Паллиативті көмектен пана табады
Сенесіз бе? Дауасыз дертке шалдығып, жан азабымен жалғыз алысқан, тірілер тізімінен шығып қалған шынашақтай баланың тағдыры мына тасбауыр қоғамды селт еткізбепті. Өркениетті жиі айтатын өлермендер дерті дендеп, келместің кемесін күткен сәбиді ажал жағалауында жападан-жалғыз тастамаудың өзі өркениет белгісі екенін білмейтін білімсіздеу көрінеді. Әке-шешесінен тән мен жан сырқатын жеңілдетуді шырқырап сұрап жатып қанша бала өмірден өтті екен?! Ешкім білмейді. Өйткені, пара алып, пара беруден қолы тимеген қоғамның балаларға паллиативті көмек көрсету туралы ойлануға ынтасы да, мұршасы да жоқ еді. Қоғам белсенділері, соның ішінде Қазақстанның паллиативті көмек көрсету қауымдастығы Президент алдында ашына айтқанда ғана біздің қоғам шошып оянды. Мұз жарылмаса да, сең қозғалды. Қозғауға қолдау білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дейді осы істің басы-қасындағылар. Президент тапсырмасымен паллиативті қызмет көрсетудің жол картасының енді ғана қабылдануы содан екен…
«Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ»
Шынтуайтында, паллиативті қызметке мұқтаж баланың тағдырын тәлкек етуге ешкімнің хақысы жоқ еді. Пешенесіне мына жарық дүниеде санаулы күні жазылғанын, өмірінің өлшеулі екенін іштей сезіп-білген періште жүрекке жылылық пен мейірімді аяп қалу адамдық емес. БҰҰ балаға паллиативті қызмет көрсетпеу – оны азаптаумен пара-пар деп ашық жариялаған.
Паллиативті қызмет – айықпас дертке шалдығып, ғұмырының санаулы күндері ғана қалған науқастарға ауру азабын азайтуды, көңіл күйін аулап, қолдау көрсетуді діттейді. Мұның ел арасындағы құлаққа сіңісті атауы – хоспис. Ересектерде ежелден бар. Ал кішкентайларға жоқ. Әйткенмен, қоғам мұның керектігін сезінгелі қашан. Бұндай қызметтің түпкі ойы – балалықтың бал дәмін сезбей, мына жалғаннан жарығы ерте сөнгелі тұрған балаларға барынша жан-жақты қамқорлық. Былайша айтқанда, медициналық әрі эмоционалдық негізде дем береді. Ғұмыры қамшының сабынан да қысқа жәудір көздерге жан жылуды жабыла төгуге тырысатын қызмет бұл.
– Паллиативті көмек көрсету – салыстырмалы түрде алғанда халыққа медициналық және әлеуметтік көмек көрсетудің Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі жаңа түрі. Сол себепті де мемлекетке оның қажеттілігі мен басымдықтарын барынша дәлелдеуге тура келеді. Елімізде паллиативті көмекті ілгерілету үшін 2013 жылы Қазақстан паллиативті көмек көрсету қауымдастығы құрылды. Бұл – мемлекеттік емес, коммерциялық емес қоғамдық ұйым. Мақсат – түрлі жастағы айықпас дертке шалдыққан паллиативті көмекке зәру адамдардың мүддесін қорғау еді. Біз ем қонбайтын сырқатқа шалдыққан Қазақстанның әрбір тұрғыны, әсіресе, өмірінің соңғы санаулы күндерінде азапсыз өз құқықтарын жүзеге асырып, барынша белсенді өмір сүруіне қол жеткізу үшін жұмыс істейміз, – дейді қауымдастық директоры Гүлнар Қоңырова.
«Қуаныш бөліссе көбейеді, қайғы ортақтасса, азаяды». Ал, мынадай ажал айтып келген жағдайда паллиативті қызмет көрсету тар маңдайдағы келте жазуға мойынсұна отырып, мойымауға жетелейді. Сол жетелеу өмір-өзенін кешіп өтер желкен болмаса да, жабыққанда жұбаныш екен.
