«Қорқау»
Адам ашкөздікке арбалып, ардан айрылғанда, айуанға айналады. Ал, айуанның азғыны — ҚОРҚАУ! Қасқырға қатысты «қорқауды» қыстырып, текті түз тағысының қадірін кетіріп жүрген өзіміз, әйтпесе қорқаудың болмысы оның табиғатына таза қабыспайды. Қысқа қайырсақ, қорқау — «сырт пішіні қасқырға ұқсас жыртқыш, артқы аяғы қысқарақ, алдыңғы аяғы ұзын, содан денесінің алдыңғы жағы биік… Басы үлкен, мойны жуан, құлағы үлкен… Мойнының үстіңгі жағында, иық тұсында қылшықты жалы бар… Қорегін түнде аулайды, көбіне өлексемен қоректенеді». Уикипедияға үңілгенде оқығаным осы. Әйтеуір, оңып тұрғаны шамалы! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Жануарларға көзқарас — кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал, бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес» деп қадап айтып, Үкіметке азаматтық сектормен бірлесіп «Жануарларды қорғау туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсыруы тегін емес. Шындығында, қазір қорқаудың екі аяқтысына қарағанда, төрт аяқтысына жылап көрісетіндей жағдайға жеттік. Ай мен күннің аманында аң үшін азамат атылып қалып жатыр. Былтыр жазда сондай оқыс оқиға орын алды. Енді сөзді биыл 4 наурызда Ақмола облысының қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған үкімге сүйеніп сабақтайын.
Қанішерлікке – қадам
2012 жылы 25 шілдеде Қазақстан Үкіметі киікке қырғидай тиюге қатысты 2020 жылға дейін үзілді-кесілді тыйым салған қаулы (№969) қабылдады. Бұл – көзі тірісінде-ақ өзіне жырдан керемет ескерткіш орнатқан қазақтың ақиық ақыны Кәкімбек Салықовтың «Жезкиігі» еді. Амал не, адамның айуаны табиғаттың тамаша тартуына түкірмейтінін тағы көрсетті. Ақыры адам өлімімен аяқталды…
Дала еркесінің дәмді етіне дәніккен, әрі олардың шоғырланған жерін жақсы білетін браконьер А.Бонякевич былтыр 23 шілдеде «Нива» автокөлігінің тізгінін жасы кәмелетке толмаған ұлына ұстатып, таңмен таласып жолға шықты. Бағыт – Ақмола облысы Жарқайың ауданы Бірсуат ауылдық округінің жазиралы жайлауы. Қанжығасы қанданып қайтатынына күмәні қалмаған. Бірақ, мойнына адам қанын артатынын білді ме екен?!
Арада екі сағаттай уақыт өткенде Бірсуат ауылының солтүстік-шығысынан 40 шақырымдай жерден қалың киік кездесті. Жайылымда жайбарақат жатқан табынды топалаң тигендей қылып, бір текені сұлатып салды (кейін сотта белгілі болғандай, келтірген шығын 5 681 250 теңге екен). Бұл кезде «Охотзоопром» инспекторлары К.Мұқанов, Н.Кеуілімжанов, С.Оспанов, Қ.Нұртазинов және И.Перелигин 17 шілдеден бері осы маңайда қызметтік іссапарда жүрген.
Арнаулы белгісі бар «Toyota Land Сruiser» автокөлігіндегі С.Оспанов пен Қ.Нұртазинов қанды қасапқа кіріскен «Ниваны» бетке алды. Келе жатқан кім екенін А.Бонякевич те бірден білді. Автокөлікті тізгіндеген баласына бой тасалауды бұйырды. Инспекторлар қираған қыстаққа қарай ойысқан «Ниваның» соңына түсті. Бірақ, ол берілген бірнеше белгіге қарамастан, тоқтаудың орнына, жылдамдығын үдете түсті. 15 шақырымдай жүргенде қос көлік қатарласты.
Кәнігі браконьер А.Бонякевич қолға түссе қандай жазаға тартылатынын білді, сосын «Toyota Land Сruiser» алға оза бергенде жүргізуші жағындағы бүйірдегі терезеге «ИЖ-43М» мылтығын оңтайлады. Мұны байқап қалған рульдегі С.Оспанов қауіпсіз қашықтықта қалу үшін тежегішті басты. «Toyota» тағы таянғанда қолайлы сәтті қапы жібермеген қанішер артқы сол жақтағы бүйірдегі терезеден атып үлгерді. Автокөлік кілт тоқтады, өзіне қарай ес-түссіз жантая құлаған Қ.Нұртазиновты демеген С.Оспанов сол жақ иығы қатты жарақаттанғанын сезді. «Нивадан» түсіп, мылтығын кезеніп келе жатқан браконьерді көріп, газды басты.
