Жаңалықтар

Апамның машинкасы

Ол кезде мен бала едім, апам Ақлима ҚУАНБАЕВА жастау болатын. Әке-шешеміз қызмет бабымен жүріп, таң бозымен кетіп, кешкілік бірақ қайтатын, бет-жүзін көре бермейтінбіз. Кеңес дәуірі. Соғыста бір қолын беріп келген атам («Жәжә» дейтінбіз) еңбекқор адам болатын. Өзі салған үлкен үйі, бірнеше отбасы топтасқан базарлы шаңырақ, қызығы мен қуанышы бәрімізге де ортақ ұя еді. Бұл ұяда атаның мейіріне, әженің қамқорлығына тойып өстік.

Суреттер автордан

Жеті жасыма дейін апам мен атамның қасында жаттым. Үлкен бір бөлмеде бесіктегісі һәм емшектегісі бар ұзыннанұзақ жер төсекте мен атамның жанында, қалғандары апаның қарамағында жататын. Сол жасқа дейін әкенің, шешенің кім екенін білмей, «аға», «тәте» деп, айналайын апамның тәрбиесінде болдық. Апамның сол кездегі бейнесі әлі көз алдымда. Арық ашаң кемпір, тарамысты мықты саусақтар, ұзын етек көйлек, кемзал немесе бие, сиыр сауып, мал жайлап, тері илеп, көн тігіп отырған, жүн түтіп, арқан ескен, жіп иіріп, алаша тоқып, оюлап сырмақ тігіп отырған апам.

Қазақ әйелі нені білу керек болса, апам соның бәрін білетін. Қазақ әйелінің ғана емес, еразаматтың да әр ісін қара нардай қасқая көтеретін.
Шынымды айтсам, апаммен бірге сіңіскен зат – оның тігін машинасы. Осы машинка менің Қарлығаш әпкеммен жасты, 1956 жылы 30 келі жүнге айырбастап алған аса қымбат дүниесі. Қысқы күндері бір бума помази материал алып, апам барлығымызға бірдей өз көйлегінің фасонымен көйлек тігіп беретін. Жаңа жылдық кештерге костюмдер, ұлдарға жүн салып, сырып ботабай (біздің тілімізбен айтқанда) шалбар, жаңа туған нәрестеден бастап, ер жеткенше бәрімізге желетке, теріден түлкі малақай тігіп, кигізетін. Бұл машинка бізге, тіпті, бізге ғана емес, ертеректе әкелерімізге, бүкіл ауылға киім-кешек тіккен ескі машина еді.

Апамды іскерлігі үшін шөбересі, менің ұлым Нұрсұлтан «Тігін апа» деп атауынан-ақ біліңіз. Апамның атамыз марқұм Сабыржанға ұзатылуы да қызық. Апаны ФЗО-ға алып кетуге күнде шақыру келе беріпті. Содан, шешесі жылап-еңіреп алғашқы сөз салған, соғыста бір қолынан айырылып келген жетім жігітке қызын ұзатып жіберіпті. 1945 жыл 9 қарашада арбаға мінгесіп кете барған екен. Ол күнде беташар да айтылмаған, отқа май да құйылмаған. Есіктің алдында бір әйел, қораның ішінде бір әйел құртпен шашу шашқан. Тойдың бар ырымы сол болыпты..Қыстың түні ұзақ күндері, әке-шешеміз қонаққа кетіп, өзіміз ғана қалғанда, үйдегі пешке отты маздатып жағып, пештің жыртығынан саулаған жарық түсіп, ала көлеңкеленген қоңыр үйде отырып, апамның әңгімесін тыңдайтынбыз. Тегінде, ол кісі әңгімеге сараң, көп сөйлемейді. Тек өз ісімен ғана жүретін, қақ-соғы жоқ, инабатты жуас адам. Дүниеде өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін. Не болмаса, тірі пенденің бетіне «әй, сен сондайсың» деп қарамаған, тірі пендеге тілі тимеген, өгей әкеге, өгей ата-енеге сыйған, үлкеннің алғысын алған жан.

Апамның әңгімесінің негізі өз өмір тарихынан болатын. Өзінің өмірге келгені, бала кездегі аштық, ашаршылық нәубеті, ер жеткендегі соғыс жылдарының зұлматы, тұрмысқа шығуы бәрі-бәрі бізге қызық, ертегіден кем болмайтын.
Апамның қайсыбір мықтылығын айтып тауысайын. 94-ке келсе де, ине сабақтап, іс тігетін, шөберелерін әлі де әлдилеп, жатса-тұрса ұрпағының тілеуін тілейтін, әлі күнге көзәйнексіз кітап оқиды.

Қазір де апам – біздің ең үлкен байлығымыз, құнды қазынамыз, ақылшы әулиеміз, тілеуші батагөйіміз.

– Апам мықты ғой, – деймін мен жамандыққа қимай.

– Апам жүз жасайды. Апам әкесі көрмеген (бір әулеттің соңғы тұяғы), Жәжәм көрмеген күндердің есесі үшін жүз жасауы керек…

Айнұр ҚУАНБАЕВА.

Басқа материалдар

Back to top button