Еңбегімен – елеулі
1960 жылы қазіргі Теректі ауылының «Үлкенбаз» қыстауында, Қуат атаның шаңырағында Мұрат есімді шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Кең маңдайлы Мұраттың келешекте ел-жұртына адал қызмет ететін азамат болып өсеріне үлкендер сеніп еді. Сенімдері алдамапты…
Жүйрік жылдар жылжып өтіп жатты. Мұрат 1976 жылы алтын ұя мектепті ойдағыдай аяқтады. Ал, 1977 жылы орта кәсіптік-техникалық училищенің «ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинисті» мамандығына оқуға түсіп, бітіріп шығады. 1979 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге Тынық мұхит жағалауына аттанады. Құдай Тағала маңдайына ұқыптылық пен еңбексүйгіштікті жазған Мұрат әскер қатарында жүргенде өзінің темірдей төзімі мен өмірді сүйетіндігін дәлелдеп, ауылға аман-есен аралады.
Елге келген соң училищеде алған мамандығы бойынша жұмысқа кірісті. Содан адал әрі тынымсыз еңбек етті. Ресей, Моңғолия елдерінен ағаш тасымалдап, еңбегін ел игілігіне жұмсады. Совхоз тарап кеткеннен кейін де жүргізуші болып қызмет етті. Қазіргі таңда байқап отырсақ, оның көлік тізгіндегеніне де бақандай 44 жыл болыпты.
Ол өзіне өмірлік жар таңдауда да қателеспеген. Есімі елге таныс Оралбай жылқышының Оразбике есімді қызын өзіне жар етіп, төрт перзент сүйіп отыр.
Оразбике 1960 жылы бұрынғы Семей облысы, Новопокровский ауданының Қызылқұдық деген жерінде туған. Әкесінің темірдей тәрбиесі мен салиқалы сөздерін санасына сіңіріп өскен. Сөйлер сөзін, жүрер жерін біледі. Үлкенге – құрметті, кішіге – ізетті. 1963 жылы Қоянды ауылына қоныс аударған Оразбике Ақмола облысындағы арнайы оқу орнын аяқтап, «сұрыптаушы» мамандығын алып шыққан. Кейін Қоянды ауылындағы дүкенде сатушы болып жұмыс істеді. Қандай жұмыс істесе де, адалдықтың ақ жолынан таймай, ниетінің тазалығын танытты.
1997 жылдан Қоянды ауылының әкімшілігінде бас маман болып қызмет етті. Ал, 2018 жылы зейнеткерлік жасқа толып, еңбек демалысына шықты. Бүгінде алпысқа аяқ басып, жетпіске қарай желкенін түзеген Мұрат аға мен Оразбике жеңгейдің төрт баласы да ата-аналары сияқты халықтың қызметінде. Үлкені Дархан – жүргізуші, ал Асан, Жұлдыз, Раушан – ұстаздық жолын таңдап, ұрпақ санасына терең тәрбие һәм кемел білім нәрін себуде. Қазіргі уақытта Мұрат аға мен Оразбике апайдың шаңырағынан естілген немерелер күлкісі әулетті шаттыққа бөлеп отыр.
Жәлел ШАЛҚАР.