Кинодағы Қазақстан немесе Голливуд көзімен…
«Әлемді мойындату» үшін түрлі кеңестер мен отырыстар өткізіп, тіпті, шетелдің жасы келген актерларын ақша шашып шақырып, соңынан ол фильмді өзіміз жарытып көре алмай жүрген елміз. Көбіне сапасы сын көтермейтін, сыртқа шығаруға ұят туындылар жасайтынымыз да рас. Шынтуайтына келгенде кино дегеніміз идеология. Мәселен, Голливуд фильмдерін алайықшы. «Жер» деп аталатын планетамызға әлдеқандай қауіп төніп, әлемнің ғалымдары бас қосып, мәселені шешпек болады. Соңында АҚШ азаматының бірі бүкіл жер шарын жалғыз қорғап қалып, қалған елдің бәрі жылап алғыс айтады. Осындай сюжетті фильмдерге, АҚШ-тың құтқарушы образда көрінуі заңдылық іспетті.
Енді Голливудтық және басқа да шетелдік фильмдер мен сериалдарда Қазақстан атауының аталуы, оның имиджінің қалай берілуіне тоқталайық.
Атышулы «Борат» фильмін бәріміз білеміз. Саша Барон Коэн осы фильмнің екінші бөлімін түсіруде дейді-міс. Фильм сюжетіне арқау болатын елдің атауы әзірге белгісіз. Дегенмен, бірінші бөлімнің Румын жерінде түсірілгенін айта кетейін.
Қарап отырсақ, біздің елдің атауы біраз фильмде аталады екен. Бұл фильмдердің «Бораттан» басты айырмашылығы көбісінде кейіпкерлер біздің еліміз жайлы бірер пікір айтып қалады немесе еліміздің үстінен сапарлап өтеді.
Сонымен, бұл фильмдердегі шынайылық көбіне ел атауымен ғана шектеліп қалады. Елімізді терроризмнің ордасы етіп көрсету басым. Мәселен, 2008 жылы шыққан, басты кейіпкер рөліне Вин Дизель түсетін «Вавилон наших дней» фильмі. Оқиға 2027 жылды суреттейді. Басты кейіпкер Туроп Моңғолиядан АҚШ-қа Аврора есімді қызды аман-есен жеткізуі керек болады. Сол кезде біздің еліміздің үстінен басып өтеді. Бұл фильмнің ел имиджіне кері әсер еткен-етпегенін дөп басып айту қиын. Өзім аса ұнатпайтын «Қара PR ол да PR» деген тіркесті осы жерде қолданған жөн секілді.
Кристофер Рэй атты режиссердің түсірген «Наемницы» деген фильмі бар. Бұл жерде біздің елді Ислам мемлекеті секілді суреттейді. Фильм сюжеті Америка Президентінің қызын ұрлап әкету, оны құтқару сынды дүниелерден құралған. Ұрлықшы тарап әрине біздер. Бір қызығы қазақстандықтарды да сол баяғы америкалық актерлар сомдаған. Фильм АҚШ Президентінің біздің ел жайлы «Бұл жақта күнде атыс-шабыс. Ал, әйелдерді мүлдем адам санатына жатқызбайды. Оларды құл десек те болады. Олардың құқығы барлық жерде тапталуда»,- дегендей пікірімен басталады. Алтын уақытыңызды бөліп көруге татымайтын фильм.
1997 жылы шыққан «Президент ұшағы» атты фильм бар. Бұл жерде біздің ел КСРО-ны қайта құрғысы келетін коммунистер мекені ретінде көрсетілген. Билік әскерилердің қолына өтіп, қазақстандық әскерилер АҚШ президентін тұтқындамақ болады. Айтпақшы бұл фильм «Ең тамаша монтаж және тамаша музыка» номинациясы бойынша «Оскарды» иеленген.
2005 жылы оқиға желісі біздің елдің өміріне жақындайтын «Сириана» атты фильм жарыққа шықты. Фильмге кілең Голливуд жұлдыздары түскен десек шатаспаспыз. Джордж Клуни мен Мэтт Дэймонның есімі киносүйер қауымға жақсы таныс. Айтпақшы, Джордж көкеміз екінші пландағы ер адам номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын иеленді бұл фильмнің арқасында. 1990 жылдары роберт Баер есімді ЦРУ-дың бұрынғы агенті елімізге сапарлап келген екен. Сол кезде көрген-түйгенін кітап қып жазып, онысы қызу талқыға түскен бестселлерге айналған. Соңында осы фильм шығып отыр. Фильмде «Теңіз» мұнай кен орны, қазақ мұнайы жайлы әңгімелер жиі кездеседі. Фильм мұнай саласындағы Америка рөлін сынға алып, жалпы осы саладағы былық-шылықты, жемқорлықты суреттейді. Содан ба екен, аз ғана уақыттан соң бұл фильмді еліміздің кинотеатрларынан көрсетуге тиым салған.
Испандықтар түсірген La Casa de Papel атты сериал бар. Көпшілікке «Бумажный дом» атауымен жақсы таныс. Соңғы жылдардағы сұранысы артқан сериал десек те болады. Осы сериалда «Қолымыздағы ақшамен біз тіптен Қазақстан спутниктерін де сатып аламыз» дейтін диалог бар. Бұл біздің цифрлы ел болуға ұмтылғанымыздың айғағы болар? Не десек те осындай сериалда еліміздің атын естіген шетелдіктер бір сәт болса да біздің еліміз жайлы ақпарат іздеген де болар. Таяқтың екінші жағы біздің елдегі жемқорлыққа тиіп кеткенін де жасырмау керек…
Еліміздің оң имиджіне әсер ететін эпизоды бар тағы бір фильм ұсынғым кеп отыр. Сильвестер Сталоненің әйгілі «Роккиінің» жалғасы ретінде түсірілген «Крид: Наследие Рокки» атты фильмінің бас жағында басты кейіпкер спарингке шыққан кезде рингтің арғы жағындағы бір қабырғада ілулі тұрған көк байрағымызды байқаймыз. Бұл біздің бокс державасы ретінде мойындалған ел екенімізді білдірсе керек-ті.
Жалпы, санай берсек, тізе берсек бұндай фильмдер жетерлік. Қазақтар түсірген фильмге басқалар тамсанып, басқалардың мақала жазып отыратын күніне жетейік, ағайын!
Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.