– Бүкіл елімізде, облысымызда не болып жатқанын «Орталық Қазақстаннан» біліп отырмын. Бір мезгіл теледидар көреміз, онда келін-кепшік, немерелермен жағаласып отыру мен сияқты ақсақалға сән емес қой… Мынадай, белгісіз дерттің қаупінен сақтанып отырғанда, күн аралатып келіп тұратын «Орталығымды» ермек етемін, – деді Дәнен құрдасым. – Есіңде ме, мен биыл күзде сексенге келемін. Ал, саған әлі бір жарым жыл бар…
– Сексеннің қандай болатынын ішім сезеді. Дат, тақсыр, – дедім құрдасымды қапсыра құшақтап.
Осылай басталған әңгімеміз біраз қырдан асты. От кешу, атыс-шабыс болмаса да. Естелік айтыстық. Кезінде Қу ауданы, Егіндібұлақ атанып, Тәуелсіздік алғаннан кейін тарап кеткен бұрынғы Қазыбек би ауданының әр қиырға шашылған азаматтарын, олардың өлі-тірісін еске алыстық. «Семей полигоны» деген сұмдықтың барлық зардабын басымыздан кешірдік. Жапон халқына, Америкадағы Невада еліне тиіп отырған әлеуметтік көмектің жерлес-замандастарымызға бұйырмағанын, Чернобыль маңын мекендейтіндер ғұрлы құнымыз болмағанымызды айттық. Ол аз болса, «жығылған үстіне жұдырық», Орта жүздің бабасы атанған Қаздауысты Қазыбектің аруағын аяққа басқандай өшіріп… Ел аман, жұрт тынышта шет жатқан ауданды жауып, панасыз қалдырды-ау. Тәттімбет күйшінің отанын, азаттық аңсап зарлаған Мәди туған, Әміре Қашаубай, Айтбайдың Ғаббасы мен Елебектің Жақыпбегі мен Жүсіпбегі сынды ұлы әншілердің кіндігінің қаны тамған жер емес пе еді? Ақайдың Хасені мен Нығмет Нұрмақұлы мен Зейнел Боранбайұлындай ұлы ұстаздың басқан ізінен садаға кеткір әкім-сәкімдерді еске алдық. Еуразияға атағы асқан тарихи Қоянды жәрмеңкесінен «Ой, Түндік, маңырап тұрған қой Түндік» аталған кеңістікке көсілген, Абай бабамыздың қайын жұрты, Жиделі-Байсын жұмақ өлкенің астан-кестенін шығарған үкіметтің жосықсыз жоспарына таң қалыстық. Бір жағы Семей мен Керекуге, қиырда Қарағандыға қатынап, мамыражай тіршілік етіп жатқан жұрттың шаңырағын ортасына түсіретіндей қай атқамінердің атасының құны кетіп еді?! Отанымызда осынша зорлық-қорлық көріп отырған кәрі жүрегімізден запыран сорғалады…
– Иә, қойшы, сонымен, болары болды. Ұрпағымыз аман болса, сол әділетсіздікті әлі-ақ алдына келтірер. Елу жылдай байланыс саласында қызмет етіп, сол еңбегімізді еске алар біреу бар ма? – деді Дәнен досым.
Әлдебір күйзеліс бар ойында, үнсіз қалды… Анда-санда қалам ұстайтын ғадетіміз бар. Соны меңзеп тұрау, деп, бірге жүріп, бірге тұрған өмір елестерін кинодағыдай, көз алдымнан өткізе бастадым.
…Ауылдас болмасақ та, жасымыздан білеміз. Тракторшы болдық. Ол көрші МТС деп аталатын техникасы көп өндіріс ошағында, мен екі-үш тракторы ғана бар колхозда. Бұрын көрмеген, тыңмен бірге келген ДТ-54 тракторының тәуірі ересектерде, ескіқұсқы шабаны біз сияқты балаларда. Сындырдық, жөндеген болдық. Бір-екі жыл сонымен кетті.
Дәнен байланыс монтері болып бастады. Жақсы істеді. Түсіпбек Иманғалиұлы деген ағамызбен бірге ауылдың телефонын жөнге келтірді. «Келтірді» дегенім аз-ау. Егіндібұлақтың байланыс жүйесі облыстағы селолық деп аталатын аудандардың ішінде көш ілгері болғандығына, көзі тірі замандастарымыз куә. Сегіздікті басып, басқа қаламен сөйлесу бізден басталған. АТС деген аппаратыңыз…
Дәнендер талпынып, аз жылда техник, механик, инженер атанды. Мен аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі. 1965 жылы жергілікті радиохабар ұйымдастырайық деп райком хатшысы Қасымбек Медиевке бардық. Қолдады. Тамара Смағұлова деген әнші апайымыз райкомда істеймін деп бұлданған жоқ. Әйел дауысты диктор, майын тамызып хабар оқиды, мен материал дайындаймын, әрі оқимын. Дәнен совхоздармен байланыстырып, радиотораптарына қосады. Кәдімгі шығармашылық топ. Аптасына бір рет, жұма күні кешкі сағат 5 пен 6 арасында «Сарыжайлаумен» бастап, аудан жаңалықтарын айтамыз, тіпті, әнші-күйші шақырып концерт береміз. Біздің сол ұйымшыл достығымыз, міне 55 жыл бойы жалғасып келеді.
