Ғибрат

Майдангерлер әулеті

Сұрапыл соғыс кезінде Жұмаш әулетінің баскөтерер азаматтары түгелдей дерлік майданға алынған екен. Үйде тек атамыз Жұмаш ТҮСІПҰЛЫ, анамыз Жылжақсы мен апамыз Жақсия ғана қалыпты.

Әкеміз Темірғали (Темеш) туралы мерзімді баспасөз беттерінде көп жарияланды. 1945 жылғы кескілескен ұрыстарда «Қызыл Ту» орденді Богдан Хмельницкий атқыштар дивизиясы барын салады. Әсіресе, Батыс Левиданың Грон өзеніндегі неміс қорғанын бұзу оңайға соқпағаны белгілі. Ол кезде Темірғали жас та болса, жасақ командирі еді. Тапсырма – қайткенде де жаудың шебін бұзу. Бір аптаға созылған айқаста дұшпанның қамалын алу мүмкін болмайды. Содан фашистерді ығыстырудың тың тәсілі ойластырылады. Бұл  операция «Бес күн» деген атауды еншілейді. Командирдің стратегиялық жоспары бойынша құрамдағы азын-аулақ сарбаз үш топқа бөлінеді. Командир бастаған жасақ – маңдай бетте, ал қалған екі топ маневрге мән бермек. Соның аясында жартылай жарамды техниканы тиімді пайдаланып, пулемет оқтарымен немістің зықысын шығару тапсырмасы қойылады. Десе де, жауынгерлерді қаңғыған оқтан аман алып қалу оңайға соқпасы анық еді.

Шабуыл басталған бетте жау траншеяларын басып алу мүмкіндігі туады. Алдыңғы шепте тұрған бес неміс пулеметшісі оққа ұшып, қалған он бес шақтысы жараланады. Мұны көрген кейінгі топтағылары қолдарындағы қаруларын тастай сала, жан сауғалауға кіріседі. Енді бір шамада есін жиып үлгерген фрицтер өзен бағытына ауысып, қарсы шабуыл ұйымдастырады. Сол кезде Темірғали командир қос қапталдағы бөлімшелеге бұйрық береді. Қалтарыста жатып, аз-кем тынығып алған Совет солдаттары оқты қарша боратады…

Дұшпан ротасы тұтас күйрейді. 22 гитлерші жантәсілім етіп, жетеуі тұтқынға алынады. Бір ату станогі мен бір қол пулеметі олжаға түседі. Осылайша, Темірғали Жұмашев басқарған жасақ Ваг өзенінің батыс жағалауындағы неміс қорғанына ие болады. Ендігі нысана – Малацки қаласы!

Темірғали блиндажда картаға тесіліп, ұзақ ойланды. Тактиканы ауыстыру керек. Бұл жолы гранатаның салар лаңына жүгінген жөн. Оларды құрт лақтырғандай етіп, қарсыластың есін шығарып, қиян-кескі «ойын» түрін көрсету керек.

1945 жылдың 5 сәуірі. Взвод граната жаудырып, діттеген мақсатына оңай жетті. Қорғаныстағы немістер қайтерін білмей дағдарды. Алағай да бұлағай шақта ұтымды пайдаланған жауынгерлер 9 фрицтің көзін жойып, 15-ін қолға түсірді. Темірғалидың өзі 3 неміс солдатын тұтқындады. Батыс майданының қолбасшысы, генерал Кузнецовтың Жуковқа қоңырау шалып: «Жолдас маршал, батыс легионы олжалы! Малацки шаһары – бізде!» – деп рапорт беретіні – осы шайқастан кейінгі жағдай.

Уақыт өтті. Берлин алынды. Әкеміз Темірғали Жұмашев елге офицер шенімен оралды. «Ерлігі үшін» медалін өңіріне тақты. ІІ дәрежелі «Отан» орденін қоса ен шіледі. Н.Крупская атындағы педагогикалық институтты тәмамдап, ұстаздық жолын жалғастырды. Алғашқыда орыс тілінен сабақ берген ол кейін мектеп директорының орынбасары, одан соң Егіндібұлақ ауданы, Арқалық совхозы, Шөптікөл бөлімшесінде мектеп директоры қызметін атқарды. Өмірлік жары Қазиза Мұздыбаева – тыл еңбеккері. Жеңістің 55 жылдығына орай, Тұңғыш Президенттің мадақтама қағазын алды. «Соғыс ардагері» естелік төсбелгісінің иегері атанды.

Елдің қамын ойлаған асыл ер 1967 жылы 47 жасында дүниеден озды. Ол – Алашқа әйгілі ақын Тұрсын Жұмаштың әкесі еді…

***

Ендігі сөз етпегіміз – Шөкен Жұмашев (ел аузында – Шөлә). Жасы толмаса да майданға аттанып, 49-атқыштар полкі құрамында сайыпқыран сарбазға айналады. Жан алысып, жан беріскен бір ұрыста оң қолынан ауыр жарақат алған. Госпитальде жатқан бозбаланы көрген әскер басшылығы «тым жас, әрі қолы жарамайды» деген шешіммен елге қайтарады. Туған жерге келген соң 1950 жылы Семей қаржы техникумын тәмамдайды. Абыралы аудандық қаржы бөлімінің маманы, Егіндібұлақ, Ақтоғай аудандарында банк басшысы, Егіндібұлақ ауданы тұтынушылар одағының, кейінірек тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы секілді түрлі қызметтерде жемісті еңбек етті. Ғалия жеңгеміз екеуі 9 бала өсіріп, тәрбиеледі. Еліне қадірлі азамат болды. Өкінішке орай, өмірден ерте озды.

***

Тағы бір ағамыз Көкен туралы: «өте алғыр еді» деп үлкен апамыз Жылжақсы айтып отыратын. Ол – соғыста 1943 жылы хабарсыз кеткендердің қатарында. Негізгі мәлімет «Боздақтар» кітабының І томында жинақталған. Соңында қалғаны – «Калининград қаласындамыз. Соғыс басталмақ. Пулеметім сақадай сай…» деген үшбу хаты ғана…

***

Бастапқыда тілге тиек етілген қаршадай қыз Жақсия ардақты ұстаз атанды. Ел анасына айналған ол қазір Шығыс Қазақстан облысы, Доғалаң ауылында бақуатты ғұмыр кешуде…

Біздің әулеттің шерлі күндердегі шежіресі осылай өрбиді…

Қанағат ЖҰМАШЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button