Алғашқы мешітке – 70 жыл

Биыл Қарағанды қаласындағы алғашқы мешітке 70 жыл толды. Оны Қарағанды қаласындағы мұсылмандар ұйымының негізін қалаушы Балақажы имам ашты. Мешіттің орны ретінде бұрынғы Загородная кентінің Загородная көшесіндегі учаске таңдалды.

Сөз басында Сарыарқадағы алғашқы мешітті Ақмола, қазіргі астана Нұр-Сұлтан қаласында 1842 жылы Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендиннің салғанын айта кеткен жөн. Ал, Қарағандыдағы мешіттің тұрғызылуына Балақажы имам зор еңбек сіңірді.

Балақажының шын есімі – Мұхамедқали төре Мұсаұлы Жанаев. Ата тегі Орта жүзді билеген, Түркістанда жерленген Бөкей Барақұлынан бастау алады. Бөкейдің үлкен ұлы, әкесінен кейін хан болған Шыңғыстан (Хан сүйегі жерінде жерленген) тарайды. Атасы Жанай Шыңғысұлы (Жамантай ханның інісі) Қарқаралы округінің Дүйсенбай-Шекшековский болысының сұлтаны, ал әкесі Мұса қажы Қарқаралы уезі, Ақсары болысының №5 ауылында би болған. Ол Құлболды шатқалында (Қарқаралы ауданының Бесоба ауылының маңында) тұрды.

Балақажы 1887 жылы Берқара тауының етегінде дүниеге келді. 1968 жылы Қарағанды қаласында қайтты. Ескі қаладағы қорымға әпкесі Рахиямен, әкесінің ағасы Ариптің қызымен бірге жерленді.

Өлкетанушы Сәтек Омаровтың мәліметінше, Балақажының мешіт салуына әкесі Мұса қажыдан алған өнегесі бастау болды. 1898 жылы әкесі оны өзімен бірге Меккеге алып барады. Содан Балақажы атанады.

1904-1908 жылдар аралығында Карачи, Стамбул, Герат, Бұқара мен шығыстың басқа да қалаларында болады. Саяхат соңында әкесі Мұса қажы қайтыс болып, мұра қалдырады. Бұл қаражатты Балақажы Қарқаралыдағы 4 сыныптық орыс-қазақ мектебінің құрылысына береді.

1931 жылдың қыркүйегінде Балақажы Қарағандыға жер аударылады. №1 «Наклонная» кенішінде такелажшы болып жұмыс істейді.

Осы жылдар ішінде Балақажы мұсылмандардың жағдайын жақсарту жағын ойластырады. Сталиннің 1944 жылдың аяғындағы жер-жерлерде мешіттер мен шіркеулер салуға рұқсат ету туралы жарлығынан кейін Балақажы мешіт тұрғызуға бел буады.

1945 жылдың наурызында Қарағанды қалалық атқарушы комитетіне Қарағанды мұсылмандарының ерікті діни қызмет етуіне рұқсат беруіне өтініш айтып жүгінеді. Бірақ, өтініші қабылданбайды. Содан кейін Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтен көмек сұрайды. Сөйтіп, 1946 жылдың маусымында Қарағанды қалалық атқарушы комитеті мұсылмандар қоғамының ерікті діни қызметіне рұқсат беру туралы шешім қабылдайды.

1947 жылы Қарағанды қалалық жұмысшы депутаттар кеңесінің атқарушы комитеті мешіт құрылысына жер телімін бөледі. Ал, 1948 жылы 10 тамызды КСРО Министрлер Кеңесі Қарағанды қаласының Сталин ауданындағы мұсылмандардың діни қоғамын қоғамның басшысы (имамы) Мұхамедқали Мусиннің (Балақажы) атына тіркеді. Көптен күткен мешіт ғимаратын 1950 жылдың желтоқсанында Қарағанды қалалық кеңесінің атқару комитеті пайдалануға берді. Осы сәттен бастап Қарағанды қаласында алғашқы мешіт ресми түрде ашылды деп есептуге болады.

Бүгінде Октябрь ауданының орталығы Майқұдықтағы мешіт Балақажы есімімен аталады. Оның тұрғызылғанына бүгінде 70 жыл толады.

Асылбек АЛТЫНОВ.