Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Әйел – өмірдің гүлі

Әйелдердің халықаралық күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК аймақтың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген әйелдер қауымымен кездесіп, құттықтады. Шақырылған қонақтардың қатарында мұғалім, дәрігер, мәдениет және спорт қайраткерлері, кәсіпкер, полицей, көпбалалы аналар бар. Аймақ басшысы 7 бала тәрбиелеп отырған Айнұр САФАРОВАҒА «Алтын алқа», Әсел ӘУБӘКІРОВА мен Сәуле ТӨРЕБЕКОВАҒА «Күміс алқа» табыстады. Сонымен қатар, ел дамуына айрықша еңбегі сіңген 5 әйелді ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапаттады.

– Әйел – өмірдің гүлі. Отбасының Темірқазығы. Қазақ «Жұмақ – ана табанының астында» дегенді текке айтпаған ғой. Аналарымыз аман болғай. Бұл мейрамды анаға тағзым етудің бір белгісі деп білемін. Нәзік жандарымыз арамызда гүлдей құлпырып, жаздай жайнап жүре берсін. Арулар – асыл жандар. Қыз бала – ертеңгі жар. Ұлағатты ана. Сондықтан, жанымыздағы жандарды бағалай білейік. Мереке құтты болсын, – деді Жеңіс Махмудұлы.
Мемлекет басшысының бұйрығымен биылғы жыл – «Балалар жылы» деп бекітілді. Осы тақырыпты негізге ала отырып, жиылған әйелдер қауымына бала тәрбиесі жайында баса айтты. Сондай-ақ, бала тәрбиесіндегі әйелдің рөлі мен ананы қолдаудағы мемлекеттің маңызы жайында кеңінен сөз қозғады.
– Өзім Өзбекстаннан көшіп келгенмін. Осыдан 2 жыл бұрын «Күміс алқа» алған едім. Биыл алтынға іліктік. Қазір кішкентайымның жасы бір жарымнан енді асты. Мереке қарсаңында облыс әкімінің қолынан аламын деген ойға да кіріп шықпапты. Бұл мереке мен үшін ұмытылмайтын күннің бірі болып есімде қалды, – деді Айнұр Талғатқызы.

Көпбалалы аналар қатары жыл санап артып келе жатқанын байқауға болады. Көпбалалы аналарға берілетін баспана санының көбейіп келе жатыр. Мысалы, былтырғы жылы 2600 пәтер кілті тапсырылса, оның тең жартысы көпбалалы аналарға тиесілі екен. 2020 жылы аймақтағы көпбалалы аналар саны 15 мыңнан асса, биыл олардың саны 18 мыңға жеткен.
– Ұстаздар қауымының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі орны ерекше. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, бала тәрбиесінің негізі – отбасында қалыптасады. Ата мен әженің, әке мен ананың, ұстаздың ұлағатын көрген бала адамзат алдында арлы болып өседі. Ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Әбікенова. Ал, жеке кәсіпкер Меруерт Бақбергенова:
– Мен де бір үйдің келінімін. 4 баланың анасымын. 4 немере сүйіп отырған әжемін. Ата-енеммен бірге тұрып жатқаныма – 30 жыл толды. Әр әйелге ана бақытын, әйел бақытын тілеймін, – деді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button