Байқау

Дәуренбек дүр сілкінтті

«Арқаға келіп, әншімін деме!» деп бекер айтылмаған. Арқаның ән мектебі өзіне тән иірімдері һәм табиғатымен бөлек. Наурыз мерекесі қарсаңында «Сарыарқаның жаңа есімдері» облыстық онлайн-байқауына қатысқан 60 талантты композитордың ән жазудағы өнерін тамашалап, тағы тәнті болдық. Бас жүлде – дәстүрлі әннің дүлдүлі, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері Дәуренбек ӘРКЕНОВКЕ бұйырды.

 

Бұдан бөлек, Дәуренбек ағамыз кәсіби музыкант, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солисі ретінде де танымал.

– Бұл менің осы бағыттағы байқауға алғашқы қатысуым. Өзім жазған 10 шақты әннің арасынан байқауға «Арқаның алтын аймағы» әнін жібердім. Сазы – менікі, өлеңі – ақын Қойлыбай Асановтікі. Туған өлкем, Қарағанды аймағы туралы ән жазғым келді. Сондықтан, ән мәтінінде кенді өлкенің аудандарының атауы мен көрнекті жерлестердің есімі болуы керек. Бұл ән 2018 жылы туған. Өнерім тыңдарманды бей-жай қалдырмады деп ойлаймын. Бұл – патриоттық ән. Оны Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің, ақтоғайлық «Тоқырауын толқыны» ансамблінің әншілері үлкен сахнада орындап жүр. Өзім де шырқаймын, – деді Дәуренбек Мақсұтбекұлы.

Музыкалық байқау 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында «Балалар әні», «Отан туралы ән» және «Еркін тақырып» атты 3 аталым бойынша өтті. Қатысушылардың көбі «Отан туралы ән» санатын таңдаған. Мұнда 28 әуесқой композитор сынға түсті.

Байқауға Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Осакаров, Ұлытау, Қарқаралы аудандарынан және Балқаш, Жезқазған, Шахтинск, Қарағанды қалаларынан барлығы 60 композитор қатысты.

Сонымен, «Отан туралы ән» аталымында I орынды – Амангелді Ахметжанов (Қарқаралы), II орынды – Жанболат Тәжібеков (Шет), III орынды – Қадыр Баймурзин (Балқаш) жеңіп алды.

Саран қаласынан келген Татьяна Стрельчук, Шет ауданынан қатысқан Диас Алпамышев пен Ғалымжан Қалиақпаров дипломант атанды.

«Балалар әні» номинациясында I орынға – Есжан Әміров (Қарағанды), II орынға – Жанат Қашқынбеков (Қарағанды), III орынға – Матқұлбек Маясаров (Қарағанды) ие болса, қарқаралылық Әлімжан Мәкенов дипломант деп танылды.

«Еркін тақырып» аталымында I орын – Сапарғали Боранбаевқа (Қарағанды),

II орын – Жалын Сыздықовқа (Жаңаарқа), III орын – Наурызбай Бейсекеевке (Ақтоғай) бұйырды.

Балқаштық Наталья Мильбрант һәм қарағандылық Сұлтан Молдабеков дипломанттар қатарын толықтырды.

Байқау гала-концертпен аяқталды. Онда шығармашылық іріктеуге қатысушы композиторлардың әндері орындалып, жаңа есімдер мәлім болды. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button