Ақиқаттың Арқадағы абызы
Ертең – ұлт баспасөзінде «Егеменнен» кейінгі екінші басылым», «Мінезді газет» атанған қасиетті қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газетінің жалғанның жарығына шыққан күні.
89 жыл! 22 849-шы саны. Ормандай оқырманмен осынша жыл бірге болып, осынша мәрте жүздескен екенбіз. Қазыналы өлкенің шерлі шежіресі, ұлтымыздың тамырлы тарихы, өңірдің сәт сайынғы тыныс-тіршілігі, өзекті мәселе, өткір тақырып, жасампаз жетістік пен адамдар тағдыры – газеттің сарғайған тігінділерінде. Тасқа басылған тарих!
Нәубет жылдары жарық көріп, соғыс кезінде халықты рухтандырған ата басылым 1931 жылдың 4 қазанынан бері әр шаңыраққа қуат болып еніп, шуақ болып төгіліп келеді. Тіпті, дәл қазіргі індет үрейі сейілмеген тұста да біздің тілшілер майданның алдыңғы шебіндегі жауынгердей қайратын қамшылап, қажыр танытты. Сол күндерде терлігі құрғамаған жүйріктеріміздің ерлігі лайықты бағаланса дейміз де, баяғы.
«Орталықтың» ерлігі көп. Аға буын қаламгерлер естелігінен кезінде бірнеше ауданның бірінші хатшыларын жылы орнынан жылжытуға ықпал еткенін оқып, естіп жүрміз. Жақсының балын тамызып, шындықтың қанын ағызып жазып келеміз. Компартияның «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деген ұранын сол кездегі Одақ көлемінде бірінші болып алып тастап, маңдайшасына «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген қанатты қағиданы жазған бірден-бір басылым.
Бүгінгі құрам – сондай ұлы дәстүрдің, мейлінше мерейлі мектептің мұрагеріміз. Аманатқа адалдық таныту арқылы игі дәстүр, ізгі жолдан жалтармаған қалпымызда 90 жылдыққа қадам бастық. Яғни, 2021 жылы – «Орталықтың» мерейтойы. Әрине, мерейтой «ас ішіп, аяқ босатар» салтанат-сәні жарасқан бір кешпен шектелмейді. Оқырманға ойлы дүние ұсынып, жаңа жобалармен сүбелі сыбаға ұсынуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Сіздің де талғамыңызды тануымыз шарт, қадірлі оқырман! Бүгінгі сәттен бастап газет оқырмандарымен һәм авторларымен кері байланыс орнату жобасы пысықталуда. Еңбек ұжымдарында, оқырмандар ортасында болып, шалғай ауылдарға шаңдатып барып, кездесулер өткізу де – ойымызда.
Біз 89 жыл бойы Сіздерге арқа сүйеп келдік. Бүгінде тұтас қоғам газеттен «жерініп» отыр. Сол үшін де басылымның мазмұндық сипатын, көркемдік тұрпатын өзгертіп, алшақтап кеткен арамызды жақындату міндеті тұр алдымызда. Салмақты сараптама, ащы ақиқат, тұщымды ойларыңызға, тұлғалар жан сарайына үңілетін сырлы сұхбаттарға орын тұр газетімізде.
…Қабілетіміз қауқарлы болғанымен, мүмкіндігіміз – шектеулі. Айналып келіп, қаржы мәселесін айтамыз тағы. Әрине, жергілікті билік тарапынан жеткілікті көңіл, мемлекеттік тапсырыс бойынша қажетті қаржы бөлініп отыр. Десек те, оқырманымыз өрт шалған ормандай селдіреп бара жатқаны жасырын емес. Жақында Нұр-Сұлтан қаласынан ұлт руханиятының жоқшысы Қайырбек Сәдуақасов ағамыз хабарласты. «Орталықты» жаздырып алғысы келеді. Бірақ, «Қазпошта» қызметі облыстан тысқары жерлерге «Орталықты» жеткізуге мүдделі болмай отыр. Өкінішті!
Ал, біздің ел болашағын тәрбиелеп отырған ұстаздарымыз бен ел тұтқасын ұстап отырған мемлекеттік қызметкерлеріміз «Заң бойынша бізді газетке мәжбүрлеп жаздыра алмайсыз!» деп сес көрсетіп жүр. Неге? Ойыма газеттің 1997-2019 жылдардағы редакторы, парасатты публицист Мағауия Сланбекұлының «Зағип пен газет» деген ой-тамызығы оралды. Автор Қытайдың Шыңжан өлкесіне қарасты Іле Қазақ облысы Шапчал ауданында шоғырланған Сібе ұлтының жасы 80-нен асқан зағип қариясы ана тілінде шығатын жалғыз газетті жаздырып алатынын баяндай келе, қарияның өзінен «Көзің көрмейді, газетті не үшін жаздырып аласың?» деп сұрағандарға «Ана тілімде жарық көретін жалғыз газет жабылып қалмау үшін жазыламын» деген жауабымен түйіндейді. Міне, бізге дәл осы ұлтжандылық жетіспей тұр!
…Мерейлі жылда Ақиқаттың Арқадағы Абызымен бір болыңыздар!
Ерсін МҰСАБЕК.