыздық өсім белгіленген.

Экономиканы ынталандыру бойынша республикадан облысқа қосымша 30 млрд. теңгеге жуық қосымша кіріс күтеміз, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша жоспар да бар, жалпы, жыл соңына дейін 900 млрд. теңге көлемінде қаржы алуымыз керек, – деп қосты Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар облыста әлемдік жағдайға байланысты экспорттаушы кәсіпорындармен жұмыс істеу үшін жедел штаб іске қосылды. Оны облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов басқарады. Барлық туындаған мәселелер жедел, бірден шешілетін болады.

Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек:

Бізде көптеген кәсіпорындар сыртқы нарықпен тығыз байланысты. Өңірде жедел штаб құрдық, өткен аптадан бастап жұмыс істеп келеді. Біз әрбір экспорттаушы кәсіпорынмен, барлық ірі жұмыс берушілермен күнделікті байланыста боламыз. Жағдайды мониторингілеу, экспорттық өнімді жөнелтуге және еңбек ұжымдарындағы жағдайға байланысты барлық мәселелерді шешуіміз қажет. Бұл әлемдегі қалыптасқан жағдайға байланысты маңызды мәселе. Ең бастысы – жұмыс орындарын сақтау, азаматтарымыздың әл-ауқаты арттыру, – деп мәлімдеді.

Ол қала мен аудан әкімдеріне барлық өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ, ішкі және сыртқы сауда көлемдеріне тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін айтты.

Бұдан басқа, компаниялардың инвестициялық белсенділігіне ерекше назар аударылатын болады.

Биылғы жылы инвестициялар көлемі 850 млрд. теңге деңгейінде жоспарланып, 2021 жылдың нәтижесіне қарағанда 40 млрд. теңгеге өседі. Бұл міндетті біз орындауымыз керек, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button