Отбасылық шаруашылық – ауылға тірек
Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Осы орайда, елімізде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайту, еңбек кірісін арттыру және ауыл шаруашылығы саласын дамыту тетіктерін қолға алу басымдықтары бекітілген болатын. Халықтың басым көпшілігі ауылды жерлерде шоғырланғандықтан аталмыш бағыттар мейлінше ел игілігіне жарауы қажет.
34 мың тұрғыны бар Қарқаралы ауданында да халықты жұмыспен қамту басты назарда. Жергілікті халықтың басым бөлігі өңірдегі кәсіпорындарда еңбек етеді. Дегенмен, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп, тіркелгендер саны да аз емес.
– «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұлттық жобаның» аясында 474 адам орталық көмегіне жүгінген. Оның 19-ы жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға барса, 10 адам әлеуметтік жұмыс орындарында, бос жұмыс орындары есебінен 274 адам еңбек етіп жүр. 124 адам қоғамдық жұмыспен қамтылған. 15 адам жастар практикасы, 4 адам «Бірінші жұмыс орыны» жобасының игілігін көруде. «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобасы жоспарын орындауда жұмыстар жүргізілуде. Жұмыспен қамту көрсеткішінің ұлғаюына елеулі үлес қосып отырған жобаның бірі – грант. Мерзімді оқу курсынан өтіп, кәсіпкерлік жобасын қорғауға ұсыныс берген 20 адамға 24 млн. 504 мың теңге көлемінде тамыз-қыркүйек айларында грант берілмек, – дейді орталық директоры Қанат Бабайбеков.
«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында» бірқатар кешенді жобалар бар. Бағдарламадағы басты мақсат – халықтың табысын арттыру және еңбек өнімділігін ұлғайту. Халықты ауқымды жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті ынталандыру, кіріс шығынын қысқартуға бағытталған. Онда ауылдық жерлерде отбасылық шаруашылық құру да баса айтылған.
Бүгінде іргелі шаруашылықтың иесі қарқаралылық Арман Мырзамбеков ауыл шаруашылығында отбасылық шаруашылық құрып, шаруасын шыр айналдырып отыр.
Ата кәсіпті қолға алмас бұрын Арман Мырзамбеков еңбек жолын Қарағанды қаласындағы «Нәтиже» сүт фабрикасы мен «220 Вольт» дүкендер желісінен бастапты. Онда кәсіпкерлер Ерлан және Майра Әшімовтермен бірге табан аудармастан 15 жыл жұмыс істеп, кәсіпкерлік саласындағы негізгі тәжірибені осы жерден алған екен. 2013 жылы туған жері Арқалыққа келіп, отбасылық «Абылай» шаруа қожалығын ашты. 14 мың гектар жері бар. Бастапқыда жылқы мен ірі қара өсірді. Биыл етті бағыттағы қой шаруашылығын дамытатын кешен құруды бастады.
– 2019 жылы 250 басқа арналған мал бордақылау алаңын салдық. Мал сою пункті бар. Жаңа дүкеннің құрылысы жүріп жатыр. Қасында наубайханасы болады. Ауылға қоғамдық монша да салмақпыз. Шаруашылықты ашқанда «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алдық. Лизинг арқылы техникалық базаны жаңартып отырамыз. Мемлекеттен едәуір қомақты көмек алып келеміз. Бүгінде шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді.
Жалпы, ауылды өркендету үшін мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысқан дұрыс. Тек ет пен сүтті ғана өндірмей, қалған шикізаты – жүн мен тері де өңделсе, – дейді шаруашылық басшысы.
Арман Мырзамбеков кәсіпкер ретінде мерекелік шараларда ауыл тұрғындарына демеушілік көмек көрсетіп келеді. Ауылдың тазалығын да қолға алған.
Негізі, Үкімет тарапынан кейінгі жылдары ауылды көтеру мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданды. Септігі тиді. Өтпелі кезеңде тоқырап қалған елді мекендердің тамырына қан жүгірді. Өзекті деген мәселелерді шешу кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ауылдық жерде халық саны да артқан. Халықтың қайта атажұртқа оралуы ауылдың болашағы әлі де зор екендігін көрсетеді. Әрі ауылдың мәртебесін көтеру мақсатында қабылданып жатқан бағдарламалардың да игілігі – ұшан теңіз. «Ауыл – Ел бесігімен» инфрақұрылымын жасап алған, «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен еңбек етіп, нәпақасын тауып отырғандар қарасы қалың. Тіпті, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жас мамандардың туып-өскен еліне қызмет жасауына мүмкіндік беруде. Ауыл шаруашылығын қолға алған шаруагерлердің де мүмкіндігі зор. Халықты жұмыспен қамту, ауылды жердегі адамдар санын арттыру сайып келгенде, халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеруге жасалып жатқан бағдарламалар десе де болады.
Сағыныш ӘБІЛ.