Ел үміті – AMANATTA Егіндібұлақ ен даланы ел игілігіне беруді сұрайды
AMANAT партиясының мобильді қоғамдық қабылдау тобы ел Президентінің тапсырмасымен шалғайдағы аудан, ауылдардың игілігіне қызметін бастап кетті. Олар бүгінгі ауыл жұртшылығын алаңдатар мәселелерді зерттеп, зерделеп, орындалу процесін жүзеге асыруда. Партия өкілдері осы бастамамен Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылына да келіп жетті.
Шалғай ауылдардағы ағайынның уайымы мал шаруашылығына қатысты, яғни, жайылым жерлері. Қарақаралы ауданының Егіндібұлақ ауылы облыс орталығынан шамамен 300 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Мұндағы халықтың бас кәсібі – мал шаруашылығы. Орта есеппен қазіргі күні ауылда 9 мыңға жуық төрт түлік бар. Алайда, өріс – тар. Малы өскен сайын жайылымы тарылған жұртшылық соңғы 10 жылдан бері иесіз жатқан ен даланы ел игілігіне беруді сұрап келеді. Бірақ, бұған дейін құзыретті орындар оны шеше алмаған.
Осы бір орайлы істің ел игілігіне қызметін ести сала уәжімен келген Егіндібұлақ бұқарасы ел аманатын арқалаған партиядан мәселелерін шешуге мұрындық болуын сұрады.
– Зоотехникалық норматив бойынша бір жылқы 15-16 гектар жерге жайылады. Ал, бір ірі қараға 12-13 гектар жер керек. Қойдың өзіне 5 гектар жеріңіз аздық етеді. Сонда жерді қазіргі ауыл малының басына шаққанда бізге 57 мың гектардай жер берілуі тиіс. Егіндібұлақ ауылының өзге ауылдармен шекаралас жатқан жерлерінде бос жерлер бар. Біздің сұрайтынымыз сол бос жатқан жерді халыққа пайдалануға берілуі,– дейді ауыл тұрғыны Амантай Дәуіпбаев.
Осылайша, соңғы 20 жылдан бері талқыланып келе жатқан түйіткілді мәселені енді Республикалық қоғамдық қабылдау өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары қолға алатын болды. Бұл туралы AMANAT партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов айтты.
– Бұл тек қана жергілікті құзырлы органдардың қолында емес. Бұл – кәдімгі заңнама түрінде енгізетін мәселе. Ал, біздің, яғни, осы арнайы мобильдік қоғамдық қабылдаудың негізгі миссиясы – бұл мәселені республикалық деңгейде көтеріп, шешімін табу болмақ. Сондай-ақ, алыс шалғайда орналасқан ауылдардың өзге де проблемаларын көтеру, оларға сараптама жасау, қай ауылда, қай ауданда қандай мәселе бар екеніне үңілу де біздің міндетте. Ендігі мақсат – аталған мәселелерді мемлекеттік құзырлы органдарға тапсырып, оған бақылау жүргізіп, жол картасына енгізу. Яғни тез арада іске асуын қолға алу, – дейді Азамат Дулатұлы.
Партия белсенділігі – қалың қоғамның үміті. Мейлі ауыл болсын, мейлі қала. Өткен жылы да партияның аймақтағы қоғамдық қабылдауына азаматтардан 175 мыңға жуық өтініш түскен. Оның 60-тан астам пайызы шешімін тауып, іске асты. Биыл соңғы екі айдың өзінде 25 мыңға жуық тұрғын аталмыш партиядан жәрдем сұрай келген. Олардың негізгі бөлігі – ауылдық жердегі тұрғындар. Алаңдатын мәселесі – ауылдың жағдайы, жұмыспен қамту, зейнет жасын төмендету.
– Ауылдық жерлерді осылайша аралап, ондағы әр тұрғынның мұң-мұқтажына құлақ асып, ауылдық тұрмысты көтерсе деп ойлаймын. Сонда ауылдан да көшу азаяды. Жастардың қызығушылығын тудырардай ауылды жаңғыртса, міне, даму сонда болады емес пе?! Енді партияның мына игі бастамасы халықтың үмітіне айналғандай. Әйтеуір бір жақсылық болады деген сенімдеміз. Елімізде ауыл дамыса, қалаға тыныс береді деген сөз. Өйткені, ғалым да, дана да ауылдан шығады, – дейді ауыл тұрғыны зейнеткер Ырысты Айтбақова.
Алдағы күндері жоғарыда айтылған ең өзекті мәселе легі шешімін тауып, қарайған халықтың сауалына жауап нақты істей болады деген үміт бар. Партия белсенділерінің міндетінде әлі он шақты ауыл тұр. Алдағы уақытта елдің барлық аймақтарында осындай мобильді қабылдаулар өткізіліп, сұрақтар тиісті орындар мен Үкіметке жөнелтілетін болады.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.