…Бір жасында әкесі соғыста қаза болып, он үшінде шешесінен айырылған Бейсенбайұлы Дәнен досымның басынан кешкендері сол кездегі біздің құрбыларымызға ортақ. Өз алдына жеке дастанға арқау болғандай. Баяғыда бір әжем айтқандай, «әуелі Сталин, одан кейін Сәбет өкіметі» жеткізді ғой, аштан өліп, көштен қалғамыз жоқ. Анау атақты Отан Мақышұлы мен Күлжәш Маралова сияқты дәрігерлер, Тілеубек Зейнешев, Амантай Рақымов, Серік Әлімов сияқты ел басқарған азаматтар бала сүйіп, немере-шөбере көріп отырмыз. Тәубе дейміз.
Қазіргі жастарға бәлендей қызық болмас, күн артынан күн өтіп жатқан мына өмірде «сексендердің» қатары сиреп бара жатыр, осындай бір-екі ауыз естелік айтып қалсақ деген ғой. Оған себеп болып отырған – мына көкшіл көзді, сидаң шал, ақбас құрдасым. Әзір тың сияқты, әттең бәйбішесі ертерек… деген болмаса. Жоғарыда айтқанымдай, аудан тарап, «балапан басына, тұрымтай тұсына» босып кеткенде, баласының қызметімен Осакаров кентінен қоныс теуіпті.
– Айтпақшы, Осакаровка деген не сөз. Сен түртініп жүресің ғой. Не орысша емес, әлде орысша ма? – деп қалды Дәнен, әңгімемізді бөліп. Меселін қайтармадым. – «Осокорь» деген ағаш, кәдімгі қара терек. Өлкеде, сызды жерде өседі. Құрғақшылыққа да төзімді, тамыр салып алса, көп жасайды. Сонда, мына қалаңыз қазақша «Теректі» болады ғой. Әйтпесе, нағыз Сарыбеліңіз осы. Иманжүсіп айтқандай: «Абылай аспас Арқаның сары белі. Иманақтан Ерейменге дейін созылған қыр-жота, жай көзге байқалмағанымен, географиялық картаға қарасаң да көрініп тұр. Ал, «Абылай неге аса алмады», деп менің уақытымды алма, тарихқа кетіп қаламыз.
– Солай ма? Мұның жөнге келеді екен. Бәсе, ана бір жылы осы «Орталықтан» ғой деймін. Оқып таң қалғаным бар. Өзіміздің ақын Серік жазыпты: «Осакаров деген «Аса қарлы» дегеннің орысшасы», деп. Күлдім де қойдым, сондай сөз бола ма екен. Балаларға айтқан жоқпын. Ұялдым – деп Дәнен жасынан аңғарымпаз, сергек мінезін бір танытып қойды.
– …Жаспыз ғой, көлік жоқ, қазіргідей емес, дүр еткізіп жетіп баратын. Ауылмен байланыс үзіле қалса, велосипедке міне сап, жүріп кетеміз. Столба жағалаймыз, табамыз. Үзілген сымды жалғаймыз. Ыстық демейміз, суық демейміз, таңның тезірек атқанын күтесің… Біреу сізге тапсырма беруі міндет емес ол кезде. Байланыстан ақау шықса, ұйқы-күлкі көрмейсің. Жауапкершілік деген сондай. Жалақы үшін емес, ұят үшін, намыс үшін-ау деймін, қазір ойлап отырсам… Орден-медальді тегін бермейді ғой. Әлде министрдің Алғыс хаты жоғары ма? Ол да бар менде. Бас-аяғы бес-алтау. Көремін десең…
– «Ата, шайға келіңіздер. Сіздерді күтіп отырмыз», деген баланың сөзіне жалт қарадық.
– Немерелерім жақсы. Құдайға шүкір, оқуға ынталы. Біздің жақтың балалары әуелден жақсы оқушы еді ғой, – деп Дәнен тағы бір «хиссаны» бастап келе жатыр еді:
– Егіндібұлақта туып, нашар оқуға болмайды ғой, – деп әзіл араластырып, тұрып кеттім. Дәненнің немересі дәл өзіндей болса, жаман емес, оза берсе, тіпті, жақсы. Тілегім сол.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
журналист.