Облыс әкімі

Бюджет қаражаты – қатаң бақылауда

Облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВТІҢ төрағалығымен, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті XV сессиясы өтті. Онда өткен жылғы бюджеттің атқарылуы және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері қаралды. Жиында әлеуметтік сала, экономиканың нақты секторын дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды және Жұмыспен қамтудың Жол картасын іске асыру бойынша жүзеге асырылған жұмыстар нысанаға алынды.

Күн тәртібінде 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуынан бөлек, Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыру туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің есебі тыңдалып, облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да өзекті мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдардың баяндамасы мен ұсынысы ортаға салынды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқарма және департаменттердің басшылары, облыстық Қоғамдық кеңестің, сайлау комиссиясының һәм бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Бюджет қаражатын тиімді жоспарлау және ұтымды пайдалану – біздің жұмысымыздың басты міндеттерінің бірі. Облыс бюджеті әлеуметтік бағдарланған күйінде қалып отыр. Ең бастысы – азаматтардың әл-ауқатын одан әрі дамыту және арттыру, – деді өңір басшысы.
Мәслихат сессиясында депутаттар өткен жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекітіп, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мәселесіне көшті. Облыста бұл қызметтермен 55 мамандандырылған мекемеде 15 мыңнан астам адам қамтылған.
Екі оңалту орталығы мен 11 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде сауықтыру өткізіледі және жылына 800-ден 1000-ға дейін балаға қолдау көрсетіледі.
Қарағанды және Шахтинск қалаларында қосымша психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталықтары ашылды. Қыркүйектен бастап Қарағандыда түзету кабинеті мен аутизм орталығы жұмыс істей бастайды, – деп Жеңіс Қасымбек облыс бюджеті әлеуметтік бағыт сақтағанын атап өтті.

Сонымен қатар, 2021 жылы облыста білім беру нысандары кезең-кезеңімен жөнделіп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылғанын атап өткен жөн.
Денсаулық сақтау саласында да тегін медициналық көмектің қосымша кепілдендірілген көлемі қамтамасыз етіліп, оның ішінде сирек кездесетін аурулармен ауыратын науқастар үшін 1,3 млрд. теңгеге дәрілік заттар алынған.
Бұдан бөлек, өткен жылы спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру тетігі енгізіліп, бұл бағытта да тиісті жұмыстар атқарылған.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыру туралы есебінде де көптеген өзекті мәселенің жоспарланып отырғаны тілге тиек етілді.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың жасаған баяндамасында да аймақтағы алдағы уақытта атқарылуы тиіс жоспарланған негізгі жұмыстар аталды.

Бүгінде облыс орталығында және Саран, Балқаш, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра және Шет аудандарында тағы бір орталық және алты түзету кабинетін ашу қажеттілігі тұр. Бұл мәселені біз 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен шешетін боламыз. Келесі жылы екі түзету кабинетін және ПМПК ашуды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың соңына дейін Саран және Балқаш қалаларында түзету кабинеттері жұмыс істей бастайды, – деп атап өтті Ермек Алпысов.
Сондай-ақ, аймақта мамандандырылған орталықтар мен ұйымдарда жұмыс істеу үшін сурдо-, тифло-, олигофренопедагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, арнайы психологтар, педиатр-дәрігерлер, психиатрлар, невропатологтар, офтальмологтар, сурдологтар сияқты бейінді мамандардың тапшылығы бар. Депутаттар бұл мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуының жеткіліксіздігі, ғимараттарды жөндеу қажеттілігі және қызметкерлердің жалақысының төмендігі туралы мәлімдеді. Осы мәселелердің барлығы жергілікті атқарушы органдардың араласуын және қосымша бюджет қаражатын бөлуді талап ететіні анық.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтің жасаған баяндамасында облыс аумағындағы жасыл көшеттерді күтіп-ұстау, қорғау қағидаларын және Қарағанды облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру да қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі екені айтылды. Бұл бағытта да алдағы атқарылар істер пысықталып, халық қалаулылары бірауыздан қолдады.

Әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Хадиша Оспанова Қарағанды облысында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету туралы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Қарағанды облысында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жағдайын зерделеу мақсатында облыстық мәслихат хатшысының өкімімен уақытша жұмыс комиссиясы және жұмыс топтары құрылып, олар облыстың барлық қалалары мен аудандарында болды. Атап айтсақ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің 9 мекемесі, білім беру жүйесінің 15 ұйымы және денсаулық сақтау жүйесінің 5 ұйымының жұмысымен таныстық.
Уәкілетті органдардың деректері бойынша, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде қазіргі уақытта арнайы қызметтерді 2 500-ден астам адам алады. Орталықтар мен оңалту орталығын ұстауға республикалық және жергілікті бюджеттен биыл 7 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жүргізіп жатқан ауқымды жүйелі жұмысқа қарамастан, шешуді талап ететін мәселелер бар. Бес орталық бойынша жылумен және сумен жабдықтаудың ағымдағы жөндеулерін жүргізу, мекемені күрделі жөндеу, аумақты абаттандыру, қатты және жұмсақ жабдық сатып алу талап етіледі. Сондай-ақ, қамқорлықтағыларды облыс шегіндегі медициналық, әлеуметтік, дене шынықтыру-сауықтыру, бос уақыт мекемелеріне тасымалдау үшін 1 автобус сатып алу керек» деп басқа да әлеуметтік, білім, денсаулық, спорт сынды салаларда атқарылуы тиіс шаруаларды айрықша атап өтті Хадиша Базарбайқызы.

Жиындағы тағы бір маңызды жайтты облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова халық қалаулыларының талқысына салды.

Биыл актриса, Қазақстанның халық әртісі Шолпан Жандарбекованың туғанына 100 жыл толуына орай ұлықтау шаралары жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының ономастика саласындағы заңнамаларына сәйкес, Қарқаралы ауданы әкімдігінен Қарқаралы қаласының мәдени-сауық орталығына тұлға есімін беру туралы ұсыныс келіп түсті. Осыған орай, қазақ өнеріне қосқан үлесін ескере отырып, туған өңірі Қарқаралы ауданындағы мәдениет үйіне Шолпан Жандарбекованың есімін беру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастикалық комиссиясының қарауына енгізу мақсатында аталған мәселені облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімі әзірленді. Ұсынылып отырған есім Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісіліп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан әзірленген «Тарихи тұлғалар» тізімінен алынды. Аталған мекеме ұсынылған тұлғаның есіміне лайықты қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Қарқаралы ауданы әкімдігінің ұсынысы негізінде және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 25-5 бабына сәйкес осы ұсынысты қолдауларыңызды сұраймын, – деді Гүлнарайым Хасенқызы.

Бұл ұсыныс та жиынға қатысушылар тарапынан бір ауыздан қолдау тапты.

Сессия барысында жалпы 10-нан астам мәселе қаралып, атқарылған жұмыстардың есебі баяндалып, ұсыныстар мақұлданды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button