Қанша бала паллиативті көмекке мұқтаж?
Қазақстанда дәл мұндай есеп жоқ. Бірақ, қауымдастықтың мәліметінше, 107 мыңнан 137 мыңға дейінгі аралықта паллиативті көмекке зәру науқас бар. Оның 5-6 жарым мыңы – балалар.
– Бұл тек онкологиялық дертті науқастар ғана емес. Паллиативті көмекке мұқтаж аурудың 20 тобы бар. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары, ми-қан айналымы, тыныс алу жолдарының аурулары, диабет, ЖИТС, психикалық ауытқулар, туа біткен дерттер және тағы да басқалары. Елдегі паллиативті көмек көрсетуге қатысты зерттеулерге дейін, сонау алғашқы хоспис ашылғаннан бері ұзақ жолды жүріп өттік. Бұл, ең алдымен, қауымдастық туының астына біріккен паллиативті көмек көрсетудегі энтузиасттердің еңбегі. Олар – үкіметтік емес ұйымдар, хоспис қызметкерлері, – дейді Гүлнар Жайлығалиқызы.
Осынша еңбек те нәтижесіз емес. Көптеген нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліпті. Оқыту-ағарту, түсіндіру жұмыстарына бағытталған шаралардың стандарттары қабылданған.
ҚАРАҒАНДЫ БАЛАСЫНА ҚАЙЫРЫМДЫ МА?
Биыл Қазақстан балаларына арналған паллиативті көмек көрсету қауымдастығы құрылды. Бүгінде қауымдастық Қарағанды облысынан бастап, ахуалды талдап, саралауға кірісті. Осылайша, елдегі балаларға паллиативті көмек көрсетуге егжей-тегжейлі талдау жасамақшы. Қарағанды облысында өзге өңірлердегі секілді паллиативті көмек көрсететін орындар тапшы. Тіпті, қат десе де болады.
– Балаларға паллиативті көмек көрсету – әлемде, оның ішінде, Қазақстанда өзекті мәселе. Денсаулық сақтау министрлігі және Ересектер мен балаларға паллиативті көмек көрсету қауымдастығының көмегімен бірінші рет Жол картасы дайындалды. Қазір оны іске асыру жүріп жатыр. Қарағанды облысында балаларға паллиативті медициналық көмек көрсету қажеттілігіне талдау жасалды. Ондағы мақсат – ресурстарды қайта қарастыру және мұндай қызметке мұқтаж балаларды толық қамту еді. Бұл қызметке жүгінген 122 бала бар екен. Талдау нәтижесі паллиативті орынның тапшылығын көрсетті. Мәселен, облыстық балалар клиникалық ауруханасында реанимация бөлімінде 3 бала жатыр. Өйткені, паллиативті бос орын жоқ, – дейді Қарағанды облыстық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қадиша Оспанова.
Депутат бұл мәселенің шешімін барлық қажеттіліктермен жабдықталған қосымша 8 орын ашу және балаларға паллиативті көмек көрсететін мобильді бригада, мультидисциплинарлы топ жасақтауда деп санайды. Сонымен қатар, бар орындардың толық, талапқа сай жабдықталуы да маңызды болса керек.
– Облыстық мәслихат депутаттары Ересектер мен балаларға паллиативті көмек көрсету қауымдастығымен бірлесе, балаларға арнайы қызмет көрсететін интернат түріндегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің жағдайын зерттеді. Тұрақты күтім керек 39 бала бар. Оларды арнайы тамақтандыруда, арнаулы матрастар беруде, оттегі концентраттарында проблемалар бар. Жеке палаталар қарастырылуы тиіс. Дәрігерлер мен медицина ұйымының қызметкерлерін паллиативті көмек көрсетуге оқыту қажет. Халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне паллиативті балалар жатқан мекемелерге талдау жүргізіп, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, шаралар жоспарын жасауды ұсынамыз. Бұл проблеманың бәрін 11 қазанда Сенат депутаттары мен Денсаулық сақтау министрлігі алдында баяндадым, – дейді Қадиша Оспанова.
