ПМПК – бағдар орны
«Балаларға ерекше көңіл бөлу керек. Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тексеретін психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес қатары толықты. Алғыс айту күнінде облыс бойынша осындай бесінші кеңес ашылып, балаларды қабылдауды бастап кетті.
Қарағандыда №88 жалпы білім беретін мектеп базасында ашылған ПМПК Әлихан Бөкейхан атындағы ауданының 60 мың баласын қабылдай алады. Дегенмен, мұндағы мамандар қаланың басқа аудандарынан да келген балаларды қабылдаусыз қайтармайтындарын айтуда.
Сонда «Орбитадағы» №1 ПМПК-ға баратындар кезегі айтарлықтай азаймақ. Негізінен жылына жаңадан келетін балалардың саны 2 мыңның айналасында. Мәселесі толығымен шешілмеген жағдайда бір баланың төрт рет кеңес алуға мүмкіндігі бар.
Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Людмила Гавриленконың айтуынша, аймақтағы балалардың барлығын қамту үшін осындай 8 мекеме керек екен.
– Осы ашылғаны – бесінші. Шахтинск қаласында алтыншысы ашылуы тиіс. Жетіншісі келесі жылы Майқұдықта ашылады деп жоспарланған. ПМПК арнайы білім беру ұйымы ретінде балаларды тексеріп, денсаулығындағы ақауларды анықтайды, тиісті кеңес береді. Баланың жағдайына қарай әрі қарайғы даму бағытын, білім беру қажеттіліктері мен оларды орындау мүмкіндіктерін бағамдайды. Мәселен, ол арнайы балабақшаға, инклюзивтік топтар, оңалту орталықтары – дейді маман.
Ата-аналар психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қабылдауына өздері немесе денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау сияқты мекемелерінің жолдамасымен malahit24.kz арқылы алдын ала жазылады.
Баланың денсаулығын неғұрлым ертерек тексеріп, даму бағдарын анықтаса баланың болашағына оң өзгеріс әкелмек. Білім беру мекемесінде бала үшін қажеттінің бәрі бар. Ерте, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кабинеттерде балаларды тексеру және кеңес беру үшін заманауи диагностикалық әдістемелер қолданылады. 0 мен 18 жас аралығындағы мыңға жуық бала тексеріліп, кеңес ала алады.
Мамандардың айтуынша, облыста 31 арнайы мекеме: 3 балабақша, 11 коррекция кабинеті, 2 реабилитациялық орталық, денсаулығында ақауы бар балаларға арналған 10 интернат жұмыс істейді.
– Кейінгі кездері балалар арасында психо-неврологиялық бағыттағы ауытқулар, көру, сөйлеу жағынан ақаулар жиі кездеседі. Ата-ана баланың бойында қандай да бір өзгерістерді, назар аудартатын ауытқуларды байқаса бірден келгені дұрыс. Мұндағы мамандар тиісті кеңес береді. Бұл бағытта мемлекеттік көмек көрсететін мамандарымыз жеткілікті. Алайда, медициналық Невропатолог, психиатр сияқты мамандарға тапшылық бар. Бірақ, біз бұл мәселені қолға алып жатырмыз, – дейді Л.Гавриленко.
Облыс ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны жағынан республика бойынша алдыңғы орындарда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста 400 мыңнан астам бала болса, соның 14 мыңға жуығында ерекше білім беру қажеттіліктері бар. Олардың әрқайсының болашағын жақсырақ ету үшін осындай қызмет керек. Себебі, баланың жайын ертерек анықтау бірінші кезекте.
Мұнда алғаш рет келген Алуа Жұмабаева тиісті барлық мамандарға кіріп шығыпты. Енді, олардың қорытындысын күтіп отыр. Қорытынды баласының болашағын айқындауға көмектеседі.
– Балам 5 жаста, құлағы естімейді. Бұл туғаннан болған. Бірақ, біз оны 3,5 жасында бір-ақ аңғардық. Атын атап шақырса, қарамайды, көлікке назар аудармайды, жалпы, ешқандай дыбысқа жауап қатпайды. Естімегеннен кейін сөйлей де алмайды. Соны білген бойда қаралдық, Нұр-Сұлтан қаласына барып ота жасаттық. Қазір жағдайы ептеп жақсарып келеді, сурдопедагогтың көмегіне жүгінеміз. Нәтижесі бар, ептеп сөйлейді. Өзіміз Балқаштанбыз. Ол жақта мұндай мамандар жоқ. Осы баланың емі үшін бір жылдан асты осындамыз. Биыл даярлық сыныбына барамыз. Пришахтинскіде интернат бар екен, соған жолдама берсе, жақсы болушы еді, – дейді А.Жұмабаева.
Балалардың психологиялық-медициналық-педагогикалық қызметке деген қажеттілігі әлі де бар. Алдағы уақытта ашылатын екі ПМПК бұл қажеттілікті толығымен жояды. Мамандар солай деп отыр.
Жансая ОМАРБЕК.