Балалар жылыБас тақырып

Балаңыз қандай кітап оқып жүр?

«Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын», – деген екен әйгілі жазушы Максим ГОРЬКИЙ. Сол рас сөз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жақсы мен жаманды, оң мен солды ажыратып, өмірдегі түрлі құбылыстарды ақыл таразысына салып өлшеп, елеп-екшеу үшін енді өсіп келе жатқан балаға кітап оқудың маңызы орасан зор. Жә, о бастан анық дүние ғой бұл. Балаларға кітапты қалай оқытамыз және қандай шығармалар ұсынамыз? Бар мәселе осында.

Смартфоннан сыр түйіп, сезім-күйді смайликпен жеткізетін заманда кітап оқитын бала таппайсыз деген уәждерді жиі естиміз. Десе де, бұл мектеп жасындағы балалар кітап оқуға мүлдем құмартпайды деген сөз емес. Ақыл-есі түзу ата-ана кітаптың телефоннан мың есе артық екенін айтпайды емес, айтады. Бәлкім, біз не оқыту керегін білмейтін шығармыз…

Осы тұста балалар әдебиетінде қазіргі балалардың талғам үдесінен шығатындай туындылар бар ма және ол не туралы деген заңды сұрақ туындайды. Сол жөнінде қандай қарекет жасап, нендей нәтижелерге ұмтылдық екен деп аз-маз ізденіп көрдік.

 

Рас, қазіргі баланың талғамы бөлек, танымы басқалау. Олар аспан әлемі, өзге ғаламшарлықтар туралы фантастикалық, шытырман, детектив жанрындағы шығармаларға қызығушылық танытады екен. Мұндай туындылар біздің төл әдебиетімізде де бар. Әрине аз, бірақ жоқ емес. Қазақ әдебиеттанушылары балалар әдебиетінің үздік бестселлері деп мына туындыларды атайды: жазушы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионері», мәдениеттанушы, мифолог Зира Наурызбаева мен жазушы Лиля Калаус бірігіп жазған «Бату мен оның достарының басынан кешкендері» атты фэнтези жанрындағы бірнеше циклды туындысы (оның ішінде қазақшаға аударылған «Алтын тостағанды іздеу» кітабы) және жазушы Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем» шығармасы. Қазір бұл туындыларға сұраныс өте көп. Балалардың қазіргі талғамына сай келетін шығармалар болғандықтан да тез тарап кеткен, насихатталу жағы да айтарлықтай жоғары.

«Ауылдан шыққан миллионер» атты туындының авторы, жазушы Сәуле Досжан бұл кітап балаларды еңбекке баулитын, ілгері жылжуға, жақсы оқып, аянбай еңбек етуге шақыратын мотивациялық шығарма екенін айтады.

– Балалар әдебиетінде бір керемет шығарма жазсам екен, қазақ балалары кішкентайынан нарық заңын біліп, өмір сүрудің құпияларын біліп өссе екен деп армандайтынмын. Сол көп жылдан бері ойлап жүрген арманыма былтыр пандемия кезінде жеттім, – депті кітап авторы.

– Назарбаев мектебінің бір оқушысы шығармадағы басты кейіпкер Жомартты «бүгінгінің Стив Джобсы» деп айтыпты. Осы сөзден-ақ шығарманың басты идеясын аңғаруға болады, – дейді жазушы.

Шығарманың жазылу стилі жасөспірімдердің қабылдауына жеңіл, оқиғалар желісі оқырманға мотивация беретін қызықты сюжеттермен өрбиді. Мұнда автор басты кейіпкер Жомарттың іс-әрекеті арқылы білім мен еңбекті үлгі етеді.

