Балаларды қорғау және туризмді қолдау – маңызды
«Балалар жылында» жүзеге асатын жұмыс ұшан-теңіз. Балалардың әлеуметтік жағдайы, қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Мәселен, Жезқазған қаласында, мүгедек баласы бар 11 отбасыға баспана беріледі.
Жаз маусымындағы бос уақытын тиімді ұйымдастыру да билік назарынан тыс қалмаған.
Сонымен қатар, ел экономикасын еселеуде ішкі туризмнің маңызы зор. Осы орайда, тарихи орындарымен елге мәлім аймақта аталмыш саланың даму барысы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен аппараттық жиында кеңінен қаралды.
Билік «Бар жақсылық – балаға» деп, өскелең ұрпақтың жағдайына жіті көңіл бөліп келеді. Олардың денсаулығы, тұрмыс жағдайы, бос уақытын тиімді пайдалану да жауапты органдардың назарынан тыс қалған емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауы өскелең ұрпаққа деген қамқорлық аясын кеңейтуге, қолдауға кеңінен жол ашты.
Жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы, қосымша білім беру ұйымдарымен қамтылуы, қауіпсіздігі, жазғы уақытта сауықтыру лагерьлеріне жіберу, тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова баяндады. Балалардың денсаулығы да басты назарда екендігін, әрі алда атқарылатын жұмыстар жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Төлегенова және балалар бастамашылығын қолдау, талантын ұштау, мәдени-шығармашылық деңгейін шыңдау, өнерге деген құлшынысын арттыру мақсатында жасалып жатқан іс-шараларды мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов тізбектеп өтті.
– Мемлекет басшысының «Балалар жылын» жариялауына орай, облыста барлық іс-шаралар жоспары бекітілді. Оны іске асыруға бюджеттен көзделген қаражат есебінде шамамен 9 млрд. теңге жұмсалады. Білім беру саласы бойынша бекітілген шараларды жүзеге асыруға 5 млрд. теңге көзделген. Оқушыларды әлеуметтік қолдау үшін жалпы білім беру қорынан 2 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жалпыға міндетті оқу қорынан әлеуметтік осал отбасыларынан шыққан 18 мың бала көмек алады. Жаңа оқу жылының басында осы санаттағы барлық балалар кеңсе тауарларымен, киім түріндегі материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі. Биылғы оқу жылында 100 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұған бюджеттен 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді, – дейді басқарма басшысы Г.Қожахметова.
Сонымен қатар, ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары да жүзеге асуда. Атап айтқанда, жаңа оқу жылында Шахтинск қаласындағы психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, Қарағанды қаласында аутизмі бар балаларды қолдау орталығы, инклюзияны қолдау кабинеттері өз жұмысын бастамақ. Бұл мақсатқа 62 млн. теңге қарастырылған. Бұдан басқа Саран қаласында коррекция кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың 37 және халықаралық олимпиаданың 15 жеңімпазына ақшалай сыйлықтар табысталған. Биыл алғашқы рет ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушылар арасында пәндік олимпиада өткізілген. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары дабыл түймелері, дауыстық хабарлау жүйесімен қамтамасыз етіліп, турникеттер орнатылып, мамандандырылған күзет қойылды.
Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектеп жанындағы үйірмелер жүйелі жұмыс жасауда. Оларға бүгінде 200 мыңға жуық бала барады. Жазғы демалысты ұйымдастыруға бюджеттен 350 млн. теңге қаражат бөлініп, демалуға жан-жақты жағдай жасалуда.
Бала денсаулығы басты назарда. Дені сау ұрпақты дүние әкеліп, оның дұрыс өсіп жетілуі мен тиісті қамқорлықты сезінуі медицина саласына тікелей тәуелді. Жыл соңына, дейін 200 орындық балалар ем- ханасының құрылысы аяқталмақ. Шахтинск қаласындағы перзентханаға, облыстық перинаталды клиникалық ауруханасына, облыстық клиника жанындағы әйел денсаулығы орталығы мен Жезқазған қаласындағы көпбейінді аурухананың перзентхана бөліміне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әрі балаларға медицина саласындағы қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «ашық есік» күндері аясында диагностикалық тексеріс, білікті дәрігер мамандардан кеңес алу және «Балаларға күлкі сыйла» атты тіс дәрігерлерінің қайырымдылық акциясы өтетіндігін айтып өтті Б.Төлегенова.
