Ербота ерледі
КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, опера және эстрада әншісі Роза БАҒЛАНОВАНЫҢ 100 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылған облыстық «Ақмаңдайлым» вокалдық байқауында жаңаарқалық әнші Ербота ҰЗАҚБАЕВ оза шауып, Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Шараны мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Байқауға облыстың түпкір-түпкірінен 30-дан астам қатысушы жиналды. Екі күнге созылған байқаудың алғашқы кезеңі Роза Бағланованың репертуарындағы әннен орындау ал, екінші кезеңі еркін тақырыптағы композиция болып бөлінді.
– Байқау 18-35 жас және 36-50 жас аралығында өтті. Роза Бағланованың репертуарынан «Асыл арман», «Ақмаңдайлым», «Әдемі-ау» және «Іңкәрім-ай» әндері жиі шырқалып, көңілге майдай жақты. Екінші турда біз халықтық және заманауи композицияларды тыңдадық. Менің ойымша, Сәтбаев пен қарағандылық өнерпаздар бәрінен де жақсы өнер көрсетті, – деп өз ойымен бөлісті Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солисі Гүлмира Тапай.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.