“Арзан баға шығынды ақтамайды”
Мектеп асханасына қызмет ұсынушы кәсіпкерлер осылай деп отыр. Ал, мектепте бастауыш сынып оқушыларына берілетін тегін тамақтың сапасы мен көлеміне қатысты ата-аналар тарапынан жиі наразылық айтылуда. Яғни, баланың тоймай қалатындығы жайында шағымданады. Ал, жоғарғы сынып оқушыларының ата-аналары болса, балаларына күнделікті беретін ақшаларының түскі ас мезгілінде тамақтануға жетпей қалатындығы туралы айтады. Осы мәселелердің себеп-салдарын білу мақсатында жауапты органдармен тілдескен едік. Бақсақ…
КОНКУРС ҚАЛАЙ ОЙНАТЫЛАДЫ?
Деректерге сүйенсек, аймақта 405 білім ордасында 173 мыңнан астам оқушы оқиды. Оның 88 649-ы мемлекет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылған. 72 994-і бастауыш сынып оқушысы. Қалғаны – әлеуметтік осал топтағы білім алушылар. Бекітілген норма бойынша бір оқушыға бөлінген сома – 448 теңге.
Балаларды тамақтандыратын – конкурста жеңіске жеткен кәсіпкер. Конкурсты кез келген мектеп жариялай алмайды. Ол үшін мектеп бухгалтериясы өзінде болуы керек. Егер, бухгалтериясы орталықтандырылған болса, он конкурсты мектеп емес, жергілікті жердің білім бөлімі жариялайды. Ауылдық жердегі мектептің бәрі – орталықтандырылған. Сондықтан, ол мектептер үшін аудандық білім бөлімі жауапты.
Енді жалға алушылармен келісім мәселесіне көшейік. Білім және ғылым министрлігінің №598 бұйрығы аясында белгілі мерзімге дейін келісім жасалады. Қазір бұл бұйрыққа Денсаулық сақтау министрлігі 5 тамызда біршама өзгертулер енгізді. Сәйкесінше, бұдан былай келісімшартта мектеп асханасының бағасына шектік баға қойылып, жалға алушылардан сол шектік бағадан асыруға тыйым салынды. Жеке кәсіпкер баланың қарны тойғанын емес, өз қалтасының қампайғанын ойлағандықтан, асханадағы тамақтардың қымбаттап, құнарсыз дүниелердің сатылуы – осыдан болса керек…
Оқу жылының басында конкурста жеңіске жеткен жалға алушылар қазір жаңа бұйрықтың негізінде жұмыс жасап жатыр. Ал, келісімшарт мерзімі әлі бітпеген кәсіпкерлер бұрынғы, яғни, өзгеріс енгізілмеген бұйрықпен мерзімі біткенше жұмыс істейді.
КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ДЕ АЙТАРЫ БАР
Данияр Қалымбетовтің осы салада жүргеніне 20 жылдан асқан. Қазірдің өзінде Қарағанды қаласында 18 мектеппен келісімшартқа отырған. Тамақтың сапасы жайында сөз қозғағанымызда кәсіпкер әңгімені мектеп ұсынған конкурстың бағасының тым төмендігінен бастады. Бұған дейін кәсіпкер әр балаға 300 теңге алып келген. Қазір жаңа бұйрыққа сәйкес – 448 теңге.
– Осыдан 3 жыл бұрын «e-ashana» мобильді қосымшасын ойлап шығардым. Қосымша арқылы ата-ана үйде отырып ас мәзірін және бағасын көре алады. Ал, оқушыларға ең тиімдісі – қолма-қол ақшасыз төлем жасай алуы. 2018 жылы түскі ас құны адам басына шаққанда 147 теңге болған. Ал, сол уақытта бала басына шаққанда – 500 теңге еді. Кәсіпкерлер жұмыссыз қалмауы үшін конкурстың бағасына қарамай қатыса берді. Ал, ол конкурс өз бағасын ақтай ма, ақтамай ма, ол жағын ойламады. Соның салдарынан тамақтан құнарлық кетіп, мектеп басшысынан, ата-аналардан шағым түсті. Жалға алушылар «Конкурсқа қойылған баға осы» деп өздеріне қарсы айып тақты. Осындай жағдайлардан кейін Қарағанды қаласының кәсіпкерлерін жинап, облыс әкіміне мектеп асханасындағы ас мәзірінің нормасын өзгертуді сұрап, хат жаздық. 2020 жылы хатқа жауап келіп, бағаны 300 теңгеге көтерді. Былайша, Үкіметтің белгілеген баға, берген ақшасынан өзіміз пайда көрмей жұмыс істеп келеміз. Азық-түлік бағасы – қымбат. Одан бөлек, жұмыскерлерге беретін жалақымыз бар. Әйтеуір, ұтылып қалмасақ игі, – деді «Калымбетов Д.Ж.» ЖСШ директоры Данияр Қалымбетов.
