Жаңалықтар

“Алаш қозғалысы” идеясы және Тәуелсіз Қазақстан

Алаш зиялыларының «мәдени автономия» және «тәуелсіздік» туралы идеясы – Тәуелсіздік жолындағы басты идея. Өзінің сан ғасырлық тарихында қазақ ұлты отыз екі рет толық құрып кету қаупін бастан өткерді. Осының бәрінде Ұлт өз бойынан рух пен күш-қайрат табу арқасында аман қалып отырған. Намыстың даму деңгейінің ең жоғары шегі – Ұлттың тәуелсіздігі мен бостандығы. Шынында да «мың өліп, мың тірілген» қазақты әр қилы тарихи жағдайлардан аман алып қалған, қазақ халқына тән қасиет – намыс болса керек.

 

Халық идеясыз, ал мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды. Халықты құрметтеп, оның мүддесіне адал қызмет ету, келешек ұрпақтың игілігіне пайдасы мол қызмет ету, жеке адамды да, халықты да ізгілікке бастайтын түсінік. «Адамға өмір не үшін беріледі?» – деген сауал жырауларымыздың даналығында ғасырлар бойы талқыланып отырды. Тұлға да, жеке адам да халықтың өкілі. Сондықтан да, жеке адамның басына келген бақ, дәулет халық игілігінен оқшауламауы тиіс. Асанқайғы идеясының уақыт талабымен бірге жүріп отыруының басты себебі сол. «Ғылым не үшін қажет?», «Адамның білімділігі несімен ерекшеленеді?» – деген сауалды бүгінгі күн тұрғысынан зерделейтін болсақ, әрине, бұған қатысты нақты жауапты тарихта қазақ жыраулары айтып кеткен.

Нағыз ғалым болу терең білімді талап етеді. Нағыз білім тарихтың тағылымын, даналар ұғымын дұрыс зерделеп, дұрыс ұғынумен келген. Осы дәстүрдің арқасында ғасырлар бойы ұлт мүддесіне қызмет етудегі ұлт зиялыларының рухани деңгейлері қалыптасып, тарихта өшпес мұраларды қалдырып отырған. Әр заманның өз нышаны, өз рәсімі бар. Бірақ, ол рәсім ұлттың болмысына бағынуы тиіс. Ұлттың рухының сақталуы әр ұрпақтан елдік пен жауапкершілікті қатар талап етіп отырса, адамға жауапкершілік ұғымы ұлттық тәрбиемен беріледі. Жыраулар даналығы ұрпақты елдікке тәрбиелеп, игілікке бағыттап отыратын дүние. Тұлға өсиетінің шындығымен айқындалып, көрсетіліп отыратын өмір шындығы даналықтың білімі арқылы халық түсінігіне жетеді, елді дұрыс жолға бағыттайды. Қазақ ойшылы Мәшһүр Жүсіп жазып кеткендей, қазақ ойшылдарының табиғатына тән сезімталдық, Майқы би тағылымынан бастап, қазақ даналығының бойында орын алып отырған. Алаш қозғалысы Кеңес өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – Тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды Қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. XX ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі – тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек.

Гүлназ ШӘКЕН.

Басқа материалдар

Back to top button