Біздің сұхбат

Гүлжаһан ҚОЙКЕНОВА: «Әскерилерге медициналық көмек көрсететін жалғыз орталықпыз»

Көбіміздің әскерилерге арналған лазарет барын біле бермейтініміз рас. Жалпы, дәрігер десе, тек көз алдымызға ауруханадағы ақ халаттылар келеді. Ал, темірдей тәртіп, қатаң қағида, тегеурінді талап ортасында жүрген мейірбикелеріміз ұмыт қалады. Мереке қарсаңында лазарет дәрігерлерінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Қарағанды қаласының әскери лазареті басшысының орынбасары, медицина қызметінің майоры Гүлжаһан ҚОЙКЕНОВАМЕН аз-кем әңгімелескен едік…

 

Гүлжаһан Бірлікқызы, келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Әскери салада жүргендіктеріңізден мереке шуағын қатты сезіне қоймайтын шығарсыздар?

– Ол не дегеніңіз (күліп). Мұнда да біз дәрігердің жұмысын атқарамыз. Әскерилерді, олардың отбасы мүшелерін, әскери саладағы зейнеткерлерді емдейміз. Әрине, бізге қойылатын басты талап – тәртіп пен төзім. Біздің медқызметкерлердің еті үйренді десек те болады. Арнайы әскери медицина кафедрасында оқытылады мұның бәрі. Біздің мекемеге жұмысқа қабылдану үшін кафедра оқуы міндеттеледі. Шен беріледі.

Сіздің шеніңіз медицина қызметінің майоры. Қазір бұл мекемеде медицина қызметіндегі шені үлкен кім?

– Иә, шен иелену – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әскери саладағы әрбір жанның алға қойған басты мақсатының бірі. ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай лазарет басшысы Күмісбек Өтегенов «полковник» атанды. Бұл кісі лазарет тарихында алғашқы болып полковник шенін иеленіп тұр. Біз үшін үлкен абырой – бұл.

Бізге сіздердің сала таңсық болғаннан кейін әскери тақырып төңірегінен алыстай алмай отырмыз. Ұжымдағы дәрігерлер жөнінде айта отырсаңыз…

– Лазаретте 2 терапевт, 2 хирург, реаниматолог, көз дәрігері, гинеког дәрігер, невропатолог, ФГС дәрігер және травматолог бар. Өз саласының білгірлері топтасқан. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кафедраны да оқыған. Шет елден оқып келген мамандарымыз – мақтанышымыз. Медицинасы дамыған Белорусь, Қытай елдерінен білім алған медқызметкерлер бар. Жас мамандар келсе, құшақ жая қарсы аламыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен үнемі байланыстамыз. Медицина университеті, медколлеждің студенттері осы жерден келіп іс-тәжірибеден өтеді. Сол кезде ұнатып, осында қалғысы келетін жастар табылады.

Бізді қызықтыратыны – лазареттің медбазасы. Әскерилерді емдейтін әлеуеттеріңізді білгіміз келеді…

– Біз әскерилерге медициналық көмек көрсететін әзірге жалғыз орталықпыз. Осы тұрғыдан келгенде біз жыл сайын қажетті аппараттарды жаңартып отырамыз. Мысалы, жақында ғана көпфункционалды «Қан талдау» аппаратын алдық. Онда анализдің бірнеше түрін алуға болады. Мұндай аппаратты қаладағы басқа медмекемелерден кездестіруіңіз қиын. Сол секілді ЭКГ аппараты, ультрадыбыстық тексеру секілді қажет аппараттар бар. Жылдың соңында Қорғаныс министрлігіне сұраныс жібереміз. Дәрі-дәрмектің 80 пайызы қамтылған. Бағана айтып өттік қой, денсаулық сақтау басқармасымен байланыстамыз деп. Білікті дәрігерлер жиі кеп тұрады. Тәжірибе алмасамыз. Егер, бізге түскен науқастың жағдайы ауыр болып, ота жасау бізге қиындық тудырар болса, онда қаладағы аурухана орталықтарының көмегіне жүгінеміз. Өзара келісім бар. Ал, қалған жеңіл-желпі оталарды өзіміз жасай береміз. Шамамен, күніне 10 шақты адамды түрлі деңгейде қабылдаймыз. Лазаретте жатқызып, ем-дом шараларын жасаймыз.

Жақында дәрігерлердің жалақысы өсті. Маманның тапжылмай һәм табысты еңбек етуі қаржы мәселесіне де байланысты ғой…

– Әрине. Сөзіңіздің жаны бар. Былтыр біздің медицина мамандарының да жалақысы 30 пайызға өсті. Жылдың басында тағы 11 пайыз қостық. Енді, лауазымына, қызметіне қарай өсірдік. Онымен қоса, өздеріңіз жақсы білесіздер, әскери салада отбасының әр мүшесіне пәтер ақысы төленеді. Бастысы, біздегі қызметкерлердің барлығы құлшына жұмыс істейді.

Ел біледі, сіздер коронавирусқа қарсы күресте қарқынды жұмыс істедіңіздер. Еңбектеріңіз жансын дегіміз келеді…

– Ортақ кесапат ауызбірлікке әкеледі. Еліміздің басына қиындық түскенде, антымызға адалдық таныту, халқымыздың амандығына тер төгу басты борышымыздың бірі емес пе? Біз сарбаздар мен офицерлерімізді олардың қызметтік-әскери міндетін еш кедергісіз орындауына, ауру-сырқаудан аман болуына әрі қарай жемісті еңбек ете бермекпіз. Қысқасы, әскерилердің амандығы біз үшін алдыңғы орында. Өйткені, елдің қорғаны – солар.

Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін үлкен алғыс білдіремін.

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button