Жаңалықтар

ЖАҚЫН ДА БОЛСА АЛЫС СУ диқанның күні қызығумен өтуде

Сәтбаев атындағы каналдың бойында отырған осакаровтық диқандар суға зәру. Қолсозым жердегі канал – жақын да болса алыс. Инфрақұрылымның қирап біткенінен арнаны керіп аққан тіршілік нәрі егістікке жетпей тұр. Және су тарифі жергілікті жұрт үшін қымбат. Дән сепкен ағайын бұл мәселені бірінші жыл айтып жүрген жоқ. Осакаров ауданындағы Молодежный кентіне арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты Шамиль ОСИНГЕ де мұңын шақты. Сондай-ақ, депутат жоғарыда аталған канал ұжымымен кездесті.

Шамиль Осинге агроөнеркәсіп кешеніндегі проблема ежелден таныс. Өзі де талай жылын егін шаруашылығына арнаған адам. Және бұған дейін Абай, Бұқар жырау аудандарында халықпен жүздесті. Сондықтан, кездесуде көтерілген мәселелердің барлығын жете білетін болып шықты.

Кейінгі жылдары Осакаров ауданы басшылығы суармалы жердің көлемін ұлғайтуға күш салуда. Егер, осыдан үш жыл бұрынғы жоспар жүзеге асып кеткенде, түгін тартсаң, майы шығатын Осакаров жұртының аузынан ақ май ағып отырар ма еді?!

Үш жыл бұрын ауданда 4600 гектар суармалы жерді кәдеге жарату бойынша бағдарлама іске қосылды. Әр диқан өз еншісіндегі жердің техникалық төлқұжатын, мемлекеттік актісін дайындап, алаөкпе болды. Алдын ала жасалған келісімге сәйкес, Ислам банкі мен Дүниежүзілік банкінің қаржысына каналдан су желісі тартылуы тиіс-ті. Бұл желінің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау, тұрғызу, соңыра оған қызмет көрсету «Қазсушар» РМК-не міндеттелді. Обалы нешік, ә деген бетте екпіндеп берген іс жүре келе сиырқұйымшақтанып, су аяғы – құрдым болды. Себеп – қаржы бөлінбей, Үкіметтен де Осакаров диқандарына су жеткізіп беретін басы артық тиын-тебен табылмады. Ал, жер емген ағайын үш жылдан бері келіп-кеткен кісіге назын айтып, құжаттарын қолдарында ұстап жүр. Егер, сол 4600 гектар қолданысқа енгенде, бүгінде Осакаров ауданындағы суармалы жер көлемі 1000 гектар емес, 6000 гектарға жуықтайтын еді.

Аудан әкімі Нұркен Қобжановтың айтуынша, суармалы алқапты ұлғайтуға, тек, сол инфрақұрылымның жоқтығы кедергі келтіруде.

Кеңес уағында канал бойында 36 мың гектар суармалы егістік болды. Бұл – бір ғана Осакаров ауданындағы көрсеткіш. Кейін барлық желі тозып, ескіріп, қирап бітті. Шаруалар қолсозым жердегі суға қызыға қараумен күн өткізуде, – дейді аудан әкімі.

Дегенмен, суды өз күшімен тартып алуға да ниетті шаруашылықтар бар. Тек, бұл жұмысты жүргізу механизмі мен су тарифі диқандар көңілінен шықпайды.

Біз қазір су желісін өз қаражатымызға салуға келісіп отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Тек, түсініксіз жайт – салынған жүйені кейін кімнің балансына тапсырамыз? Келешекте кім бізге су жеткізу бойынша қызмет көрсетеді? Тағы бір мәселе – судың құны қалтаны қағады. Бұл орайда дифференциалды тариф жүйесін енгізу қажет деп ойлаймын, – деді «Бірлік Агро Инвест» ЖШС директоры Павел Михайлов.

Өз кезегінде «Қ.Сәтбаев атындағы канал» РМК Қарағанды филиалының басшысы Дулат Экзеков су тарифі қызметіне қарай өзгеріп отыратынына тоқталды.

Қазір су тарифі 27 теңгені құрайды. Яғни, каналдан 1 текше метр су 27 теңгеден жіберіледі. Тиісінше, егістікке жеткенше қымбаттайды. Алысқа апарсақ, көбірек төлейсіз. Тариф құнына қатысты мәселе бізге мәлім. Келешекте бұл мәселе шешілетініне сенімдімін, – деді Дулат Тұрсынұлы. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық жүйені тұрғызу, кейін оны күтіп-ұстау жұмыстарын канал әкімшілігімен бірлесе отырып нақтылау қажеттігін атап өтті.

Көтерілген мәселені түртіп алған депутат жоғары деңгейде келіссөздер жүргізуге уәде берді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын субсидияландырудағы олқылықтарды, жайылымдық жерлер тапшылығын жою бағытында Мәжілісте ауыз толтырып айтарлықтай шаруа жүріп жатқанын айтты. Жеңілдетілген несие беру тәртібі де көңілінен шықпайтынын жеткізді.

– Мәселен, сіз ауылда тұрасыз, несие алып, мал басын көбейткіңіз келеді. Бірақ, банктің талаптары сіздің жоспарыңыздың күл-талқанын шығаруы мүмкін. Несие алу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қоюыңыз керек. Көбінесе, банк ауылдағы жылжымайтын мүлікті кепілге алмайды. Өйткені, арзан. Қалалық жерде болуын талап етеді. Егер, сіздің қалада үйіңіз, басқа да мүлкіңіз болмаса, несиеден күдер үзіңіз. Міне, біз осы талаптарды өзгертуге күш салып жатырмыз, – деді Шамиль Абзалетдинович.

Депутат ауылдық жерлердегі кәсіпорындар ашу, ауыл шаруашылығы нысандарын көбейту жұмыссыздықты ауыздықтауға зор ықпал ететінін сөз етті. Әсіресе, жұмыссыз жастардың қатарын кемітуге көп көмек тигізетініне сенім білдірді. Сол себепті, бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет ауылдық елді мекендерде жұмыс орындарын құруға ерекше қарқынмен кіріскенін қуана жеткізді. Ол үшін, әрине, алдымен ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды жеделдетіп шешу қажет.

Агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен кездескеннен кейін депутат «Қ.Сәтбаев атындағы канал» РМК Қарағанды филиалының ұжымымен жүздесті. Емен-жарқын отырыста ұжым мүшелері кент өмірі үшін өзекті мәселелерді көтерді. Соның бірі – Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істемейді. Электронды жүйеде берілмейтін кейбір анықтама үшін 80 шақырым жердегі Осакаровкаға баруға мәжбүр. Ал, Молодежныйдан 80-90 шақырым қашықтағы ауылдар тұрғындары жарты күнін жолда өткізеді.

Кентте МРТ аппараты да жоқ. Қазіргі індет жайлаған кезеңде бұл аппараттың өте қажет болып тұрғанын айтты тұрғындар.

Бұдан бөлек, Қарағанды, аудан орталығы арасындағы жол сапасы, канал жағдайын жақсарту мәселесі қатысушылар тарапынан ұсынылды. Шамиль Абзалетдинович бірқатар мәселемен таныс екенін айтып, шешуге атсалысатынын жеткізді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суретті түсірген Фархат КИНЖИТАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button