«Бату мен оның достарының басынан кешкендері» атты ертегіні қазақ мифологі Зира Наурызбаева мен орыс тілді жазушы Лилия Клаус бірге жазды. Бұл кітап тек 8 бен 12 жас аралығындағы оқушыларға ғана емес, сонымен бірге үлкендерге де оқуға арналған. Кітаптың басты кейіпкерлері адамдар арасындағы бейбітшілік пен келісім символы саналатын «Алтын тостағанды» іздейді. Бату осы сиқырлы артефактіні қайдан іздеу керек деген жаңа теорияға ие. Алайда, Саша саяжайдағы жігіттердің естіген жұмбақ болжамы достардың жоспарларын мүлдем өзгертеді және олар қауіпті әрі қызықты оқиғалары бар таңғажайып елге тап болады. Ертегі қазақ мифологиясының сюжеттерімен, қазақ халқының мәдени дәстүрлерімен және оның тарихымен тығыз байланысты. Достар алтын тостағанды таба ала ма? Олар әлемді құтқара ала ма? Әр кейіпкерде қандай ерекше қабілеттер оянады? Кітап балаларға арналған десек те, ересектер үшін қызықты. Себебі, әр оқырман жаңа тарихи ақпарат алады.

Ал келесі Рүстем Сауытбайдың фэнтези жанрында жазылған «Шоко әлем» атты 2 томдық кітабында қиял-ғажайып оқиғалар мол қамтылған. Мұндағы заттардың бәрі шоколад пен халвадан жасалған. Бұл тәтті әрі таңғажайып әлемде Елдес пен Рауза атты кейіпкерлер қызықты саяхатқа шығады. Олар ұрланған сиқырлы шоколад дәндерін еліне қайтаруды мақсат етеді.

Міне, үздік бестселлердің қатарына кірген туындылардың қысқаша мазмұны осындай.

Одан бөлек, белгілі қаламгер Саят Қамшыгер қазіргі балалардың танымына татитын мына кітаптарды атайды: Гүлдана Мұхтарбек пен Сәуле Жанғазының «Супермен» немесе өмірдегі басты мақсат» атты кітабын, балалардың жан дүниесін емдеуге арналған психолог-жазушы Алуа Есболатқызының «Ерекше ертегілер» атты шығармасы мен жоғарыда айтқан Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлемі». Сонымен қоса, балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген Кеңес Оразбекұлы мен Мейіржан Жылқыбай атты қаламгерлердің шығармалары мен ертегілерін де ұсынады.

Былтыр «Балалар әдебиеті жылы» аясында жарық көрген 100 кітаптың тізімінде осы аталған қаламгерлердің шығармасымен қоса, жаңа есімдер мен жаңа кітаптар бар.

Ақын Саят Қамшыгердің башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтен аударған «Тастамашы, ана» атты шағын аударма кітабы бар. Бұл кіші түгіл үлкенді де жылататын, жүрекке қозғау салатын, көңілге жылу ұялататын туынды. «Әзірбайжаннан қайтып келе жатқан кезде өзбектің аудармашысы, ғалымы Махфуза Артыкова ұшақта жылап келе жатты. Мен одан бір жері ауырып отыр ма деп сұрасам, ол күлімсіреп «мына кітапты оқып, соған жылап келемін» демесі бар ма? Сөйтсем, ол мендегі бар «Не оставляй, мама!» екен. Үйге келген соң бұл кітапты келіншегім мен қызым, ұлым таласа жүріп оқып шықты. Одан кейін кітапты мен де оқыдым. Оқып болған соң аударуға бел будым», – дейді қаламгер.

Жалпы, балаларға арнап өлең жазып жүрген қаламгерлер қатары көп. Бәлкім, білмессіз. Серікбол Хасан, Олжас Қасым, Асылан Тілеген секілді талантты ақындар бар. Олардың бүлдіршіндерге арнап жазған әр өлеңі ойға қонымды. Тіпті, «Балапан» телеарнасынан балаңыз күнде тыңдайтын әннің сөзін жазған балалар ақыны Серікбол Хасан екенін білмеуіңіз де мүмкін.

Жақында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғайдың құрастыруымен «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» атты он томдық кітап жарық көрді. Мұнда қазақ балалар әдебиеті бағытында қалам тербеген азаматтардың өлеңдері мен әңгімелері, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, мысалдары мен хикаяттары енген. Антология «Қуыр-қуыр, Қуырмаш», «Ағайынбыз бәріміз», «Бейбіт күн», «Ғажайып құмыра», «Балапан», «Алтын киік», «Ортаншы ұл», «Алатау ертегісі», «Қарлығаштың ұясы», «Мынау ғазиз дүние» атты он кітаптан тұрады. «Қазақ кітап өндірісінде тұңғыш рет жарық көріп отырған бұл антология балаларға ғана емес, әрбір ата-ана, балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, жалпы бала тәрбиесіне бейжай қарай алмайтын исі қазаққа өте қажет», – депті құрастырушы.

