Қоғам

Кәсіпқой кенші

Бұл өңірде саналы ғұмырын кен өндіруге арнап, абыройға бөленіп жүрген азамат аз емес. Соның бірі, әрі бірегейі «Қазақмыс» корпорациясы «Балқаштүстімет» ӨБ Шатыркөл кенішінің басшысы Мұхтар ЕРТАЕВ.

Бұл есім «Қазақмыс» компаниясына жақсы таныс. Ақылы мен арманын, абыройы мен ар-ожданын, қайсарлығы мен қайратын тең ұстаған азаматтың осы салада жүргеніне 40 жыл болды. Еңбектің ащы терімен суарылған жемістің дәмі тәтті болатынын терең түйсінді. Таудай арманы кен инженері атандырды. Қарағанды политехникалық институтын тәмамдап, еңбек жолын Алтай кен-байыту комбинатында бастады. Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін әйгілі Жезқазған кен-металлургия комбинатына, мыс өлкесіне бет алды.

Жалынды жастың талабын алға қойған мақсаты айқындады. Кәсіптің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, шығар биігін межеледі. Шығыс Жезқазған кенішінде учаске бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен Мұхтар Балтайұлы жалпы бұл кеніште 14 жылдан астам жұмыс істеді. Сосын Оңтүстік Жезқазған кенішіне учаске бастығы болып ауыстырылды. Кеніштің еңбек қазанында қайнаған азаматтың табандылығы сын сағатта оң нәтижесін берді. Көп ұзамай шахтаның бас инженері қызметіне жоғарылатылды. Аталмыш кеніште бес жылдан астам жұмыс істеген Мұхтар Балтайұлы білікті басшы ретінде “Балқаштүстімет” өндірістік бірлестігінің жаңа кен орны – Шатыркөл кенішіне бас инженер ретінде шақырылып, кейін директоры болып тағайындалды. Міне, содан бері 16 жыл өтті.

– Кеніште Балқаштың бойы ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, вахталық әдіспен 300-ге жуық адам еңбек етеді. Тәулігіне 1700 тоннаға дейін кен өндіріп, Балқаш байыту фабрикасына жөнелтеміз. Кәсіпорынның көптеген өндірістік буынында негізінен жастар жұмыс істейді, – дейді Мұхтар Ертаев.

Оның кен өндіру саласына сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мұхтар Ертаев бірнеше грамота және медальмен марапатталды. Соның қатарында кәсіпқой кенші үшін орны бөлек, 2004 жылы омырауына таққан III-дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі де бар.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Суретті түсірген: Ләззат СМАҒҰЛОВА.

 

Басқа материалдар

Back to top button