Баспасөз мәслихаты

Pfizer: балалар үшін де қауіпсіз

Коронавирусқа қарсы вакцина пайда болғаннан бері әлемде миллиардтаған адам егілді. Вакцина індеттен қорғап, вирус салдарынан болатын асқынуларды азайтты. Әрі өлім-жітім деңгейін төмендетті. Жаппай вакцинация, әсіресе, тәуекел тобындағы адамдарды қорғауға үлкен септігін тигізді. Енді, осы уақытқа дейін екпе алу мүмкіндігі болмаған топтар үшін де вакцинация қолжетімді. Pfizer вакцинасын балалар мен жасөспірімдерге, сонымен қатар, жүкті және бала емізетін әйелдерге қолдануға болады. Елге келген америкалық вакцина жайлы денсаулық сақтау саласының өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен арнайы баспасөз мәслихатында жан-жақты әңгімеледі.

Балалар мен жасөспірімдер вакцина алуда Pfizer вакцинасы қоғамның әлжуаз тобын – балаларды, жүкті әйелдерді коронавирус инфекциясынан қорғауға арналады. Ол – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған алғашқы вакциналардың бірі. Қазіргі таңда оны әлемнің 20 елінде жасөспірімдерді вакциналауға тиімді қолданып жатыр. Тіпті, Қытай 3 жастан, АҚШ 5 жастан бастап коронавирусқа қарсы екпе жасауда. Қытай биылғы жылдың қазан айынан бастап 3 жастан 17 жас аралығындағы 60 миллионнан астам бала мен жасөспірімді ексе, АҚШ-та бұл жас категориясына жататын 8 миллион бала мен жасөспірім вакцина алды. Айырмашылығы – вакцинасында. Қытайлықтар өз елінде шыққан вакцинаны, АҚШ Pfizer вакцинасын қолдануда. Канадалық 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 58%-ы вакцина алып үлгерді. Енді, мұндай мүмкіндік біздің елде де бар. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған вакцина бізде де қолжетімді болды. Ата-ана рұқсаты – міндетті Облыстың вакцинация қоймасына келіп түскен 40 950 доза «Комирнати» вакцинасының құжаттары дайындалып жатыр.

– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, вакциналау ерікті түрде және тегін жүргізіледі. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс бойынша кез келген медициналық шаралар, оның ішінде, вакцинация оны алушының келісімімен ғана салынады. 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді вакциналау олардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің рұқсатымен ғана жасалады. Одан бас тартқаны үшін ешқандай әкімшілік жаза тағайындалмайды. Вакцинацияны жасөспірім білім алатын жерде, не болмаса ата-анасы немесе заңды өкілдерінің қалауымен егу пунктінде жасатуға болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев.

Бұл ретте мектепті қарайтын медициналық мекеме онда отырған медициналық қызметкерлердің дайындықтан өтуін қамтамасыз етеді. Вакцинаны сақтау нұсқаулығына сәйкес -60-90 С° температуралық «АрселорМиттал Теміртау» АҚ демеушілігімен арнайы 97 тоңазытқыш сатып алынды. Сонымен бірге, вакцинаны тасымалдайтын 57 шағын құралдар да алынған. Мұндай тоңазытқыштар барлық қала мен аудандарға жеткізілді. Басқарма басшысының айтуынша, Pfizer вакцинасы Қарағанды қаласындағы 6 медициналық мекемеде және мектептерде салынатын болады. Вакцинация талаптары Вакцинация алдында және одан кейін орындалуы тиіс бірқатар талап бар. Мәселен, вакцинация алдында оны алатын жасөспірімнің денсаулығы жіті тексерілуі тиіс. Ата-анасына немесе заңды өкіліне толық ақпарат беріледі. Солардың ақпараттық келісімінен кейін ғана екпе жасалады. Екпеден кейін де жарты сағат дәрігердің бақылауында болады.

– Вакцинаның дәрілік құрамына немесе кез келген компонентіне аллергия, 12 жасқа дейінгі жас шектеуі және 16 аптаға дейінгі жүктілік қарсы көрсетілім болып табылады. Сонымен қатар, қандай да бір созылмалы ауру болса, ол асқынып тұрса, вакцинация жасау кейінге қалдырылады. Вакцина – екі дозалы. Біріншісін алғаннан кейін 21-28 күн өткеннен кейін екіншісін алады. Екпе алған адамды да, айналасындағыларды да қорғайды. Ұжымдық иммунитет қалыптастыруға негіз болады. Сонымен қатар, аталған вакцина ДДҰ тіркелгендіктен, оның толық курсын алғандар әлемнің кез келген еліне кедергісіз бара алады. Вакцина алар алдында ПТР тестілеу немесе антиденелерге анализ тапсырудың қажеті жоқ. Ал, ауырып жазылғандар, 6 ай өткеннен кейін денсаулық жағдайына қарай вакцина ала берсе болады, – деді Гамаль Сайлауұлы.

Басқарма басшысы кейінгі кезде үйде немесе жекеменшік клиникаларда емделушілердің бекітілген емдеу хаттамаларын сақтамай, тиісті деңгейде емделмейтіндерін атап өтті.

– Мұндай жағдайда емдеу шаралары ұзаққа созылып кетеді. Сондықтан, аурудың қандай да бір белгілері байқалған жағдайда кластерлік жүйе емханаларына қаралып, қажет жағдайда медициналық тексеру стационарына жату қажет. Коронавирус тыныс алу жүйесін ғана емес, қан-тамырлары жүйесін бұзады. Қазір дүниежүзілік ұйымдар індеттің қайта белең алғанын ескертуде. Сондықтан, біз де сіздерге, сақтық шараларын ұстанып, мүмкіндігінше вакцина алуға кеңес береміз, – деді Г.Тоқсамбаев.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button