Жұмыспен қамту жүйелі
Біздің облыста бес мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр. Бірақ, жұмыспен қамту орталығында алты жарым мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Әсіресе, өндірістік салаға техникалық, жұмысшы мамандар әжептәуір тапшы болып отыр. Осы мақсатта Жұмыспен қамту орталығы көшпелі режиммен жұмысқа кірісті. Яғни, шалғай ауылдарға барып, бос жұмыс тізімін ұсынады. Аталған жобаның алғашқысы Бұқар жырау ауданынан басталды.
Төлеу Жалбыров Бұқар жырау ауданынан 50 шақырым қашықтықтағы «Белағаш» ауылында тұрады. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргеніне де біраз уақыт болыпты. Бүгін көшпелі жұмыспен қамту орталығына зор үмітпен келіп отыр.
«Бұған дейін үш жылдай «Ботақара Су» қожалығында слесарь болып жұмыс істедім. Қазір жұмыс керек болған соң қайта қарастырып жүрмін. Ауылда тұрған соң, жұмыс беруші аз. Ауданға шаруаммен келген едім, жұмыспен қамту орталығының көшпелі көлігін көзім шалып қалып, тіркеліп қойдым. Енді, хабар күтемін», – дейді орталыққа алғашқы жүгінушілердің бірі Төлеу ағамыз.
Жылжымалы жұмыспен қамту орталығы тоқсан сайын облыстағы шалғай ауылдарды аралап шығады. Мамандар тұрғындарға қандай бос жұмыс орындары бар екенін және мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіпті қалай ашуға болатыны жайлы мағлұмат береді. Бұл жолы Ботақара кентіндегі жылжымалы қызмет алғашқылардың бірі болып көп балалы ана Вера Копельге де жұмыс табуға көмектесті.
– Мен Ботақараға «Красная Нива» ауылынан шаруаларыммен келген едім. Ойламаған жерде мобильді жұмыспен қамту орнын көріп, кеңес алуға бел будым. Екі айға жуық жұмыссыз жүрген болатынмын, ал, біздің ауылда оны табу оңай емес. Маған қоғамдық жұмыстарды ұсынды, – дейді көпбалалы ана.
– Әрбір қала мен ауданда Жұмыспен қамту орталықтарының жанында Мобильді пункттер бар. Олар өз кестесі бойынша жақын маңдағы және шалғай ауылдарға барады. Халыққа жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып береді. Сондай-ақ, барлық жерде жұмыссыздар үшін бос орындар жәрмеңкесін өткіземіз. Бұл шаралардың артықшылығы – жұмыссыздардың бізге келуін күтпейміз, керісінше оларға жұмысты өзіміз ұсынамыз, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар.
Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс» жобасы аясында жүздеген жас маман жұмыспен қамтылды. Солардың бірі Юрий Гагарин атындағы орта мектепке қабылданған орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Татьяна Смайлова.
– Мен былтыр оқуды тәмамдап, жұмыспен қамту орталығына жүгінген едім. Осы мектепке жіберді. «Жастар практикасы» арқылы. Қазір үш ай уақыт өтті. Ардагер ұстаз Балапан Қаппасқызынан сабақ берудің түрлі тәсілін үйреніп жүрмін. Зейнетке шыққан соң, сол кісінің орнына қабылданамын. Ұстаз болу арманым еді. Бір табан жақын қалды. Әжем де, анам да мектепте мұғалім болған. Осындай жобаны ұсынған орталыққа шексіз ризашылығымды білдіремін, – дейді жас маман.
Жұмыссыздықты жою мақсатында аудандық жұмыспен қамту орталығы Ботақара мәдениет үйінде тағы бір жиын өткізді. Яғни, жұмыссыздар мен жұмыс беруші орган өкілдері кездесіп, пікір алмасып, өздеріне керек маманды таңдап алады. Бұл жолы бос жұмыс орындарын аудандық орталық аурухана, Recycling Company ЖШС, «Кузнецкий», «Сәт көмір» разрездері, Бұқар жырау агротехникалық колледжі, «Ботақара су қожалығы» КМК, Сары-Арқа әуежайының өкілдері ұсынды.
Айтпақшы, тағы бір жақсы жаңалық кәсіппен айналысуға бөлінетін грант көлемі былтыр 600 мың теңге шамасында болса, енді 1 млн. 200 мыңға дейін өсіпті. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасы арқылы біраз көпбалалы ана грант ұтып алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Сол кәсіпкерлердің қол өнерлері, және өндірген түрлі тәтті тағамдарын топтастырып, көрме де ұйымдастырыпты. Әсіресе, көп балалы ана Алмагүл Шағдабайқызының табиғи дәмдері көпшіліктің көңілінен шықты.
– Мемлекеттік грантқа аппарат, сепаратор және мұздатқыш сатып алдым. Қасымда көмекшім бар. Сүт өнімдеріне өзім әзірлеймін. Аудан тұрғындары сүт, айран, құрттың түр-түрін, қаймақ, май, сүзбе секілді өнімдерімді тұтынады. Тіпті, қалада да тұрақты тұтынушыларым бар. Грантқа сиыр сауатын, сүт тартатын, май шайқайтын аппарат алдым. Енді, сүт өнімдерін саудалайтын дүкен ашсам ба деген арманым бар, – дейді кәсіпкер апамыз.
Иә, ниет етсеңіз болды, «екі қолға бір күрек» табылары сөзсіз. Оған жұмыспен қамту орталығы көмек те, кепілдік те береді.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.
БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.