Кәсіпкердің айтуынша, өңірде стандарттық баға 300 теңге болса, Түркістанда 400 теңге. Ал, Алматыда – 700 теңге. Биыл тағы да өскен. Кәсіпкерлер басшылық бекіткен стандартты бағаның үстінен жұмыстары үшін бала басына 200 теңге қосып, пайда көріп отырған. Соның есесіне басшылық кәсіпкерлерден тамақ сапасына талап қоюда. Тіпті, өңірдегі кейбір кәсіпкерлер үкімет бекіткен нормадан асып кеткені үшін айыппұл да төлеген.
– Бұл жердегі ең үлкен мәселе сала басшыларының кәсіпкерлерге тиісті қаржысын бермеуінде. Олардың ұсынған бағасына қазір ештеңе келмейді. Сөйтіп, бізге «норма бойынша жұмыс істемейсіңдер» деп айыппұл салады. Ал, кәсіпкер болса мемлекеттің ақшасын жыл ортасында тауысып, жыл соңына жеткізе алмай отырады. Негізі, асханадағы мәзір бағасын облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті қоймауы керек. Заң бойынша бұл – кәсіпкердің тікелей жұмысы. Ал, кәсіпкер «Санитарлық ережелер мен нормаларға сүйене отырып жасауы шарт. Ең бастысы – осы норма сақталуы қажет. Ас мәзірінің бағасын өзі бекітеді. Бұл дүниені кәсіпкерлер, тіпті, қалалық білім бөліміндегілер білмейді. Сөйтіп, бізге әр тараптан ұсынылған ас мәзірін бекітіп, бағаларын ой-қырдан алып қоя салады. Сөйтеді де бізге «осы бағадан аспаңдар» деп бұйырады, – дейді Данияр Қалымбетов.
БАҒАНЫ СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫС РЕТТЕЙДІ
Тегін тамақтың жырын толғадық. Ал, ақылы тағамдар неге қымбат? Аспаз – оқушы не сұраса, соны пісіреді. Тамақтың түріне байланысты бағаны да соған сәйкестендіріп қояды. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, кәсіпкердің де бағаны қоюда өз еркі өзінде. Бұған мектеп басшысы ешқандай тыйым сала алмайды екен. Себебі, бұл – кәсіпкердің табысы. Мектепте бала саны көп болса – пайдасы да соғұрлым. Кейбір мектепте қарапайым тәтті нандар супермаркеттерге қарағанда қымбат. Себебі, бүгін дайындалған тамақ жұмыс соңына дейін сатылып кетеді. Сондықтан, супермаркеттерге қарағанда мектептің бәліші жаңа піскен әрі мөлшермен дайындалғандықтан дәмі тіл үйіреді.
Әл-Фараби атындағы №102 мектеп-гимназиясы бала саны жағынан Қарағандыдағы үлкен мектептің бірі. Мұнда 1-4 сыныптардың 950 оқушысы тегін тамақтанады. Түрлі санаттағы 26 жоғарғы сынып оқушылары бар. Бұдан бөлек, 30 оқушыға жалға алушылардың есебінен ыстық тамақ тегін беріледі. Биыл «Калымбетов Д.Ж.» ЖСШ аталмыш білім ордасымен бір жылға келісім-шартқа отырған. Шарт бойынша 1-4 сынып оқушылары үшін 15 млн. теңгеге, және түрлі санаттағы оқушылар үшін – 443 мың теңге.
– Тегін тамақтанатын оқушылар алдын ала білім басқармасы бекіткен ас мәзірімен тамақтанады. Тамақтың сапасын мектептің ішінен құрылған арнайы комиссия 2 аптада бір тексереді. Тамақтың сапасы, асхананың тазалығы қатаң қадағаланып, тағам сертификатына баса назар аударамыз. Жалға алушы кәсіпкерге ешқандай шағым түскен жоқ, – деді №102 мектеп-гимназияның директоры Қымбат Оспанова.
Мектепте пицца (70г) бағасы – 250 теңге. Самса (80г) – 300, тәтті нан (70г) – 180 теңге. Бір шыны шайыңыз – 100 теңге болса, 1 стақан компот – 80 теңге. 70-80 грамм тамақ үшін орта есеппен 400 теңге қалдырып кетесіз. Ал, ыстық тамақ бағасы ше? Мұнда 250 грамм болатын суп түрлерінің бағасы – 350 теңге. Ал, 200 грамдық қарақұмық, күріш пен пюренің бағасы – 300 теңге. Палаудың 200 грамы – 650 теңге. Котлет пен гарнирін қосып алсаңыз – 200 грамы 650 теңгеге шығады. Бұл жерде көрсетілген тағам түрлері тек бер жағы. Күнделікті тұтынатын дүниелерді есептегеннің өзінде баға – осы.
– Үш балам жоғарғы сынып оқушысы. Әрқайсысының қолына кемі 500 теңге ұстатасың. Бәліш пен шайға ғана жетеді. Бала өсіп келе жатқан талшыбық. Қалыпты өсіп-жетілу үшін дұрыс тамақтану маңызды. Бірақ, кейде осы 500 теңгені тауып бере алмайтын күндер де болады. Оның үстіне, қымбатшылық та қысып жатыр, – деді Динара (есімі өзгертілді) есімді ата-ана.
Ербол ЕРБОЛАТ.