Расында, осындай жауһар дүние әр қазақтың төрінде тұрса, қандай ғажап болар еді!..
Шетел әдебиетінен де сусындаймын деген балаларға «Фолиант» баспасы үздік аударма кітаптарды ұсыныпты. Олардың қатарында А.Гриннің «Алқызыл желкен. Хикаят. Толқын перісі», Жонатан Свифттің «Гулливердің саяхаты», М.Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері», В.Обручевтің «Жұмақ жері», Эрих Распенің «Мюнхгаузеннің хикаялары» және А.Линдгреннің «Ұзыншұлық Пипиі» бар. Бұлар шытырманға толы шығармалар. Ал, қазақ әдебиетінен «Қазақ халық ертегілері» жинағы мен Әлия Беркімбаева жазған «Дәуіт атайдың ертегілері» осы үздіктер қатарында. Сондай-ақ, баспаның өзі аударған Тулин Көзікоғлудың «Арман керек адамға» еңбегі мен Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағы да бар екен.

Қазір елімізде балалар әдебиетін басып шығарумен айналысатын «Фолиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мектеп», «Балалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» баспалары және «Атамұра» корпорациясы бар. Сонымен қоса, әр баспаның Instagram желісінде парақшасы да бар. Егер баспаның кітап дүкені болмаса, арнайы сілтемеге жүгініп, әр кітапқа тапсырып беруге болады. Осы баспадан шыққан кітаптар облыстық, қалалық кітапханаларға да келіп түседі. Тіпті, кей кітаптардың сканерлерген нұсқасын интернеттен тауып, балаға телефоннан да оқытуға мүмкіндік зор.

Сонымен қоса, балаларға арналған «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Ақжелкен», «Айгөлек» журналы мен «Ұлан» газеті секілді республикалық басылымдар жас өрендерге рухани азық бола алады. Бірақ осы газет-журналдарды балаларына жаздыртып алатын ата-аналардың қарасы қалың емес. Оны мойындау да керек шығар. Дегенмен, бұл басылымдардан қазіргі заман баласының танымына сай тағылымды дүниелерді табуға болады. Керек десеңіз, қазақ балалар әдебиетінің қазіргі өкілдерінен де хабардар боласыз. Себебі, олардың әңгімелері, өлеңдері сол басылымдарда жиі жарияланады.

Балалар әдебиетіндегі классикалық туындылар қатарында Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» мен «Жабайы алмасы», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», Марат Қабанбайдың шығармалары бар. Рас, бұлар өлмейтін және тізімнен түспейтін шығармалар. Біз өзіміз де жас күнімізден осыларды оқып өстік. Мектеп мұғалімдері оқушыларға жазғы каникулға шығар алдында оқитын көркем әдебиеттер тізімін береді. Сондай тізімнің ішінде осы қаламгерлердің шығармалары міндетті түрде енеді. Осы ретте баланың кітап оқуына мұғалімнің де рөлі бар екенін ұдайы ескеру қажет.

«Бүгінгі баланың сабақ оқуы ата-ана мен ұстаздарға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті балаларды кітапқа баулуда ата-ана мен мұғалімдердің алар орны ерекше екенін ұмытпауымыз керек», – дейді республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов.

Біздің айтпағымыз, мұғалімдер де қазіргі әдеби үдеріспен үнемі ілесіп отыруы тиіс. Сонда балалар әдебиетінің таңдаулы туындыларымен бала да, ата-ана да таныс болар еді.

Балаға кітап оқытудың үлкен идеологиялық мәні бар. Мұны сіз бен біз жақсы білеміз.

Баланың оқыған әр кітабы – оның даму баспалдағы. Жақсылық пен адамгершілікке, ізгілік пен мейірімділікке әдебиет өзі-ақ тәрбиелейді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button