Ұлт арысымен асқақ
2019 жылы «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік Ел» кітаптар сериясы аясында ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған «Қазақ күнтізбесі» жарық көрді. Сол күнтізбеде «24 сәуір – Ұлт қайраткерлері күні» болып белгіленген. Осы атаулы күнге орай, Қарағанды қаласында кітаптар сериясының «Qazaq club» және «Ақжол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен «Ұлт қайраткерлеріне тағзым» акциясы өтті. Акция барысында ұлт қайраткері Әлімхан ЕРМЕКОВТІҢ ерлігі сөз болды.
«Ақжол» демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин шараның маңыздылығына тоқталып, жылдар бойы тасада қалып, еленбей келген арыстарды насихаттау керектігін баса айтты. Ал, белгілі өнертанушы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқан қазақ ұлтының дара перзенті Әлімхан Ермеков жайлы ойларымен бөлісті. «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік Ел» кітаптар сериясының авторы Нұржан Сұршаұлы жиналған қауымға «Qazaq club», «Қазақ күнтізбесі», «Тәуелсіздік лентасы» және «Жауынгерлік Даңқ лентасы» бірегей жобалары мен қолға алған акция және кітаптар сериясының бастамасымен қоғамдық негізде белгіленген осы атаулы күннің мақсат-міндеті жайлы айтып берді.
– Шараның басты мақсаты – ұлт қайраткерлерінің мұрасын және олардың ұлт алдындағы еңбектерін өскелең ұрпаққа насихаттау. Мұндай шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Бүгінде жиылған қауым тұлға туралы ел біле бермейтін деректерді естіді. Алда әлі белгіленген атаулы күндер бар. Сол тарихи даталарды ұмыт қалдырмай, жыл сайын атап өтуге бір кісідей атсалысайық, – деді жоба авторы Нұржан Сұршаұлы.
Жиылған қауым кездесуден кейін Әлімхан Ермеков пен жары Рақия Шагабутдинқызының басына барып, Құран бағыштады. Ал, Тұңғышбай Мұқан өзі зерттеп жүрген ұлы математиктің өмірбаянымен таныстырды.
Ербол ЕРБОЛАТ.