Жаңалықтар

Наурыз – жақсылық пен құт-береке бастауы

Сағына күткен Әз-Наурыз табалдырығымызды аттағалы тұр. Көгілдір көктемнің жан жадыратар жұпар иісі мен шуағын өзімен бірге ала келетін Наурыз мерекесі төрімізге жақындап қалды. Тарих қойнауына тағы бір жылымызды артқа тастап, жаңа жылға енбекпіз.

Наурыз – қаңқылдап қаздар келетін, ағаштар бүршік атып, Табиғат-Ана гүл көрпеге оранатын, төңірекке нұр шапағатын төгетін көктем айы. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз дана халқымызда қашанда еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жақсылықтың жаршысы, құт-береке бастауы, ырыс пен молшылықтың арқауы деп бағалаған. Наурыздың келуімен жер-дүние жаңарып, табиғат түлейді.

Бүгінде елімізде жүзден аса ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ортақ Отанымыздың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Елдің татулық пен келісімде өмір кешуі, барша азаматтардың тұрмысы мен тегіне қарамастан, тең құқыққа ие болуы, күн мен түн теңесіп, табиғатта, әлемде теңдік орнайтын Наурыздың қағидаттарына тура келеді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі елді бейбітшілік пен келісім жолындағы ырысы мол тұрақты қоғам құруға бағыттауға зор ықпалын тигізіп отыр. Бұл күні барша отандастарымыз Наурыздың салтына сай бірін-бірі ақ дастарханға шақырып, бойына қуат тілеп, ас тартып, жаңа жылда емен-жарқын араласады, өткен-кеткен өкпе-реніштің бәрін ұмытады. Бұл – ұлық мереке. Елдің басы бір арнаға тоғысып, бірлігі бекемделе түседі. Ағайын-туыс , көрші-қолаң, дос-жаран болып жұмылып, төс қағысып, ақ дастарқаннан дәм татады.

Бұл күні дастарханның басты тағамы Наурыз көже әзірленеді. Қазақ ырымға аса мән беретін халық қой. Наурыз көжеге су қосқаны: Өмір-өзен,ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек. Абайша айтқанда: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» демекші, «Сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай болайық» дегені екен. Екінші тұз қосады. Мұнда да зор мағына бар. Қашаннан сөзді қадірлеген қазақ ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. «Тұз – астың дәмін келтірер, мақал – сөздің мәнін келтірер» деп айтқан да халқымыз. «Бір-бірімізге дәмді сөздер айталық» деген мағынада ырымдаса керек. Одан кейін сүт немесе ақ құйғаны – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болсын дегені. Көңіліміз де ақ болсын деген таза ниеттен туған. «Ағы бардың – бағы бар» деп түсінетін қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген. Ал, құрт қосатын себебі – қуаттың көзі болсын, ел қуаты нығайсын, денсаулығы берік болсын деген ырымға негіздесе керек. Одан кейін қазақтың негізгі асы ет қосылады. «Қазан толсын, асар мол болсын» деген мақсатта «Ұзынсарыға» сақталған сүр етті тұтастай Наурыз көжеге салып қайнататын болған. Ендігі кезекте көжеге алтыншы дәм арпаны қосады. Жаратушы Алла: «Нанның ішіндегі ең жақсы нан – арпа наны. Кім оған қанағат қылса, ол соны тойдырады. Себебі, ол менің наным, барша Пайғамбардың наны» деген екен. Жетінші дән – күрішті де қосып жатады. Жалпы Наурыз көжеге дәнді дақыл пайдаланатыны «Бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын!» деген ниеттен туса керек. Олай болса, наурыз сайын әр қазақтың шаңырағында Наурыз көже сапырылсын!

Дастарқан аққа толып, елдің мерейі үстем болады, жер үстінде көктемгі шаттық орнайды. Халқымыз үшін бұл күн – қашанда ырыс пен ынтымақтың, татулық пен бірліктің, жастықтың және жаңғырудың мерекесі. Елдің тілегі айтылып, жаңғыруға бастайтын ұлы мерекеде халқымыздың ынтымағы жарасып, еліміз молшылыққа, ал әр шаңырақ бақыт пен шаттыққа толсын деген тілек тілеймін!

Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын! Жер бетінде жақсылық ұялататын күнді жақсы ниетпен қарсы алайық, достарым!

Перизат САТЫБАЛДИНА

С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның мұғалімі.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button