Қандықол қарақшы да із жасырудың қам-қарекетіне кірісті. «Ниваны» сол жерде қалдырып, «346LEA10» мемлекттік тіркеу нөмірін өзімен бірге ала кетті… Көп қан кеткен, жүрегі зақымданған Қаныш Нұртазинов Жедел жәрдем каретасында қайтыс болды… Ауыр дене жарақатын алған С.Оспанов ауруханаға түсті…
Аңыраған апа, ардақтаған ауылдас
Қаныштың қазасы естіген елдің қабырғасына қатты батты. Әсіресе, нәр алған емшегі ортақ бауыр, тегі тамырлас туыс-туған, құлын-тайдай бірге өскен ауылдас қалай күйзелгенін көз көрді. Жәбірленуші жақтың жоғын жоқтаған апасы Жансая қылмыстық іске соңғы нүкте қойылғанша ұйқы мен күлкіні тәрік етіп, барлық сотқа қатысты.
– Қаныш қарғам – отбасындағы бес баланың ортаншысы еді. Өзі де бес баласын, оның төртеуі кәмелетке толмаған, аңыраған анасы мен зар еңіреген жарын артына қалдырып, қанішердің қолынан қаза тапты. Жиырма бес жылдай құқық қорғау органында қызмет істеді. Сосын еңбек демалысына шығып, бұдан үш жылдай бұрын осы жұмысқа тұрып еді. Қайтейік, қапыда көз жазып қалдық?!
Жиырма жыл аңшылықпен айналысқан қанішердің қылмысы алдын ала жауап алу кезінде нақты айғақпен дәлелденсе де, қорғаушысы екеуі небір құйтырқылыққа барды. Атылған оққа күмән келтіріп, криминалисті сот тергеуіне қайта қатыстырып, қосымша сараптама тағайындалып, куәгер шақырылып, дәлелдеуге үш ай уақыт кетті. Артынан аппеляцияға беріп, жарты жылдан астам жүйке жұқартып тағы жүрдік.
Алаңдаған ауылдастар жиі-жиі телефон шалып, көңілімді аулап, «Сот не болды?» деп сұрап қояды. Мен – заңгер емес, педагогпын, не дейін? Қабырғама қатты батқаны – бауырымды атып өлтірген қанішердің бетсіздігі: ең болмаса анамнан кешірім сұрамай, бір жылдан аса қарсы алдымда безеріп отырды.
Мұндайды ешкімнің басына бермесін! Сот десе бауырымның әр қиналған сәті көз алдыма келіп, жүрегім аузыма тығылып, тұншыға тынысым тарылатын. Сот созылып, қатты қиналғанда: «О,Тоба, қапыда көз жұмған бауырымның рухы қашан тынышталар екен?» деп, жаратқанға жалбарынған кезім де болды, – дейді Жансая.
Қызметтік міндетін атқару кезінде қаскөйдің қолынан қаза тапқан қорықшы Қаныш Нұртазинов І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ұлытау ауданының орталығында бір көшеге есімі берілді. Сол көшенің басына табиғатты аялаудың таңғажайып үлгісін танытқан ұланның туған-туысқаны, достары мен әріптестері биыл ескерткіш белгі орнатты. Ал, қарақұмдық жас ақын Нұржан Өкімбаевтың мына өлеңі ауылдастарының аңсарын аңғартып тұрғандай еді:
Бір керуен бет түзеп көшкені ме,
Ағып түсті бір жұлдыз Қоскөлімнен,
Қайықтар да қайраңдап қалады екен,
Айырылса бір сәтке ескегінен,
Болмаса да бұл заман алашапқын,
Ерте жаптың есігін болашақтың,
Бөкен жортқан даланың баласы едің,
Бөкен атқан қанішерден қаза таптың.
Бұл фәниден мәңгілік алашақ кім,
Жігіттік жүрісіңмен дара шаптың,
Қарақұмның құмында ізің қалды,
Көнермейтін куәсі бала шақтың.
Ұрпағыңа ғұмыр жас үйіп берсін,
Сен қорғаған далаға киік келсін,
Бауырында жүргенде байқалмайтын,
Тау секілді әлі де биіктерсің.
Алшаң басып жүруші ең арқа, белді,
Аңыратты сұм ажал алқалы елді,
Түзде жортқан қорқаулар, тас жүректер,
Тас мүсін ғып қор қылды тарпаң ерді.
P.S. Айыпталушы А.Бонякевич жасаған қылмысы үшін жазадан құтылуды көздеп, талай түлкібұлаңға салды. Тіпті, «Тағылған айыпты ішінара мойындаймын, бірақ, ешкімді өлтіру ойымда болған жоқ. Киік көрген жоқпын. Кірпіш пен металл сынығын жинау мақсатында шыққан едік» деп мәймөңкеледі. Алайда, алдын ала тергеу мен жасалған сараптама қортындысын, куәлардың сөзін салмақтап, безбендеген судья адам қанын арқалаған қылмыскерді 18 жылға кесті. Ол жазасын қауіпсіздік барынша қамтамасыз етілген қылмыстық атқару жүйесінің мекемесінде өтейтін болады.
Әлібек ӘБДІРАШ.