ПЕРІШТЕНІҢ АҚЫРҒЫ МЕРЕКЕСІ
Қазақстан балаларына паллиативті көмек көрсету қауымдастығы жобасының директоры Әлия Қадыралиева жоба мақсаты – өмірі шектеулі балалардың қалған ғұмырының лайықты өтуіне мұрындық болу екенін айтады.
– Педиатр-дәрігер, психологтар, көптеген кәсіби мамандармен бірлесіп жұмыс істейміз. Біздің жоба заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылығы арқасында жүзеге асуда. Балалар мен ата-аналарға барлық қызмет тегін.
Орталықта аурудың әртүрлі кезеңіндегі балаларға психологиялық және өзге де көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, балалардың көңіл күйін жақсартуға арналған түрлі шаралар, мерекелер, туған күндер, Жаңа жыл өткізіледі. Балаларға керемет сыйлық жасайтын қайырымды адамдар бар. Ал кей балаға бұл – ақырғы мереке, – дейді Әлия Қадыралиева.
Қарағанды облысы – Алматыдан соң бұл проблемаға жіті назар аударғанның бірі. Балаларға паллиативті көмек көрсетуді ұйымдастыру және жетілдіре түсу аймақта ұдайы талқыланып келеді. Қазір Қауымдастық Қарағанды медицина университеті және Қарағанды интерколледжімен ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Паллиативті медицинаға» мамандану бағытында 17 дәрігерді оқытты. Сонымен бірге, медициналық университеттің базасында зерттеу жүргізу, дәрігерлер мен орта білімді медицина қызметкерлерін дайындау жоспарда екенін айтады Қадиша Базарбайқызы.
Мамандықтар номенклатурасына паллиативті көмек бойынша балалар және ересектер дәрігерін, паллиативті көмек көрсету дәрігерінің біліктілігі сипаттамасын енгізуді сұрайды. Сондай-ақ, паллиативті көмекке мамандану үшін сертификатталған білім беру бағдарламасын дайындау сынды бірқатар маңызды мәселелерді атап отыр.
– Балалар паллиативі негізінде пациенттің санатын көрсететін алгоритм әзірлеу қажет. Денсаулық сақтау басқармасы тек қатерлі ісіктерді анықтайды. Басқаларын есепке алмайды. Себебі, олар балалардың паллиативіне нені жатқызу керек екенін білмейді. Паллиативті қызмет көрсету жөнінде науқастарға арналған емханалар жанындағы күндізгі стационарларды ұйымдастыруда нормативтік-құжат актілеріне толықтырулар енгізу керек, – дейді Қадиша Базарбайқызы.
ТҮЙІН
Сонымен, сең қозғалды. Алайда, әлі де түбегейлі шешілген мәселе емес. Қанша баланың күндіз-түні ажалмен бетпе-бет келетіні әзірге беймәлім. Тіркеу-тізімі жоқ. Неше сәбидің мына өмірге жылап келіп, жылап кетіп жатқанынан бейхабар бұл қоғам.
Күзгі жапырақтай қалтыраған жанымызға жұбату іздеп отырып, әпсана еске түскені. Бала дүниеден ата-анасынан бұрын озса, періштеге айналады дейтін әпсана әлде аңыз бар. Діндар емеспіз, шын-өтірігін білмейміз. Бірақ періштеге дегеннің өзі пендеуи көңілге сәл сабыр беретіндей. Ал, періште көкке көтерілерде адамзат атаулының жүрек жылуын сезінуі тиіс!
…Ғарыш жаққа кетерде періште күрсінбесін, күлсінші. Паллиативті қызметтің миссиясы – осы.
P.S. «Паллиативті» термині латынның «pallium» – «бетперде» немесе «жамылғы» деген сөзінен шыққан. Бұл уақытша шешім қабылдау, проблеманы жамылғы секілді жауып тұруды білдіреді. Алғашқыда осылайша науқастың ауруын жеңбейтін, бірақ ауырсынуын жеңілдететін қандай да бір дәрі-дәрмектер аталды.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