Танымдық көрме талғампаз ұрпақ үшін
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Болашақ таланттар» форумы аясында балаларға арналған «Мұражаймен танысыңыз!» атты шағын көрме ұйымдастырылды. Аталған көрмеге талантты 30 бала қатысып, көрме базарлығымен танысты.
Мұражайда балалар «Скетч Академия» көркемсурет студиясының «Скетч АРТ» және «Дизайн және білім беру: теория және тәжірибе» көрмелерін тамашалады. Мұндағы ұсынылған туындының басым көпшілігі ҚарУ түлектерінің жұмыстары.
– Мен Шахтинскіден келдім. Өмірімде алғаш рет осындай мұражайға келіп отырмын. Мұнда қойылған суреттер өте әдемі. Болашақта менің де суреттерім осында қойылғанын қалаймын, – дейді 12 жастағы көрме қонағы Полина Смолякова.
Сондай-ақ, олар үшін суретші Виктор Арент картиналарды рельефтерге айналдыру бойынша шеберлік сабағын өткізді. Бұл dara.kz қорымен бірлесе жүзеге асырылған көру қабілеті нашар және көзі көрмейтін адамдарға арналған контентті бейімдеу үшін ерекше қажеттіліктері бар жұмыс. Аталған жұмыс «Барлығына арналған өнер» жобасы аясында жасалған. Көрме соңында барлық қатысушыға шеберлік сабақтан өткені туралы сертификаттар берілді.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.