Жағымды жаңалық

Кеме жасаудан жерлестер озды

Қарағандыда 22-26 маусым аралығында кеме модельдеу спорт түрінен XI республикалық Жазғы Қазақстан оқушылар гимназиадасы өтті. Чемпионатта еліміздің әр өңірінен келген 7 команда бақ сынасты.

  Кеме жасау спортына жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Елімізде биылғы чемпионат 27 рет өткізілді.

– Біз чемпионатты жыл сайын өткіземіз. Кеме модельдеушілерінің саны артып келе жатқаны қуантады. Тараз, Ақтау және Орал қалаларынан жаңа командалар келді. Қарсыластардың бәрі мықты, ешкімге есе жібере қоймайды, – дейді Қазақстан кеме жасау спорты федерациясының президенті Сергей Оконечников.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жарыс бағдарламасында стендтік көрсетілім, кеме модельдерінің старты, сондай-ақ, радио басқарылатын қайықтардың жарысы болды. Спортшылар барлық кемелерді қолмен жинайды. Кемелер әскери және азаматтық кемелердің нақты шағын көшірмелері.

Қатысушылардың жасы әртүрлі. Чемпионаттың ең кіші қатысушысы – 7 жаста, ал ең үлкені – 73 жаста.

Батыс Қазақстан облысынан келген Ерасыл Есқара биылғы чемпионатқа төртінші рет қатысып отыр.

– Осы уақыт ішінде мен жеті модель жинадым. Қазақстан чемпионатына төртінші рет қатысып отырмын. Үнемі жүлделі орындарға ие болдым. Маған жылдам кемелер модельдеу көбірек ұнайды. Мен үшін ең қиыны – стенд. Бұл спорт түрінде қолмен жұмыс істеу ғана емес, сонымен қатар физика мен химияны жақсы білу маңызды.

Қарағанды облысының кеме жасаушысы Александр Леванов та кеме модельдеуге техникалық пәндерді жетік білу керек дейді:

Мен 60 жылдан астам осы спорт түрімен айналысып келемін. Мен 9 жасымда «Шебер қолдар» үйірмесіне келдім, содан кейін «Кеме модельдеу» мамандығын таңдадым. Мектеп базалық білім береді, бірақ ол қолданбалы білім бермейді. Яғни, сіз математиканы білдіңіз делік, бірақ бұл білімді қайда қолдану керектігін білмейсіз. Ал үйірме математика формулаларын қолдана отырып, мидың басқаша жұмыс істеуіне үйретеді, – дейді кеме жасаушы А.Леванов.

Жалпы командалық есеп бойынша Қарағанды облысы І орынға ие болды. Ал, Батыс Қазақстан облысы ІІ орын, Ақтөбе облысы ІІІ орын алды.
Чемпионатқа қатысушылар түрлі модельдер класында өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық және жеке сынақ болады. Үздік кеме модельдеушілері дипломдармен, кубоктармен және Қазақстан чемпиондарының сертификатталған медальдарымен марапатталады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button