Қоғам

Ер еңбегімен – еңселі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ дәстүрлі Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өткен болатын. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалып келеді. Осындай бағдарламаларды қажетіне жаратып отырған шаруагердің бірі – Сламбек ҚИНАЯТ.

Ол 2002 жылы ата жұртын аңсап миллиардтар елі Қытайдан қоныс аударған еді. Құжынаған халықтың ішінде жүріп, көштен қалмай, күнкөріс үшін жанталасты. Қазақстанға келген соң да қарап қалмады. Матақ елді мекеніне қоныстанды. Қара жерді қазып, тың технологияны пайдаланып, жылыжай салды. Кәсібі берекелі болды. Мал ұстап, қарасын көбейтті. Күнделікті күнкөріс үшін тек бір шаруамен шектелуді місе тұтпаған Сламбек ағамыз сиыр сауды, қала тұрғындарынан сүт жинады. Қытайдан барып керекті құрылғылар сатып әкеліп, сүт өңдейтін шағын цех ашты. Тибеттік технология негізінде сүт өнімдерін шығарды. Сапалы, таза табиғи өнім – қаймақ, май, ірімшік, құртқа деген халықтың сұранысы мол болды. Былтырғы жылдан бастап қыстақ сатып алып, Чехия мемлекеті мен Қостанай, Петропавл облыстарынан, Осакаров ауданынан 400 бас етті және сүтті ақбас сиырларын әкеліп өсіруде. Әрі мал азығын дайындауға да жіті көңіл бөлген.

– «Сұрасаң аласың, ексең орасың» дейді халық. Биылғы жылы, бидай, арпа, 4 картоп ектім. Бидайға әлі орақ салған жоқпыз. Алдымен арпаны орып жатырмыз, түсім гектарына 16-17 центнер. Голландиялық тұқымды қызыл картоп та көңіл көншітіп отыр. Қандай шаруаны қолға алсаң да ерекше ықылас қою қажет. Мол өнім алуға әрекет еттім. Нәтижелі болды. 300 тонна арпа, бидайды гектарына 14-15 центнерден алсақ 200 тонна, 50 тонна картоп алуды жоспарлап отырмын.Тыңайған жерге еккендікі болар. Одан кейін егістік алқапты қоршап шықтық. Мәселен, егінге жылқы түссе аяғымен таптап жүре береді, әрі біздің жақта қабан бар, қопарып тастайды. Осылардың алдын алу үшін Қытайдан арнайы қоршау әкелдік. Бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Еңбекақыларын уақытында төлеймін. Арасында жем-шөппен де есептесеміз.

Мемлекеттік «Сыбаға», «Ырыс» бағдарламаларын да кәдесіне жаратып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Қарқаралы несие серіктестігінен» 117 млн. теңге несие алған. Қаражатты шашау шығармай, тиімді пайдаланып, шаруашылыққа қажетті техникаларды сатып алған. Шаруашылыққа тиесілі 5 техника бар. Биыл 60 бас сиыр сауып, 3 тонна сары май мен 3 тонна құрт жинаған. Жәрмеңкеге шығаруды жоспарлап отыр. Әр қолға алған шаруасына тәуекелмен кіріседі. Алдымен, «түйеңнің күшін біл, содан барып, артатын жүгіңді жоспарла» деген қағиданы қатаң ұстанған Сламбек Қинаяттың алдағы жоспары ауқымды. Тынбай еңбек етуді әдетке айналдырған. Ерінбейді, көп ізденеді. Содан болар, егістікке қажетті тыңайтқышты малдың тезегінен ашыту әдісі арқылы дайындамақ. Сонымен қатар, келер жылы майлы дақылдар егіп, сүттің майлылығын арттыруды көздеп отыр. Құс шаруашылығын да дамытпақ.

Белден келетін жайқалған сары бидай егістігі мен дәннен басын көтере алмай тұрған арпа алқабы шаруашылық басшысының ерен еңбегі. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген осы болар. Өзі еңбекқор, өзі экономист, өзі маман, өзі жұмыскер, жаңашылдыққа жаны құмар тәуекелшіл азаматтың еңбегіне сүйсініп қарайтындар көп. Бірнеше кәсіптің тізгінен ұстап отырған шаруагердің иелігінде бүгінде жалпы құны 2 млрд-қа жуық жылжымайтын мүлік бар.

Еңбегі жемісті, шаруасы келісті Сламбек Қинаят кең байтақ жерді игеруде көптің бірі болып еңбектене беремін дейді. Лайым, солай болсын!

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button