Балалар шығармашылығын қолдау аясында да көптеген шаралар жүзеге асқан. Бұл жөнінде мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Жұмакенов өз хабарламасында егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, жас таланттарға арналған музыкалық бағыттағы «Болашақ таланттар форумы», «Баршаға арналған өнер» бағдарламасында тегін қойылымдар көрсетілсе, «Туған елге мың алғыс», «Би әлемі» мәдени шаралары мен кітапханалық, музей, телевизиялық жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек етті.
Осы орайда, Қарағанды қаласының әкімі Е.Бөлекпаев та «Балалар жылы» аясында облыс орталығында 150 іс-шараның жоспарланғанынан хабардар етті. 350 бала «Жасыл ел» еңбек жасағында жүрсе, 500 бала Нұр-Сұлтан қаласына қыдырып баратындығы да айтылды. Сонымен қатар, балалардың ойын алаңдарының қатары да өсіп келе жатқандығы байқалады. Балаларды қорғау күніне орай, «Кішкентай талант» атты қалалық балалар шығармашылығына арналған фестиваль, «Бақытты балалық шақ» атты Қ.Әбілдинаның музыкалық мек- теп-студиясының концерті, «Бала барысы» атты қалалық турнир өткізу жоспарлануда.
Жиында қаралған өзекті мәселенің бірі – аймақтағы туризм саласының даму барысы туралы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева баяндап өтті.
– 2021 жылдың қорытындысы бойынша сырттан келетін туристер саны 9,5 мың адамды құрады. 2022 жылы карантиндік шектеулерді алып тастауға байланысты ағын 2,5 есеге – 23,8 мың адам деңгейінде артады деп күтілуде, – деп хабарлады кәсіпкерлік басқармасының басшысы Т.Аблаева.
Бүгінде Балқаш көлінде инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Бертіс шығанағы аймағында электр беру, сумен жабдықтау және су бұру желілері іске қосылады. Осыдан кейін инвесторларға туристік нысандарға жаңа жер телімдері ұсынылады. Бұдан басқа, Тораңғылық және Шұбар-Түбек кенттеріне инженерлік коммуникациялар жүргізу үшін ЖСҚ әзірленуде.
Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» ұлттық табиғи паркінің 10 туристік бағыты мен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені, Қарқаралы ауданындағы Ұлттық табиғи паркінің 11 туристік бағыты мен 35 демалыс орны туристерді қабылдауға дайын екендігін айтты. Отандық туризмді дамытудағы өзекті мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, ішкі инфрақұрылымды дамыту маңызды. Мәселен, Балқаш-Қарағанды бағытындағы жол құрылысының аяқталмауы, Қарқаралы-Қарағанды бағытындағы күрежолдың сын көтермейтіндігі әрі интернет пен байланыс жүйесінің жұмысы да сөз болды.
Маңызды сұрақтар көтерілген келелі жиында қала басындағы ағаштарды бейберекет кесіп жатқандығы айтылды. Алайда, қала әкімі Е.Бөлекпаев «Ешқандай мем- лекеттік мекеме ағаш кесуге рұқсат бермейтіндігін» жеткізді. Құстардың ұясы тұрған ағаштардың кесіліп жатқандығы жөніндегі әлеуметтік желідегі талқылауға нақты жауап беру қажеттігі тапсырылды. Осы орайда, облыс басшысы:
– Өткен аптада ағаштарды кесуге қатысты бірқатар шағым болды. Тұрғындардың шағымы орынды. Біріншіден, кесуді қажет ететін жерде ағаш бұталары кесілмейді. Қурап қалған ағаш жылдар бойы тұрады. Нақты жағдайлар ескерілмейді. Санитарлық кесу құстардың өліміне әкелмеуі керек. Бұл ағаштарды ұялармен және тірі құстармен бірге кескендігі – барып тұрған қатыгездік, – деді Жеңіс Қасымбек. Бұған жол беріп, нормаларды бұзғандарды қатаң жазалау керек екендігін ескертті.
Сағыныш ӘБІЛ.