Алаяқтар айылын жимай тұр
Оңай ақша дегенде адамның көзі – соқыр, құлағы – керең. Оның үстіне қаржыдан қиналып, қайда барарыңды білмей, екі көзің алақтап отырғанда, сопаң етіп, алдыңнан алаяқ шыққанда, «құтқарушыңды» кездестіргендей, байсалды ақыл мен салқынқандылық сейіліп сала береді. Олай деуіміздің себебі – күніне интернет-алаяқтық бойынша бір ғана Қарағанды қаласының өзінде бестен онға дейін қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі. Полиция қызметкерлері алдын алу жұмыстарын қанша жүргізгенімен, «алдандым» дегендер саны күн сайын артуда. Биылдың өзінде ғана 200 эпизод дәлелденіп, іс сотқа жіберілген. Одан бөлек, интернет-алаяқтықпен айналысқан 6 тұрақты топ ұсталған. Бірақ, айылын жияр алаяқ та, алдануын қоятын тұрғындар да жоқ. Бұл жалғыз Қарағандының емес, бүтін республиканың бас ауруына айналды бүгінде.
АЛАЯҚТЫҚТЫ АУЫЗДЫҚТАУ – ҚИЫН
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық полиция басқармасының басшысы Шахназар Салин осындай деректермен бөлісті. Одан бөлек, учаскелік полиция қызметкерлері мектептерде де, медициналық мекемелерде де әңгімелесулер өткізіп, интернет-алаяқтық туралы ақпаратпен бөлісуде. Қалалардағы лед-экрандардағы ескерту бейнероликтері тағы бар. Тіпті, ол аз десе, облыста қанша полиция қызметкері болса, солардың барлығының ұялы телефондарындағы WhatsApp қосымшасында тұрақты түрде интернет-алаяқтықтың түрлері және қалай алданып қалмау жөніндегі ақпарат әрі кеңес жарияланып отырады. Жұмыс белсенді түрде жүргізілгенмен, облыстық полиция департаментінің мәліметтері биылғы жылдың 10 айында облыс орталығында 851 интернеталаяқтық тіркелгенін көрсетуде. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14,6%-ға төмен. Ал, оның сегізі – ауыр санаттағы интернет-алаяқтық.
«СІЗ – АЛДАНДЫҢЫЗ!»
Брифинг барысында сөз алған қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Әубәкіров интернет-алаяқтықтың жаңа жағдайымен бөлісті. Қарағандылық жуырда ғана 50 млн. теңгесін өз еркімен алаяқтарға аударып берген.
– Қаражатты инвестициялайды деген жарнаманы көрген қала тұрғыны көрсетілген номерге қоңырау шалған. Нәтижесінде, «ақша салсаң, еселеп көбейтіп аласың» деген сөзге сеніп, бірнеше банктен, микроқаржы ұйымдарынан 50 млн. теңге несие алып, барлығын алаяқ көрсеткен сілтеме бойынша аударып жіберген. Яғни, небары бір тәуліктің ішінде түрлі шоттарға ақша аударамын деп, соңында өзі дымсыз қалған, – дейді Ескендір Аманжолұлы.
Қарағандылықтың ОңтүстікШығыс полиция бөліміне арыз жазудан басқа амалы қалмаған. Аталған полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы бөтен мүлiкті иемдену бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
БІЛГЕННІҢ ЗИЯНЫ ЖОҚ
Шахназар Әбдәшімұлы сондай-ақ, тұрғындар интернет-алаяқтарға алданып қалмас үшін олар қолданатын негізгі әдістер мен тәсілдерді де атады. Қарағанды полицейлерінің есептеулері бойынша, облыс аумағында алаяқтар жиі қолданатын 9 сызба таралған. Оның бірінші әрі ең танымалы – банктен қоңырау шалу.
– Банктен қоңырау немесе банктік картаны бұғаттау, болмаса қолма-қол ақшаға байланысты күдікті операциялар туралы хабарлама келеді. Бұл жағдайда дереу сөйлесуді тоқтатып, банктің сенім телефонына қоңырау шалу керек, – дейді Шахназар Салин.
Ал, ақша алудың екінші алаяқтық тәсілі – сату жөніндегі хабарлама. Яғни, сатушы алаяқтар алмаған зат үшін ақша аударуды сұрайды. Мұндай жағдайларда полицейлер сенімді болмасаңыз, тауар үшін төлемді аудармауға кеңес береді. Келесі сызба – интернет арқылы кез келген затты сатып алу туралы хабарландыру.
– Тауарыңызды сатып алушылар ақша аудару үшін банктік картаңыздың деректемелерін немесе тауарға ақша аудару үшін sms-кодтарды сұрайды да, сол арқылы банктік шоттан қаражатты жымқырады. Сондықтан, жеке сипаттағы ақпаратты ешкімге беруге болмайды, – дейді басқарма басшысы.
Төртінші тәсіл – онлайн несиелерді рәсімдеу. Белгісіз адам қоңырау шалып, құжат суретін жіберуді сұраса, алаяқ екеніне күмәніңіз болмауы тиіс. Биржадан ақша табуды ұсынатындары да бар. Олардың сенімділігіне көз жеткізбей, ешқандай әрекетке бармау керектігін тағы да ескертеді полиция қызметкерлері. Алдап соғудың тағы бір тәсілі – жалған номерден қоңырау шалып, жазығы жоқ нақты адамды жалалы ету. Ол үшін арнайы бағдарлама да бар. Интернет-алаяқтар соны пайдалану арқылы қазақстандықтарға танысы ретінде қоңырау шалады. Ал, номердің нақты иесі ол туралы мүлдем бейхабар. Нәтижесінде жалалы болған адам кінәсіздігін дәлелдеу үшін талай уақыты мен денсаулығын құртады. Мұндай телефон номерінің иесін табу өте қиын екенін айтады Шахназар Әбдәшімұлы.
– Алаяқтардың тағы бір танымал сызбасы – банк қызметкерлері сіздің жинақ ақшаңызды сақтау үшін арнайы бағдарлама орнатуды сұрайды. Осы бағдарламаны орнатқаннан кейін жәбірленуші алаяқтар үшін өз телефонын қолжетімді етеді. Олар болса, қаражатты аударып алады да, табанын жалтыратады. Сондықтан, үшінші тұлғалардың өтініші бойынша ешқандай бағдарлама орнатпау керек. Ақша жымқырудың тағы бір жолы – фишингтік сілтеме жіберу. Егер сілтеме жіберіп, толтыруды сұраса, оған өтіп, деректерді толтыру орны толмас қателікке әкеледі, – дейді Шахназар Әбдәшімұлы.
Салтанат ІЛИЯШ