«Бабамыздың мұңысың сен, домбыра!»
«Әу демейтін» қазақ жоқ. Отырыс-жиындарда қолымызға домбыра алып күй де тартамыз, ән де шырқаймыз. Қоңыр үнді аспаптан төгілген күй сізді арқаландырмай қоймасы анық. Әрине, қандай ән орындап, күй шертсеңіз де әуелі қолыңыздағы аспапқа байланысты екен. Ән-күйдің тыңдарманға өтуі, әрі аспаптың жоғарғы және төменгі ноталарды алуы… Одан қала берді нарықта домбыраның түрлі сападағы нұсқалары көбейіп кеткен. Өзімізге қажетті әрі сапалы домбыраны қалай таңдау керектігі жөнінде домбыра шебері Аман СӘДУАҚАСОВТАН кеңес сұрап көрдік.
Домбыра таңдаудың да өзіндік әдістері бар екен. Бірақ, ол әдістер жайында сөз қозғамас бұрын домбыраның жасалу барысымен қысқаша танысып өтсек.
– Негізі домбыраны үйеңкіден жасаймын. Қайың да жақсы. Қызылағаштың түрлерін де пайдаланатындар бар. Тіпті, қара ағаштан да жасап жатады. Қара ағаштан жасалса, домбыраға рең беріп, әдемі көрінеді. Олардың дыбысын шығару да өзіңе байланысты. Домбыра жасамас бұрын ағашты кептіріп алу керек. Жасап болған соң домбыра бірден сөйлеп кетпейді. Үнін тексеріп көресің, бір жері ұнамауы мүмкін. Сосын тағы бір ағашпен бетін жабасың. Домбыраны жасау барысында, яғни, өзіңнің көңіліңнен шығатындай үнді іздеуде 2-3 қақпақ жабылады. Одан әрі домбыраның тембрін шығару және тағы басқасы шебердің өзіне байланысты, – дейді Аман ағамыз.
Домбыра таңдаудағы бірінші кеңес, аспаптың мойнының тегістігіне көз жеткізу қажет. Қақпағы мен мойыны түзу сызықтың бойына орналасады. Ол үшін домбыраның мойнына шанақ жағынан мылтықтың қарауылын көздегендей қарайсыз. Егер мойны шалқайған немесе еңкейіп, қисық тұрса, онда ол аспапты алмауыңыз керек. Және тағы бір назар аударатын жайт, мойнының қақ ортасында қатты ағаштан ұзыннан салынған өзек болу керек. Бұл мойынның иіліп кетпеуіне үлкен септігін тигізеді. Және қандай аспап алсаңыз да құлақ бұрауын келтіріп, қағып көріңіз. Сапалы домбыраның құлағы қатты ағаштан жасалып, ұяшыққа тегіс орналасады. Одан соң әр пернені бірінен кейін бірін басып, қос ішекті жеке-жеке шертіңіз. Дыбыс әр пернеде таза, тұнық шығуы шарт. Және жоғарғы төмен ноталарды да алыңыз. Егер домбыраңыз ноталарды дұрыс алмаса онда алудың қажеті жоқ. Ең бастысы домбыраны кез келген жерден алмай, шебердің қолынан алған жөн. Себебі, аспаптың кейбір жерлерін ыңғайыңызға қарай лайықтап жасап та, өзгертіп те береді екен.
– Домбыраның бойы мойнының ұзындығымен өлшенеді. Балаларға арналған аспап 38 см-ден басталса, стандарт домбыранікі – 48 см. Қазіргі таңда эстрадалық әншілер домбырасына микрафон орнатып алып, сахнаға шығады. Сонда менен «Мынау қандай домбыра, қалай жасалады?» деп сұрайтындар көп. Ондай домбыраның ешқандай ерекшелігі жоқ. Бар болғаны сапасында. Сапалы домбыра алып, сіз де микрофон қыстырып қоюыңызға болады, – деді шебер.
Домбыра – бабадан қалған құнды жәдігер. Қазіргі уақытта өкінішке орай сапасы сын көтермейтін домбыралар базарда толып тұр. Қарапайым қарағайдан жасалып, бетіне сапасыз бояу жағылады. Алайда уақыт өте келе дыбысы да тез бұзылады. Сондықтан, киелі жәдігердің құнын түсірмей, дұрыс таңдау жасай білейік.
Ербол ЕРБОЛАТ.